Экспорттың немесе импорттың валюталық операцияларына не жатады?
Экспорт – тауарды ҚР аумағынан әкету, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету, зияткерлік меншік объектілеріне ерекше құқықтарды ішінара беру, ҚР резидентінің ҚР бейрезидентіне мүлікті жалға беруі.
Импорт - тауарларды ҚР аумағына әкелу, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету, зияткерлік меншік объектілеріне ерекше құқықтарды ішінара беру, ҚР бейрезидентінің ҚР резидентіне мүлікті жалға беруі.
Экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартты есептік тіркеу деген не?
Есептік тіркеу – бұл валюталық шартқа есептік нөмір беру рәсімі және кейіннен ақпаратты, құжаттар мен есептілікті беру
Экспорт немесе импорт бойынша валюталық операциялардың барлығы есептік тіркелуге жатады ма?
Жоқ, сома бойынша шектеу бар, экспорт немесе импорт бойынша одан төмен операциялар, сондай-ақ ҚРҰБ нормативтік құқықтық актісінде көзделген ерекшеліктер есептік тіркелуге жатпайды .
Кім есептік тіркелуге өтініш беруі керек?
Қазақстандық заңды тұлғалар, оның филиалдары, сондай-ақ дара кәсіпкерлер. Бұл ретте шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдарына (резиденттер таныған) есептік тіркелу қолданылмайды!
Одан жоғары болғанда, валюталық шарт есептік тіркелуге жататын шарт сомасының шегі қандай?
Баламасында 50 мың АҚШ долларынан асатын сомаға немесе сомасы жоқ шарт.
Есептік тіркелу үшін валюталық операцияға қатысушы резидент қайда өтініш беруі керек?
1. УБ-да экспорттаушы/импорттаушы төлемдерді жүргізген кезде: - қазақстандық банк шоты арқылы; - қазақстандық банк шоты және шетелдік банктегі шоты арқылы. 2. ҚРҰБ АФ-та резиденттің шетелдік банктердегі шоттарына ұлттық және (немесе) шетел валютасы аударылған кезде.
Қашан өтініш беру керек?
Тараптардың бірі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін.
Қандай құжаттар ұсыну керек?
УБ-ға өтініш берген кезде - белгіленген нысандағы өтініш, валюталық шарттың түпнұсқасы немесе көшірмесі.
ҚРҰБ АФ-қа өтініш берген кезде - белгіленген нысандағы өтініш, валюталық шарттың түпнұсқасы немесе көшірмесі, қолтаңба үлгілері
Есептік тіркелу мерзімі
Экспорттаушы немесе импорттаушы қажетті құжаттарды тапсырған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде.
Есептік нөмір беруден бас тартуға қандай негіздер бар?
1. Экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартта валюталық заңнама талаптарына қайшы келетін талаптардың болуы
2. Қолтаңба үлгілері бар өтініште экспорттаушы немесе импорттаушы қолының сәйкес келмеуі
3. Клиент іскерлік қатынастарды қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) немесе терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланады деген күдік туындаған жағдайда
Экспорт пен импорт бойынша валюталық операцияларды жүргізуге тыйымдар бар ма?
Жоқ, бірақ ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабы бар. Ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабы елге қайтару қажеттілігін білдіреді: 1) экспорттан түскен валюталық түсім және 2) репатриацияның мерзімдері шегінде Қазақстан банктеріндегі шоттарға аудару арқылы импорт үшін пайдаланылмаған аванстық төлем.
ВШЕН алу және ол туралы ақпарат, құжаттар мен есептерді беру тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік бар ма?
Иә, әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау мерзімін бұзғаны үшін жауапкершілік бар ма?
Иә, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Шетелдік банкте шоты бар экспорттаушыларға немесе импорттаушыларға қандай есептілікті ұсыну керек?
Белгіленген нысанға сәйкес «Шетелдік банктегі шот арқылы экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат»
Келісімшартты есептік тіркеуден шығарудың қандай шарттары бар?
УБ ҚРҰБ нормативтік құқықтық актісінде көзделген негіздер бойынша репатриациялау талаптарының орындалуын бақылау рәсімдері аяқталғаннан кейін экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартты есептік тіркеуден шығарады