1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,25%-ке дейін 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Шешім қабылданғанда инфляциялық үдерістердің баяулап келе жатқаны ескерілді. 2022 жылғы ақпаннан бастап алғаш рет жылдық инфляция бір таңбалы мәнге жетті. Инфляцияның орнықты бөлігінің көрсеткіштері де тұрақталып келеді.  

Сыртқы инфляциялық орта жақсаруда. Бұл әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағалардың одан әрі төмендеуіне және орталық банктердің тежеуші саясатына байланысты.  

Бірақ инфляцияны өсіруі мүмкін кейбір факторлар мен тәуекелдер сақталып отыр. Экономика ішіндегі тәуекелдер орнықты тұтынушылық сұранысқа, фискалдық ынталандыруға, жоғары инфляциялық күтулерге және реттелетін бағалардағы реформалардың аяқталмауына байланысты. Сыртқы ортада Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне байланысты тәуекелдер байқалуда.

Осындай жағдайларда біз бұған дейін айтылған риторикаға сәйкес әрекет етеміз. Қатаң ақша-кредит шарттары ұстамды қалпында. Бұл инфляцияның орнықты түрде төмендеуін қамтамасыз етіп, ортамерзімді келешекте инфляцияны 5% мақсатқа жуық тұрақтандыру үшін қажет. 

Енді шешім қабылдауға түрткі болған факторларға толығырақ тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

2023 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 9,8%-ті құрады. Оның төмендеуіне бірқатар фактор түрткі болды.

Бұл дегеніміз, ең алдымен, Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты және Үкіметтің инфляцияға қарсы шаралары. Әртүрлі саладағы өндірушілердің бағасы өсу тұрғысынан баяулағаны және өткен жылғы жоғары базаның әсері маңызды рөл атқаруда. Әлемдегі инфляциялық қысымның әлсіреуі де еліміздегі инфляцияның төмендеуіне ықпал етіп отыр.

Инфляция динамикасы Ұлттық Банктің болжамына сәйкес қалыптасып келеді. Қазіргі таңда бағаның өсуіне ақылы қызметтер, оның ішінде тұрғын-үй коммуналдық қызметтерді реформалаудан қалыптасқан бағалар көптеп үлес қосуда. 

Азық-түлік инфляциясы 8,5%-ке дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 9,1%-ке дейін баяулады. Қызметтер инфляциясы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыру және тарифтердің көтерілуі жағдайында 12,4%-ке дейін өсті. 

Былтыр желтоқсан айында айлық инфляция 0,8%-ті құрады, бұл 0,7% құрайтын орташа жылдық динамикадан сәл жоғары.

Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері соңғы айларда өзгеріссіз қалды, бұл сол белгіленген ортамерзімді таргеттен жоғары қалыптасқан еді.

Бағаға көрсетілген қысым фискалдық ынталандырумен және тұтынушылық кредиттеудің жоғары қарқынынан туындаған орнықты ішкі сұраныспен жүзеге асады. Жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер де өзіндік рөл ойнайды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша алдағы бір жылда күтілетін инфляцияның медианалық көрсеткіші біршама төмендеп, 16,4%-ті құрады. Респонденттер болашақта бағаның ықтимал өсуіне – тамақ өнімдері мен жанар-жағармай бағасының өзгеруі себеп болады деп атап өтті.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

2023 жылы экономиканың өсуі қысқамерзімді экономикалық индикатор негізінде 5,1%-ке бағалануда, бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді.

Экономикалық белсенділік экономикадағы негізгі салалардың тиісті динамикасына сәйкес қарқынды өсіп келеді. Мұнай өндірудің ұлғаюы, тамақ өнімдері өндірісінің кеңеюі, жеңіл өнеркәсіп пен машина жасаудың өсуі жағдайында өнеркәсіп секторындағы өндіріс көлемі 4,3%-ке артты.  13,3%-ға өскен құрылыс саласы мен 7,1%-ға өскен ақпарат және байланыс салалары да экономикаға оң үлес қосуда.

Астық түсімінің нашар алынуына байланысты ауыл шаруашылығында айтарлықтай төмендеу (-7,7%) байқалады.

Орнықты ішкі сұраныс жағдайында қызметтер секторында көтерме және бөлшек сауда көлемі едәуір артты, 11,3%. Бұл өз кезегінде 6,9%-ға өскен көлік қызметтерінің оң нәтиже көрсетуіне әсер етті.

Ішкі сұранысты сипаттайтын салалар тауар ұсынуды қамтамасыз ететін салаларға қарағанда біршама тез өсіп жатқанын және бұл экономикадағы инфляциялық қысымды күшейте алатынын атап өткен жөн.  

Ішкі сұраныс инвестициялық белсенділіктің кеңеюі, халықтың нақты кірісінің өсуі және бюджет шығыстары арқылы қамтамасыз етіледі. Негізгі капиталға инвестициялар, оның ішінде көлік және қоймалау, өнеркәсіп, ақпарат пен байланыс салаларына капитал салу себебінен өсіп отыр.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы секторда инфляциялық қысымның әлсіреуі жалғасуда.

Көптеген орталық банктердің тежеуші ақша-кредит саясаты нәтижесінде әлемдегі инфляция баяулағанмен, көптеген елде әлі де таргеттен жоғары. Осыған байланысты орталық банктердің көбі ұзақ уақыт бойы мөлшерлемелерді жоғары деңгейде сақтау қажет деп келісіп келді.

Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі – Ресейдегі инфляцияның динасмикасы ерекше назар аударуды қажет етеді. Онда көрсеткіш 7,4%-ды құрап, ішкі сұраныстың тез өсуіне және инфляциялық күтулердің жоғарылауына себеп болды. Осының барлығы ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдатуды талап етті. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың соңында олар негізгі мөлшерлемені 16%-ға дейін көтерді).

Еуроодақта Еуропа Орталық Банкінің тежеу саясаты жағдайында инфляцияның баяулау үрдісі байқалады, 3,1%. Дегенмен, 2% таргетке 2026 жылы ғана қол жеткізу мүмкін деген болжам бар. Яғни, жоғары пайыздық мөлшерлемелер ұзақ уақыт бойы сақталады деп күтіледі.

Федералды Резервтік Жүйе инфляцияның төмендеуіне қарамастан АҚШ-тағы инфляция әлі де жоғары және орнықты екенін атап өтті. Реттеушінің риторикасына сәйкес ақша-кредит шарттары инфляцияның таргетке жақындау белгілері байқалғанға дейін тежеу аймағында сақталады. Ол оларда да 2% құрайды. Қажет болған жағдайда ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Қазақстанның тағы бір сауда-серіктесі – Қытайда экономикалық белсенділіктің әлсіз көрсеткіштері жағдайында үш ай қатарынан дефляция байқалуда – 0,3%.

Әлемдік азық-түлік нарықтарында бағалар төмендеп келеді. Бұл қант, өсімдік майы мен ет бағасының түсуіне байланысты. Желтоқсан айында Қара теңіз төңірегіндегі логистикалық қиындықтарға байланысты астық бағасы өсті.

Мұнай нарығына қатысты айтар болсақ,  ол белгісіздікпен сипатталады, ол ОПЕК-тен тыс елдердің артық ұсыныстарына және мұнай өндіру аймағындағы әскери әрекеттерге байланысты. Олай болса, Brent маркалы мұнайдың бағасы желтоқсан айында 77 долларға дейін төмендеді. Қазір шамамен 79 доллар тұрады.

* * *

Құрметті журналистер!

Біз осыдан бұған дейін айтылған риторикамызға сәйкес әрекет етуді жалғастырамыз.

Біздің болжамға сәйкес жылдық инфляцияның төмендеуі базалық мөлшерлемені төмендету бойынша кезекті шешім қабылдауға мүмкіндік берді.

Біздің бұдан кейінгі шешімдеріміз де қалыптасатын инфляцияның өз болжамдарымызға сәйкес келетініне байланысты болады. Біздің инфляцияны 5%-ға жеткізу туралы ортамерзімді басты мақсатымызға жету үшін осы аралықта ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет.

Біз жаңадан түсетін деректерді мұқият қадағалай береміз және айтарлықтай өзгерістер болмаған жағдайда базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуді жалғастырамыз. Дейтұрғанмен, мөлшерлеме бойынша шешімдерде үзілістер де болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Сондықтан, айта кетейін, төмендеу циклі ұзақ болуы мүмкін.

Енді сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз.

492.48 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға