1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Сұрақтар 401 сұрақ

Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызмет лицензиялануы тиіс пе?

Санат: Валюталық операциялар

Қазақстанда заңнама талаптарына сәйкес қызметтің мынадай түрлері лицензиялануы тиіс:

  1. қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы жүзеге асыру және қызмет көрсету (баж салығынсыз сауда дүкені – duty free shop) (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы жүзеге асыруды және қызмет көрсетуді лицензиялау ережесін бекіту туралы» 2005 жылғы 15 қыркүйектегі № 115 қаулысы);
  2. уәкілетті ұйымдармен шетел валютасымен жүргізілетін айырбастау операцияларын ұйымдастыру (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының  «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 27 қазандағы № 106 қаулысы.

Уәкілетті ұйымды құру тәртібі мен рәсімі

Санат: Валюталық операциялар

Шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының №57-III Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабында көзделген, оның ішінде резидентте ҚР Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияның және оған уәкілетті ұйымның айырбастау пункті (пункттері) көрсетілетін қосымшаның (қосымшалардың) негізінде өздерінің айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырады сондай-ақ уәкілетті ұйымның біліктілік талаптарына сәйкес келуі, оның ішінде айырбастау пунктінің саны ескеріле отырып, ақшалай нысандағы жарғылық капиталды қалыптастыру үшін Ұлттық Банк белгіленген мөлшерден төмен емес мөлшердегі ақшалай нысандағы жарғылық капиталдың болуы.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 144 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережесінің (бұдан әрі – Ереже)
3-тармағына сәйкес уәкілетті ұйым жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылады.

Ереженің 4-тармағына сәйкес осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резиденттері және резиденттері емес жеке және заңды тұлғалары уәкілетті ұйымның құрылтайшылары болып табылады.

Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданған уәкілетті ұйымның құрылтайшысы (құрылтайшыларының бірі) болып табылатын тұлға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының (бұдан әрі – Ұлттық Банк филиалы) тиісті шешімінің күнінен бастап үш жыл өткенге дейін уәкілетті ұйымның құрылтайшысы (құрылтайшыларының бірі) бола алмайды.

Уәкілетті ұйымдарды құру тәртібі, сондай-ақ айырбастау пунктін лицензиялау және тіркеу рәсімі, сондай-ақ қажетті құжаттар тізбесі Қағидаларда көзделген, оның мәтіні Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында мына мекенжай  бойынша орналасқан:  www.nationalbank.kz → «Нормативтік құқықтық база»  → «ҚР Заңдары және ҚҰБ НҚА» → «Валюталық реттеу және валюталық бақылау» → «Қағидалар».

Толық ақпарат алу қажет болған кезде Сіз құрылғалы отырған уәкілетті ұйымның орналасқан жері бойынша Ұлттық Банктің  аумақтық филиалына жүгіне аласыз.

Аумақтық филиалдардың орналасқан жері туралы ақпарат және байланыс деректері Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында мына мекенжай бойынша орналасқан: www.nationalbank.kz → «Ұлттық Банк туралы» → «ҚҰБ құрылымы» → «Филиалдар» → «Аумақтық филиалдар».

Мен, Қазақстан азаматы, өзімнің шет елдегі туыстарыма шетел валютасымен белгілі бір ақша сомасын аударғым келеді, қандай да бір шектеулер бар ма?

Санат: Валюталық операциялар

«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР Заңының 13-бабының 9) тармақшасына сәйкес, жеке тұлғалардың ақшаны өтеусіз аударуын немесе валюталық құндылықтарды жеке тұлғаларға өтеусіз беруін қоспағанда, резиденттер арасында валюталық операцияларға тыйым салынады. Бұдан басқа, Заңның 16-бабының 3-тармағында резидент және резидент емес жеке тұлғалардың уәкілетті банктерде шот ашпай-ақ белгіленген сома шегінде мыналарды:

  1. Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өтеусіз ақша аударымдарын (салықтық, лицензиялық төлемдерді, айыппұлдарды, мұрагерлік сома аударымдарын, алименттерді, гранттарды және басқаларын);
  2. Қазақстан Республикасынан жеке тұлғаның кәсіпкерлiк қызметтi жүзеге асыруына байланысты емес және осы Заңға сәйкес оған қатысты келісімшарттың есептік нөмірін алу, тiркеу, хабарлау талабы белгіленбеген өзге де ақша аударымдарын жүзеге асыруға құқылы екендігі айқындалған.

Бұл ретте ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 154 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру Қағидаларының (әрі қарай – Қағидалар) 7-тармағына сәйкес, валюталық операциялар бойынша ақша төлемдерін және (немесе) аударымдарын уәкілетті банктер арқылы жүргізген кезде резидент (резидент емес) уәкілетті банкке мынадай құжаттар ұсынады:

  1. жеке басын куәландыратын құжат (жеке тұлғалар үшін);
  2. егер болса, Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжат (жеке тұлғалар – шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар үшін);
  3. Қазақстан Республикасында мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе куәлік (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге тиіс резидент заңды тұлғалар үшін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептік тіркеуге тиіс резидент емес филиалдар (өкілдіктер) үшін), осындай құжат бұрын ұсынылмаған не өзгерген жағдайда;
  4. Қағидалардың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, валюталық шарт. Егер валюталық шарт экспортпен немесе импортпен байланысты және келісімшарттың есептік нөмірін алуды талап етсе, валюталық шарттың түпнұсқасы немесе оның келісімшарттың есептік нөмірін алғандығы туралы белгісі бар көшірмесі;
  5. Қағидаларда көзделген жағдайларда тіркеу куәлігі, хабарлама туралы куәлік;
  6. экспортпен немесе импортпен байланысты мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын растайтын не орындау қажеттігіне негіз болатын құжаттар немесе олардың көшірмелері.

Жеке тұлғаның Қағидалардың 7-тармағының 6) тармақшасына, сондай-ақ Қағидалардың 7-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жеке тұлғалар – резидент еместер үшін талап етілетін құжаттарды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті банк ақша төлемін және (немесе) аударымын (ақша беруді немесе ақшаны есепке алуды) жеке тұлға осындай аударымның мақсатын көрсеткен және ақша аудару (ақша алу) жөніндегі тапсырмада (өтініште):

  1. құқық сақтау органдарына және Ұлттық Банкке олардың талап етуі бойынша уәкілетті банкке осы ақша төлемі және (немесе) аударымы туралы ақпарат беруді рұқсат ететін;
  2. осы ақша төлемінің және (немесе) аударымының жеке тұлғаның тіркеу куәлігін, хабарлама туралы куәлікті алуды, келісімшарттың есептік тіркеу нөмірін алуды қажет ететін валюталық операцияларды жүзеге асыруымен байланысты емес екендігін растайтын;
  3. осы ақша төлемі және (немесе) аударымының жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметімен байланысты емес екендігін (ақшаны уәкілетті банкте шот ашпай-ақ аударған кезде) растайтын жасаған немесе растайтын жазбалары болған кезде ғана жүргізеді.

Менде мыжылған және жыртылған шетел валютасының банкноттары бар. Көрсетілген банкноттарды мен қай жерде және қандай тәртіппен айырбастай аламын?

Санат: Валюталық операциялар

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 144 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру  ережесі (бұдан әрі-Ереже) мынадай: «айналысқа  жарамды», «айналысқа жарамсыз» және «төлемге жарамайтын» банкноттардың түрін айқындайды.

Ереженің 48-бабына сәйкес мынадай бүлінулері бар:

  1. қырылған және ласталған;
  2. желімделген жыртық бұрыштары немесе бөлігі бар (көлемі 1-2 шаршы сантиметрден аспайтын) егер жыртылған бөліктері сөзсіз осы банкноттікі болса;
  3. желімделген жыртықтары бар, егер олар банкнот енінің (ұзындығының) төрттен бір бөлігінен аспаса;
  4. ұсақ майлы және басқа дақтары, жазбалар және мөртабандардың таңбасы бар (банкноттың өтелгені туралы немесе түпнұсқа емес немесе үлгі болып табылатыны туралы растайтын мөртабандардан басқа), егер олар банкноттардың түпнұсқалығын айқындауға кедергі жасамаған және осы тармақта көрсетілген айналысқа жарамды заңды төлем құралының негізгі белгілерінің бірін едәуір дәрежеде (50 пайыздан астам) жаппаса;
  5. диаметрі 0,5 миллиметрден аспайтын тесіктері бар банкноттар айналысқа жарамды заңды төлем құралдары болып танылады

Осылайша, Ереженің 48-тармағында көрсетілген бүлінулер болған кезде купюра айналысқа жарамды деп танылады.

«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы № 57-III Заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында шетел валютасын сатуды және сатып алуды резиденттер мен резидент еместер шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктерден, осындай уәкілетті банктердің айырбастау пункттері, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың  айырбастау пункттері (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) арқылы ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен жүргізеді.

Сонымен, егер банкноттар айналысқа жарамды болып табылса, оларды ауыстыру үшін екінші деңгейдегі банктердің немесе уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттеріне өтініш жасауыңызға болады.

Ереженің 49-тармағына сәйкес банкноталар Ереженің 48-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмесе және (немесе) мынадай бүлінулері бар болса олар айналысқа жарамсыз болып танылады:

  1. бөлшектеліп жыртылған және желімделген;
  2. бастапқы түсін жоғалтқан немесе оңып кеткен;
  3. жанған немесе күйдірілген;
  4. тұтас немесе едәуір дәрежеде (айналысқа жарамды заңды төлем құралының негізгі белгілерінің бірін 50 пайыздан астамы) бояу, сия, май төгілген;
  5. химиялық реактивтердің, оның ішінде ультракүлгін сәуле түсінгенде қағаздың жалтырауына әкеп соғатын реактивтердің әсеріне ұшыраған;
  6. қасақана сипаттағы едәуір бүлінуі (негізгі суреттері, атап айтқанда адамдардың суреттері өзгерген, қорғаныш жібі жойылған, едәуір жазбалардың болуы, оның ішінде ультракүлгін сәуле түсіргенде көрінетін);
  7. баспадан кеткен анық ақауы бар банкнота (сутамғы белгілердің немесе қорғаныш жіптің болмауы немесе дұрыс орналаспауы, бейнелердің басылмауы немесе майлануы);
  8. геометриялық өлшемдердің азаюы жағына және сол сияқты ұлғаюы жағына қарай 3 (үш) миллиметерден көп өзгеруі.

Тиісті шет мемлекеттің эмитент банкі жариялаған күннен кейін айналыстан шығарылған банкноталары төлем жасауға қабілетсіз ретінде танылады.

Төлем жасауға болмайтын, сондай-ақ айналысқа жарамсыз банкноттарды сатып алуды және ауыстыруды екінші деңгейдегі банктер және Ұлттық почта операторы ғана жүзеге асырады.

Төлем жасауға болмайтын, сондай-ақ айналысқа жарамсыз банкноттарды сатып алу және ауыстыру бойынша операция инкассалық операция болып табылады. Шетел валюталарының төлем жасауға болмайтын немесе айналысқа жарамсыз банкноталарын инкассоға қабылдау Ұлттық Банк айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады. Екінші деңгейдегі банктер және Ұлттық почта операторы клиенттерге комиссиялық сыйақының мөлшері (клиенттің барлық шығыстары кіретін) және эмитент банктердің көрсетілген банкноттарды айырбастаудан бас тарту мүмкіндігі, сондай-ақ клиенттен инкассоның талаптарына жазбаша келісім алу туралы ескертеді. Эмитент банк (шетел банкі) шетел валютасын айырбастаудан бас тартқан жағдайда екінші деңгейдегі банктер және Ұлттық почта операторы клиентке тиісті растайтын құжаттар ұсынады.

Төлем жасауға болмайтын немесе айналысқа жарамсыз банкноттарды ауыстыру, сатып алу, инкассоға қабылдау үшін комиссиялық сыйақыны екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық почта операторы дербес белгілейді, бірақ айырбастауға (сатып алуға, инкассоға қабылдауға) ұсынылатын банкноттардың номиналдық құнының 10 (он) пайызынан аспауы тиіс.

Жоғарыда жазылған негізінде, егер банкноттар айналысқа жарамсыз немесе төлем жасауға болмайтын болып табылған жағдайда, Сіз Ереженің 49-тармағына сәйкес купюраларды инкассоға қабылдау үшін екінші деңгейдегі банкке немесе Ұлттық почта операторына жүгінуіңіз керек.

Венесуэла боливарын айырбастау туралы

Санат: Валюталық операциялар

«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 17-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында шетел валютасын сатуды және сатып алуды резиденттер мен резидент еместер шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктерден, осындай уәкілетті банктердің айырбастау пункттері, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері арқылы ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен жүргізеді.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар заңды тұлға жұмыс істеуге тиіс шетел валютасының тізбесіне қойылатын талаптардың белгіленбегенін атап өтеміз. Қазақстандық айырбастау пункттері жұмыс істейтін валюталардың түрлері, сұраныс пен ұсыныс арақатынасымен айқындалады. Әдетте, бұл банктерімен Қазақстан банктерінің корреспонденттік қатынастары орнатылған елдердің валюталары. Банктік емес заңды тұлғалар болған жағдайда, осы тізбе өңірлік ерекшеліктер есебінен, жергілікті валюталар айналымы кейбір өңірде (мысалы: трансшекаралық аймақтар, ірі кедендік өткелдер және т.б.) «экзотикалық» валюталармен айырбастау операцияларын жүргізуден кірістер алуға мүмкіндік беретін кезде кеңейтілуі мүмкін.

Венесуэла боливарына қатысты төмендегіні назарға қабылдау қажет. Венесуэла Үкіметінің 2015 жылғы ақпандағы еркін валюта айырбастау нарығын құру және бағамды сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптастыру туралы хабарламасына қарамастан, елде валюталық сауда-саттық жүргізу кезінде, бағамдардың көп болуы, сондай-ақ, валюта айырбастаудың «қара» нарығы сақталып отыр. Осы жағдайда Венесуэла боливарын айырбастау бойынша алыпсатарлық және алаяқтық операциялар қаупі күрт өсуі мүмкін.

Венесуэла боливарының іс жүзінде шектеулі конвертациялануынан және осы елмен халықаралық операциялардың шамалы айналымын ескере отырып, Қазақстан банктерінің Венесуэла банктерімен корреспонденттік қарым-қатынастары жоқ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жеке тұлғалармен жұмыс істемейтінін, оларға шетел валютасын сатпайтынын және олардан сатып алмайтынын, Венесуэла боливарын сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын айырбастау пункттері туралы мәліметтердің жоқ екенін қосымша атап өтеміз.

Халық теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамына бейімделді ме? Ұлттық Банк халықтың көңілін қалай да бір зерттей ме, көптеген адамдар девальвация қайталанады деп қорқады ғой? Осындай күтулерге негіз бар ма?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Ұлттық Банк елдегі инфляциялық және девальвациялық күтулерге үнемі зерттеу жүргізеді. Халық арасында жүргізілген пікіртерім халықтың көңілі біртіндеп тұрақтанғанын және теріс күтудің елеулі түрде төмендегенін көрсетеді. Біз жүйелі негізде айырбастау бағамының деңгейіне ықпал ететін факторларға қатысты кеңінен түсіндірме жұмысын жүргіземіз және бүгінгі күні қазақстандықтар оларды өздігінше қадағалай алады және тиісті шешім қабылдай алады.

Базалық мөлшерлеме мен қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің арасында қандай айырмашылық бар?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Ақша-кредит саясаты режімінің өзгеруі және инфляциялық таргеттеуге көшу Ұлттық Банк құралдарының, әсіресе қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің рөлі мен орнын айтарлықтай ауыстырады. Ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде ақшаның құнын реттеу бойынша операциялар және тиісінше, базалық мөлшерлеме алдыңғы қатарға шығады, ал бұрын өтімділіктің деңгейін реттеу үшін пайдаланылған қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің рөлі фискалдық функциялар жағына қарай ауысады.

Мәселен, базалық мөлшерлеме Ұлттық Банктің ақша нарығындағы бір күндік операциялар бойынша нысаналы мөлшерлемесі немесе басқаша айтқанда, нарықтық мөлшерлемелер үшін Ұлттық Банк инфляция бойынша мақсатына жететін бағдар болып табылады. Базалық мөлшерлеменің өзгеруі экономикадағы теңге қаражатының құнына және салдары ретінде инфляцияға ықпал етеді. Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде инфляция және халықтың инфляциялық күтулер бойынша нақты және болжамдық көрсеткіштер ескеріледі, сыртқы және ішкі нарықтардағы инфляциялық тәуекелдерге және қаржы жүйесінің тұрақтылық тәуекелдеріне әсер ететін трендтер қаралады.

Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі қазіргі кезде шығынды өтеу, жіберіп алынған пайданы есептеу үшін өсімпұлдар, айыппұлдар есептеу кезінде ғана пайдаланылады, бұл ретте осы функция оған бұрын да тән болды. Сондықтан оны Ұлттық Банктің белгілеуі тарихи дәстүрді көрсетеді.

Қандай сыртқы және ішкі факторлар кезінде девальвация қайталануы мүмкін?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Девальвация айырбастау бағамы ұзақ уақыт шамамен бір деңгейде тұрақты ұсталып тұратын белгіленген валюталық режімінде орын алады. Девальвация айырбастау бағамының негізгі факторлардың өзгерісіне ден қоймауы нәтижесінде жинақталған экономикадағы теңгерімсіздіктерді бір кезде жоюға мүмкіндік береді. Еркін өзгермелі режім кезінде сыртқы күйзелістер жоғарыда аталған теңгерімсіздіктерді жинақтамай, айырбастау бағамы өзгеруімен бірден реттеледі. Айырбастау бағамының барынша қалыпты, шамасы аздаған болатын нығаю жағына сияқты әлсіреу жағына да құбылмалығы қалыпты жағдай болып табылады.

Инфляцияның түрлі (айлық, жыл басынан бергі, жылдық орташа жылдық) көрсеткіштері арасындағы айырмашылық қандай?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Айлық инфляция баға деңгейінің  бір ай ішінде өзгеруі (өткен айға қарағанда есепті айда).

Тоқсандық инфляция баға деңгейінің күнтізбелік үш ай ішіндеөзгеруі.

Жыл басынан бергі инфляция жыл басынан бастап өткен айлар ішінде баға деңгейінің өзгеруі (есепті айдағы баға деңгейінің өткен жылғы желтоқсандағы баға деңгейіне қатынасы).

Жылдық инфляция баға деңгейінің соңғы 12 айда өзгеруі (есепті айдағы баға деңгейінің өткен жылдың осындай айындағы баға деңгейіне қатынасы)

Орташа жылдық инфляция –  12 айлық кезең ішінде бағаның орташа= деңгейінің алдыңғы 12 айлық кезеңдегі бағаның орташа деңгейіне  қатынасы бойынша өзгеруі.

Мысалы:

2016 жылғы қыркүйекте айлық инфляция 0,2% (2016 жылғы тамызға қыркүйекте) болды. Тоқсандық инфляция 2016 жылғы үшінші тоқсанда  0,9% (шілде, тамыз, қыркүйек үшін инфляция) болды.

2016 жылғы қыркүйекте жыл басынан бергі инфляция 5,6% (9 айдағы  инфляция – қаңтардан қыркүйек аралығы) болды.

Жылдық инфляция 2016 жылғы қыркүйекте 16,6% болды. Бұл көрсеткіш 12 айлық кезеңдегі өзгерісті көрсетеді (2015 жылғы  қазан – 2016 жылғы қыркүйек).

Орташа жылдық инфляция 2016 жылғы қыркүйекте 15,2% (2015 қазан – 2016 қыркүйек аралығындағы кезең үшін 2014 қазан - 2015 қыркүйек аралығындағы кезеңге инфляция) болды, демек есепке айлық инфляцияның 24 мәні алынады.

Қазақстанда инфляция қалай өлшенеді?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Қазақстанда инфляция тұтыну бағаларының индексімен (бұдан әрі ТБИ) өлшенеді. ТБИ-ды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика  министрлігінің Статистика комитеті есептейді.

ТБИ халықтың жеке тұтынуы үшін сатып алатын тауарлар мен қызметтердің белгіленген қоржыны бағасының орташа деңгейінің уақыт аралығындағы өзгеруін көрсетеді. Инфляцияны есептеу  үшін Қазақстанның тұтыну қоржыны үй шаруашылықтары шығыстарының құрылымын көрсетеді және халықтың тұтынуында айтарлықтай үлес салмағы бар тауарлар мен қызметтерді қамтиды.

Жоғарыға