1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2009 жылдың 12 ақпан күні Қазақстан ТМД мен Орталық Азияда ислам банкингі мен қаржы туралы заңды қабылдаған бірінші ел болды. Азаматтық және Салық кодекстеріне, Банктер және банк қызметі туралы, бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға және т.б. тиісті түзетулер енгізілді.

Исламдық қаржылық құралдарды енгізудегі негізгі өзгерістер Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер және банктік қызмет туралы» Заңына тиесілі. Бұл өзгерістер ислам банктерінің жұмыс істеуінің заңнамалық негізін қалауға, ислам банктерін енгізудегі шектеулерді жоюға, мемлекет тарапынан реттеу мен қадағалау тәсілдері мен әдістерін және ислам банктерінде операцияларды жүзеге асырудағы реті мен тізбесін анықтауға бағытталған.  

Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңына енгізілген өзгерістер ислам бағалы қағаздарын (сукук) шығару мен айналдыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы «Инвестициялық қорлар туралы» Заңына енгізілген өзгертулерге сәйкес Қазақстанда исламдық инвестициялық қорлар ашуға болады. Исламдық инвестициялық қорлардың акциялары мен пайлары сол сияқты «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңда ислам бағалы қағаздары ретінде қарастырылады.

Ислам бағалы қағаздарын шығару және Қазақстанның қор нарығына айналысқа жіберу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңы қабылданды. Осы Заңмен мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығаруға құқық беріледі, сондай-ақ ислам корпоративті бағалы қағаздарының эмитенттерінің  тізімі кеңейтілді.

Осылайша, ислам банктерінің қызметі мен ислам бағалы қағаздарын шығаруға негізгі талаптар орнатылды (пайыз түрінде сыйақы төлеу, ислам қағидаларына қайшы келетін қызметтерді қаржыландырмау, исламдық банктерде міндетті түрде Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңестің болуы, ислам бағалы қағаздарын шығаруда ислам арнайы қаржы компаниясының құрылуы). 

Ислам банктерінің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы мен өндірістік және саудалық қызметін жүзеге асыруда банктік қызметтен басқа қызметпен айналысуға шектеулер қойылмаған. Солайша, ислам банктеріне саудалық операцияларға қатысуға және өз клиенттерімен пайда мен шығындарды бөлісуге рұқсат етілген.

Сонымен қатар, келесідей ислам банктік өнімдер қарастырылған:

  • жеке және заңды тұлғалардан талап етуге дейінгі процентсіз депозиттерді  қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу;
  • жеке және заңды тұлғалардың инвестициялық депозиттерін қабылдау;
  • банктік заем операциялары: ислам банкінің мерзімділік, қайтарымдылық талаптары бойынша және сыйақы алмай ақшалай нысанда кредиттер беруі;
  • кәсіпкерлік қызметті мынадай түрде қаржыландыру:
    - коммерциялық кредитті бере отырып, сауда делдалы ретінде сауда қызметін қаржыландыру;
    - заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу жолымен және (немесе) әріптестік талаптары бойынша өндірістік және сауда қызметін қаржыландыру;
  • лизинг (жалдау) талаптары бойынша инвестициялық қызмет;
  • ислам банкінің банк операцияларын жүргізу кезіндегі агенттік.

Ислам бағалы қағаздарына:

  • ислам инвестициялық қорларының акциялары мен пайлары;
  • исламдық жалдау сертификаттары;
  • исламдық қатысу сертификаттары;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ислам бағалы қағаздары болып танылған өзге де бағалы қағаздар жатады.

Корпоративті ислам бағалы қағаздарының эмитенттері болып Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын заңды тұлғалар бола алады.

Сонымен қатар, мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығаруға рұқсат етілген. Бюджет кодексіне сәйкес бюджеттi aтқару жөнiндегі орталық уәкiлеттi орган ислам бағалы қағаздарының эмитентi болып табылады, ол осындай мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздардың әрбiр шығарылымының көлемдерiн, мерзiмдерiн және шарттарын айқындайды.

Ислам банкингінің өнімдеріне қатысты бөлек салықтық тәртіп әрекет етеді (қаржылық операциялар қосылған құн салығынан босатылған).

Халықтың ислам бағалы қағаздарына инвестициялау мүмкіндігіне жетуін ұйымдастыру мақсатында «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ исламдық қаржылық құралдармен мәмілелер бойынша электронды бұйрықтарды өңдеу үшін төлем алынып тасталды.    

Сол сияқты, исламдық қаржыландыруды дамыту мақсатында «Қазақстан қор биржасы» АҚ ресми тізімінде «ислам бағалы қағаздары» атты бөлек сектор құрды.  

2015 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды. Бұл Заңда «исламдық сақтандыру» ұғымын енгізу, такафул исламдық сақтандыру мəселелерін реттеу, тауар мурабахасын ислам банктерінің банк операциясы ретінде тану, осындай операцияларды салықтық басқару, сондай-ақ олардың вакала операциясының (депозиттер қабылдау) жүзеге асырылу тəртібі және ислам лизингі қарастырылған.

2015 жылдың 24 қарашасында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Осы Заңмен егеменді ислам бағалы қағаздарын шығару құрылымын жетілдіру мен дәстүрлі банктерді ислам банктеріне айналдыру процедурасы қарастырылған.

Исламдық қаржыландыру операцияларының бухгалтерлік есебі бойынша норамтивтік база ислам банктері мен ислам арнайы қаржылық компанияларының есеп жобаларына (исламдық қаржыландыру операцияларын есепке алу үшін арнайы баланстық шоттар) және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп құрудағы нұсқаулығына толықтырулар енгізуді көздейді. Қазақстан Республикасында бухгалтерлік есеп бойынша заңнамалық база Исламдық Қаржылық Институттар үшін Есеп және Аудит Ұйымының  (AAOIFI) стандарттары, ХҚЕС (МСФО) жалпы принциптері  негізінде құрастырылған.

Дәстүрлі банкті конвертациялау нысанында исламдық банкке қайта ұйымдастыру мүмкіндігі көзделді және банкті  конвертациялау нысанында исламдық банкке ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру тәртібі және рұқсат беруден бас тарту негіздері «Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 15 Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен айқындалды.

Жоғарыға