1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ақша-кредит саясаты туралы (маусым 2022) баяндамасын жариялау туралы

ҚҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявскийдің түсіндірмесі

Ұлттық Банк «Ақша-кредит саясаты туралы баяндама. Маусым 2022» басылымын жариялады. Баяндамада болжамның алғышарттары, базалық және балама сценарийлер бойынша макроэкономикалық жағдайдың даму перспективалары, қазіргі макроэкономикалық жағдай, ақша, валюта және қаржы нарығындағы жағдайға талдау жасалған.

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, Қазақстандағы экономикалық белсенділік серпіні 2022 жылы 2,8-3,8% диапазонында қалыптасады. ЖІӨ өсуінің жоғары қарқыны 2022 жылғы қаңтар-сәуірде қалыптасқан жоғары көрсеткішпен (4,4%-ға өсу), оң фискалдық серпінмен, сондай-ақ экспорттаушы елдер үшін мұнай нарығындағы қолайлы жағдаймен байланысты болады. ЖІӨ-нің одан әрі қарқын алуы – қазір сақталып отырған геосаяси дағдарыстан кейін тежеледі.

2023 жылы ЖІӨ-нің өсу қарқыны 3,5-4,5%-ға дейін жеделдейді деген болжам бар. Экспорттық және импорттық жеткізу тізбектерінің алдын ала күтілгендей қалыпқа түсуі, сондай-ақ экономикадағы белгісіздіктің жалпылай төмендеуі – экономиканың өсуіне себеп болады. Тұтынушылық сұраныстың өсу үрдісі сақталады, оған тұтынушылық кредиттеу және жұмсақ фискалдық саясат ықпал етеді.

2022 жылдың соңына дейін өнімнің импорттық жеткізілімдерін қайта құру, елеулі сыртқы инфляциялық қысым, азық-түліктің әлемдік деңгейдегі жоғары бағалары, сондай-ақ оң фискалдық импульс аясында инфляция 13-15% жоғары диапазонда қалыптасуы мүмкін. 2022 жылғы Жоғары базаны есептеуден кету және сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі жағдайында 2023 жылы ол 7,5-9,5%-ға дейін баяулауы керек. 2024 жылы сыртқы да ішкі жаңа күйзелістер болмаған кезде инфляция таргеттелетін дәлізден тыс болады, бұл ретте ол жоғарғы шекарасына қарай баяулайды деп болжанады.

Инфляцияның қарқын алуына себепші болатын негізгі қауіп көздерді айтсақ, олар – әлемдегі геосаяси жағдай кезіндегі белгісіздік, капиталдың дамушы нарықтан дамыған нарықтың пайдасына әкетілу ықтималдығы, сырттан, атап айтқанда, Ресейден келетін инфляция импорты, сондай-ақ ұсыныс факторлары тарапынан сын-қатерлер мен тұрақсыз инфляциялық күтулер. Сонымен бірге болжам үшін маңызды тәуекелдердің біріне 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген параметрлермен салыстырғанда, бюджет шығыстарын арттыру жағына қарай қайта қарау мүмкіндігі де жатады.

Толығырақ

Жоғарыға