1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Республикасының екі деңгейлі банк жүйесі бар.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (Ұлттық Банк) Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады, ол Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіреді. Ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін есепке алмағанда, өзге банктердің барлығы банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейін білдіреді.

Ұлттық Банк өз құзыреті шегінде халықаралық банктер мен өзге де қаржы-кредит ұйымдарында басқа елдердің орталық банктерімен және банктерімен қарым-қатынас орнатқан кезде Қазақстан Республикасының мүддесін көздейді.

Ұлттық Банк өз міндеттерін орындау кезінде пайдаға кенелу мақсатын басшылыққа алмауы керек.

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді, бірақ оған заңнамада берілген өкілеттіктер шегінде өз қызметін жүзеге асыруда тәуелсіз.

Ұлттық Банк өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметімен үйлестіреді, өз қызметінде Үкіметтің экономикалық саясатын ескереді және өзінің негізгі функцияларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмесе, оны іске асыруға жәрдемдеседі.

Ұлттық Банк вертикальды бағыну схемасы бар біртұтас орталықтандырылған құрылымнан тұрады. Ұлттық Банктің жоғары органы – Басқарма, ал жедел басқару органы – Директорлар кеңесі.

Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Негізгі мақсатын орындау үшін Ұлттық Банкке мынадай міндеттер жүктеледі:

  • мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу,
  • төлем жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету,
  • валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру,
  • қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу,
  • ақша-кредит статистикасы мен сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру.


Жүктелген міндеттерге сәйкес, Ұлттық Банк аумақтық филиалдарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Ұлттық Банк туралы ережедегі функцияларды орындайды.

Ұлттық Банктің құрылымына мыналар кіреді:

  • 21 департаменттен, 2 дербес басқармадан тұратын орталық аппарат,
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы Тұрақты өкілдігі,
  • 20 аумақтық филиал және Алматы қаласындағы бір филиал – Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы,

2 есеп беретін ұйым

  • «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны,
  • «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

Ұлттық Банк:

  • Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры,
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін қамтамасыз ету орталығы,
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы,
  • Мемлекеттік кредиттік бюро,
  • Бағалы қағаздар орталық депозитарийі,
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы,
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банктік сервис бюросы,
  • Қазақстанның орнықтылық қоры,
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы

акционерлік қоғамдарының акционерi болып табылады.

Жоғарыға