1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

АҚШ пен Еуроаймақтың банк секторындағы проблемалар Қазақстанның валюта нарығына қалай әсер етті

АҚШ пен Еуроаймақтың банк секторындағы проблемалар наурыз айында қаржы нарығындағы құбылмалылықтың күшеюіне себеп болды. Қазіргі уақытта шетелдік банктермен байланысты күйзеліс айтарлықтай төмендеп, әлемдегі жетекші орталық банктер ақша-кредит саясаты бойынша күтулерін агрессивті түрде қайта қарауға мәжбүр болды. Әлемдік нарық пен экономика үшін бұның қандай салдары болуы мүмкін? Ал, оның еліміздің ішкі валюта нарығы мен халықаралық резервтеріне қалай әсер еткенін ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.

– Әлия Мейірбекқызы, наурызда сыртқы нарықтардың жағдайы қалай болды?

Өткен айда сыртқы нарықтардың жағдайы қарқындап дамыды. АҚШ пен Еуроаймақтағы банк жүйесінің орнықтылыққа байланысты тәуекелдері құбылмалылықты күшейтіп, жаһандық инвесторларды тәуекелден бас тартуға итермеледі. Реттеушілер мен орталық банктер тез әрекет жасап, нарықта қалыпты жай-күйді қалпына келтіруге үлес қосты.

Банк секторындағы күйзеліс АҚШ ФРЖ ақша-кредит саясатының траекториясына қатысты жаһандық инвесторлардың күтулерін агрессивті түрде қалпына келтіруге қозғаушы күш болды. Реттеушінің наурыз айындағы отырысы қатаң саясатқа көшу циклі жақын арада аяқталады деген күтулерді күшейтті. Дегенмен, АҚШ ФРЖ мөлшерлемені 4,75-5%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдап, биыл мөлшерлеменің 5-5,25%-ға дейін бір рет көтерілуі мүмкін деген күтулер сақталды.

Инвесторлардың нарықтық күтулері де АҚШ ФРЖ өкілдерінің қазіргі бағалауымен сәйкес келеді: егер ақпан айының соңында нарық мөлшерлеменің 5,4%-ға дейін өсуін белгілесе, қазір бұл бағалау 5%-ға дейін төмендеді. Яғни, фьючерстер де мөлшерлеме бойынша қалған бір көтерілудің барын білдіреді.

Мұндай жағдайда біз айдың бірінші жартысында тәуекелді активтерге қызығушылық күрт төмендегенін және қауіпсіз активтерге сұраныс артқанын байқадық. Екінші жартысында жағдай өзгерді: дамушы нарықтардың валюталары мен акциялар нарығында раллиде көрінген тәуекел-сентимент қалпына келді.

Мәселен, бір айда DXY жаһандық доллар индексі айдың ортасындағы 105 тармақ белгісінен ауытқып, 102,5 деңгейге дейін 2,3%-ға әлсіреді. ЕМ валюталарының индексі де наурызда 1,2% қосып, айдың ортасындағы 49,7-тармақтағы деңгейден кезең соңына қарай 50,8 тармаққа дейін айдың қорытындысы бойынша ұлғайып, көп бағытты динамикада болды. Наурызда акциялар нарығы да V-тәрізді қозғалыста көрініп, MSCI World индексі бір айда 2,8%-ға ұлғайды.

Банк секторындағы проблемалардан туындаған рецессия тәуекелдерінің күшеюі мұнай бағасының соңғы 15 айдағы ең төменгі мәннен 1 баррель үшін 70,12 АҚШ долларына дейін төмендеуінен көрінді. Дегенмен, банк дағдарысы төңірегіндегі қауіп сейілгендіктен, мұнай бағасы наурыздың соңғы аптасында қайта көтеріліп, айды 1 баррель үшін 79,8 АҚШ доллары деңгейінде аяқтады.

Сәуір басында ОПЕК+ бағаның тұрақтылығын сақтап, әлемдік нарықта артық ұсынысты жою үшін мұнай өндіруді тәулігіне 1,66 миллион баррельге қысқартуды 2023 жылдың мамыр айынан бастап жыл соңына дейін қолдану туралы күтпеген шешім қабылдады. Осыған байланысты мұнайға баға белгілеу баррель үшін 85 АҚШ доллары деңгейіне дейін көтерілді.

Наурызда теңгенің мықтап құбылуына не себеп болды? Өткен жолғы сұхбатыңызда Сіз интервенцияларды жалпы негізде жариялау жоспары барын хабарладыңыз. Осы бағытта ілгерілеу бар ма?

Шынында да, бір ай ішінде ішкі валюта нарығында АҚШ пен Еуропаның банк секторында ахуалдың нашарлауына байланысты нарыққа қатысушылардың сентименті нашарлап, мұнай бағасы төмендеді. Құбылмалылықтың өршуі осыған байланысты болды.

Ұлттық Банк ішкі және сыртқы нарықтағы жағдайды мұқият қадағалап, қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізуге дайын екендігін хабарлады. Алайда, ахуал жаңа жағдайларға тез бейімделді, сондықтан біздің араласуымызды қажет етпеді.

Айдың қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 452,7 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді. Бір ай ішінде квазимемлекеттік сектор компанияларының валюталық түсімдерін сатуы және бюджетке трансферттер бөлу аясында Ұлттық қордағы активтердің бір бөлігін конвертациялау – теңгеге қолдау көрсетті.

Квазимемлекеттік компаниялардың сауда-саттығы 253 млн АҚШ долларына шықты. Ұлттық қордан жүзеге асырылған сатылым 721 млн АҚШ долларына теңесті. Бұл біз болжаған 750-800 млн АҚШ долларлық мәннен бішама аз. Алайда, бұған дейін мен теңгедегі шотқа түскен түсімдер бойынша нақты және болжамды деректер арасындағы айырмашылыққа немесе Қаржы министрлігі тарапынан шығарылған түзетулерге байланысты мұндай жағай туындауы мүмкін екенін айтқан едім. Сәуірде қолда бар жоспарлы бағдарға сәйкес күтілетін сату көлемі 550-650 млн АҚШ долларын құрайды.

Зейнетақы активтері үшін валюта сатып алу 232 млн АҚШ долларын құрады. Сәуірде мұндай сатып алу көлемі 200-250 млн АҚШ доллары көлемінде болады деп күтілуде.

Кеше біз транспаренттілікті арттыру аясында брутто-негіздегі интервенциялар туралы ай сайынғы деректерді жарияладық, яғни, біз енді валютаны сатып алу және сату операцияларын жеке-дара көрсетіп отырмыз.

Оған қоса, біз ай сайын Ұлттық қордан нақты сату көлемі мен трансферт көлемін ғана емес, теңгелік шоттағы қалдықтар туралы деректерді де жариялай бастаймыз.

– Алтын-валюта резервтерінің жағдайы қалай? Өткен айда алтын нарығында не болды?

Наурыз айының қорытындысы бойынша, алтын-валюта резервтері 1,6 млрд АҚШ долларына ұлғайды және 36,1 млрд АҚШ долларын құрады. Резервтердің ұлғаюы көбінесе бір айда 1810,20-дан 1978,80-ге дейін 9,3%-ға өскен алтын бағасының өсіміне байланысты болып отыр. Бағалы металға деген сұраныстың артуынан, оның ішінде инвесторлардың АҚШ пен Еуропадағы банктердің банкроттығына қатысты қауіптен туындады. Қазіргі уақытта банк секторындағы жағдай қалыпқа келгенімен, алтынның бағасы АҚШ ФРЖ саясатының «кері бұрылуы» мен мөлшерлемені төмендету циклінің басталуы туралы күтулерге байланысты әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Алтын бағасының өсуінен болған оң әсер ЕДБ қаражатының Ұлттық Банктегі валюта шоттарынан әкетілуімен ішінара теңестірілді.

– Наурыз айында Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?

Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 1,05 млрд АҚШ долларына ұлғайып, наурыз айының соңында 58,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Нарыққа қатысушылар АҚШ өңірлік банктері мен швейцариялық Credit Suisse банкінің проблемаларын ұдайы назарда ұстап отырды. Silicon Valley Bank пен Signature Bank банкроттығынан кейін нарықта құбылмалылық артып, Credit Suisse-дегі проблемалар АҚШ пен Еуропа реттеушілері тарапынан банк секторының уақтылы қолдауымен теңестірілді.

Тәуекел дәрежесінің өсуі акциялар мен облигацияларды қайта оң бағалауға әсер етті. Нәтижесінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі наурызда 1,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Сонымен бірге, Ұлттық қорға түскен валюталық түсімдер активтердің өсуіне ықпал етті. Олардың мөлшері наурызда шамамен 300 млн АҚШ долларын құрады. Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 473 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 721 млн АҚШ долларына активтер сатылды.

– АҚШ пен Еуроаймақта банк секторында туындаған проблемалардың шығу себебі неде? Бұл кездейсоқ жағдай ма, әлде жүйелі мәселе ме? Қаржы нарығының келешегін қалай бағалауға болады? Банк жүйесіндегі күйзеліс жаһандық экономика мен жетекші орталық банктердің ертеңгі күнгі саясатына қалай әсер етеді?

Мөлшерлемелерді көтерудің салдары АҚШ-тағы банктердің құлдырауына және Еуроаймақтағы UBS-тің Credit Suisse банкін иемденуіне себеп болды. Фискалдық құю және мөлшерлі жеңілдету түріндегі экономиканы қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары банк ұйымдарындағы депозиттердің айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Бұл қаражат ковид жылдарындағы төмен несиелік белсенділікті ескере отырып, бағалы қағаздарға инвестицияланған болатын.

Бұдан кейін көріп отырғанымыздай, реттеушілер инфляциямен күреспек болып саясатты күшейтуге кірісті. Бұл бағалы қағаздар портфелін қайта теріс бағалауға әкеп соқты. Silicon Valley Bank бұл шығындарды нарықта бағалы қағаздарды сату арқылы жүзеге асырды. Осы жағдай клиенттердің өз депозитін жаппай алуға әрісі түбі банкроттыққа жеткізді. Кейінірек Signature bank жабылатынын хабарлады. Проблемаларға тап болған келесі банк –швейцариялық  Credit Suisse. Жалпы, реттеушілер қабылдаған жедел шаралар нарықтағы дүрбелеңді еңсеруге, басқа банктегі депозиттерді жаппай алуды тоқтатуға және дағдарыстың өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. Сондықтан, нарықтың реакциясын ескере отырып, әзірге жүйелік проблемаларды айналып өттік.

Кейбір сарапшылар қазіргі уақытта АҚШ пен Еуроаймақтың банк секторындағы күйзелістердің салдары туралы айтуға әлі ерте екенін айтады. Сонымен қатар, бұл банк секторының қарыз беру рәсімін біртіндеп күшейткендей жағдайды туғызуы мүмкін.

Талдаушылардың пікірінше, несие беру тәжірибесін күшейту АҚШ ФРЖ мөлшерлемесінің 25 базистік тармаққа бір-екі көтерілуіне тең боп есептеледі. Сондықтан бұл АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелерді одан әрі арттыру арқылы экономиканы бәсеңдету қажеттілігін азайтады. АҚШ долларының индексін әлсірету және биыл күшейту циклінің аяқталуы аясында дамушы нарықтардың валюталарын нығайту туралы ағымдағы нарық консенсусын қолдайды. Алайда, егер қаржылық дағдарыстың салдары қолайсыз болып шықса, онда АҚШ долларының индексі өзінің демеуші валюта сипаттамасын көрсете отырып нығаюы мүмкін.

Банк секторының тәуекелдері АҚШ-тағы рецессия ықтималдығының жоғарылауына себеп болды. Бұл – жағдайдың болжауға келмейтінін көрсетті. Сонымен, NY Fed бағалауы алдыңғы айдағы 54,5-ға қарағанда 57,8%-ға дейін, Bloomberg консенсусы 60%-дан 65%-ға дейін өсті. АҚШ экономикасының рецессиясыз мүмкіндіктерін барынша оң бағалаған Goldman Sachs сарапшылары да енді 10 пайыздық тармаққа, яғни, 35%-ға дейін құлдырау ықтималдығын болжап отыр.

Мұнай нарығында ОПЕК+ шешімі қара алтынның күрт қымбаттауына себеп болды. Бұл өз кезегінде талдаушыларға Brent бағасы бойынша өз болжамдарын қайта қарауға әсер етті. Сонымен, Goldman Sachs желтоқсанда Brent маркалы мұнай барреліне 5 долларға артып, 95$ дейін көтеріледі деген болжам беріп отыр. Кейбір сарапшылар осы жазда мұнай бағасы барреліне 110 долларға жетеді деп күтеді. Жалпы, талдаушылар алдағы тоқсанда мұнай бағасы барреліне $75-$123 аралығында, орташа 85 АҚШ доллары деңгейінде болады деген болжам айтады.

Дереккөз: Kapital.kz 

Жоғарыға