1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№34 баспасөз релизі. Қаржы нарығындағы ахуал туралы

1. 2020 жылғы шілдедегі инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2020 жылғы шілдеде инфляция 0,3% (2019 жылғы шілдеде – 0,2%) болды.

Жылдық инфляция 7,1% (2019 жылғы желтоқсанда – 5,4%) деңгейде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,4%-ға, ақылы қызметтер – 3,2%-ға өсті.

2020 жылғы шілдеде халықтың пікіртерім нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,6% болды.

 

2. 2020 жылғы шілденің қорытындысы бойынша халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2020 жылғы шілдеде, алдын ала деректер бойынша, 35,3 млрд АҚШ долларына дейін 7,3%-ға немесе 2,4 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Халықаралық резервтердің өсуі көбінесе алтын портфелі $2,3 млрд-қа өсуімен байланысты болды.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (58,2 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, алдын ала деректер бойынша, 2020 жылғы шілденің соңында 93,5 млрд АҚШ доллары болды.

2020 жылғы шілдеде ақша базасы 7,9%-ға кеңейіп (жыл басынан бері 32%-ға кеңейді), 9 097,1 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін қоспағандағы ақша базасы 4 864,5 млрд теңгеге дейін 3,4%-ға (жыл басынан бері – 10,4%-ға) тарылды.

Ақша массасы 2020 жылғы шілдеде 4,1%-ға (жыл басынан бері – 10,5%-ға) ұлғайып, 23 570,7 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 885,3 млрд теңгеге дейін
3,6%-ға (жыл басынан бері – 25,4%-ға) ұлғайды.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк 2020 жылғы 20 шілдеде базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/- 1,5 пайыздық тармаққа дейін тарылта отырып, жылдық 9,00%-ға дейін1 төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл шешім карантинді қатаңдату жөніндегі шаралар салдарының Қазақстан экономикасына әсерін реттеуге және экономика өсуінің қалпына келу процесін қолдауға арналған.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы2 2020 жылғы шілдеде пайыздық дәліздің төменгі шегі мен базалық мөлшерлеме арасында басымдықпен қалыптасты. 2020 жылғы шілдеде TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,40%-ды (2020 жылғы маусымда – 8,41%-ды) құрады.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2020 жылғы шілденің соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 4,2 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 75,7 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 187,2 млрд теңгені құрады. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 1254,1 млрд теңгені құрады.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 13,5%-ға төмендеп, 2020 жылғы шілденің соңында 2 839,3 млрд теңге болды.

2020 жылғы шілдеде жалпы сомасы 1 140,8 млрд теңгені құрайтын 6 аукцион өткізілді, оның ішінде 827,2 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша
4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,47%), 217,5 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,20%), 96,2 млрд теңге сомаға жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,99%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2020 жылғы шілдеде 1 231,8 млрд теңгені құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2020 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 450,4 млрд теңге сомаға қысқа мерзімді (МЕККАМ) және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕУКАМ) орналастыруды жүзеге асырды. Жалпы 13 аукцион өткізілді, оларға 1 жылдан 15 жылға дейін өтеу мерзімімен мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 10,29%-дан 10,84%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2020 жылғы шілдеде 4,6%-ға ұлғайып, 9 846,8 млрд теңге болды.

2020 жылғы шілденің соңында кірістілік қисығы3 алдыңғы аймен салыстырғанда барынша реттелген теріс бүгілуді көрсетті. Барлық аралықта кірістілік аздап төмендеді, кірістілік нысанының өзгерісі ерекше 1 жылға дейін мерзімде орын алды және ақша-кредит саясатын жеңілдетуге және ҚРҰБ бір жылдық ноттарын шығаруды тоқтата тұрумен байланысты болды.

4. 2020 жылғы шілдедегі валюта нарығы

2020 жылғы шілдеде теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 405,68 – 418,00 теңге аралығында өзгерді. 2020 жылғы шілденің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 3,4%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 418,00 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 10,9 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтың көлемі – 2,1 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 8,8 млрд АҚШ доллары болды. Бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 81,1% немесе 7,2 млрд АҚШ доллары (2020 жылғы маусымда – 78,8% немесе 7,2 млрд АҚШ доллары) болды, бұл олардың меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеуімен байланысты болды. Аталған операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді.

2020 жылғы шілдеде халық нетто-негізде 170,6 млрд теңгеге барабар сомаға (2020 жылғы маусымда – 193,4 млрд теңгеге) қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 76,0% немесе 129,8 млрд теңгеге, Ресей рублін – 16,0% немесе 27,4 млрд теңгеге, еуроны – 7,7% немесе 13,1 млрд теңгеге сатып алуға жұмсалды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 11,8%-ға қысқарды. Валюта түрлері бойынша бөлген кезде АҚШ долларын сатып алуға шығыстар 8,3%-ға, Ресей рублін сатып алуға шығыстар 29,2%-ға төмендеді. Еуроны сатып алуға шығыстар 3,0%-ға ұлғайды.

5. 2020 жылғы шілденің қорытындысы бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 4,1%-ға ұлғайып, 2020 жылғы шілденің соңында 20 685,4 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 10 702,8 млрд теңгеге дейін 5,2%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 9 982,6 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 12 504,8 млрд теңгеге дейін 4,9%-ға, шетел валютасындағы депозиттер көлемі 8 180,6 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға ұлғайды.

Долларлану деңгейі 2020 жылғы шілденің соңында 39,5% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы шілдеде 6 610,1 млрд теңгеге дейін 6,5%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттері 4 092,8 млрд теңгеге дейін 3,3%-ға ұлғайды (заңды тұлғалар депозиттерінен 38,2%).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 5 894,7 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 087,9 млрд теңгеге дейін 2,7%-ға өсті (жеке тұлғалар депозиттерінен 40,9%).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 5,7%-ға ұлғайып, 14 272,0 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 8 631,9 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 5 640,1 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,5%-ды (2019 жылғы шілдеде – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 10,0%-ды (9,7%) құрады.

6. 2020 жылғы шілденің қорытындысы бойынша кредит нарығы

Экономиканы кредиттеу көлемі бір айда шамамен өзгерген жоқ және 2020 жылғы шілденің соңында 13 932,0 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 132,0 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға азайды, жеке тұлғаларға – 6 800,0 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 11 738,1 млрд теңге болды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,4%-ға азайды, ал жеке тұлғаларға 0,2%-ға ұлғайды. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 194,0 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға өсті. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер
0,4%-ға, жеке тұлғаларға – 0,1%-ға ұлғайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2020 жылғы шілденің соңында 84,3%-ды (2019 жылғы желтоқсанда – 83,4%-ды) құрады.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 11 921,9 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 010,2 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға азайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2020 жылғы шілдеде 2 175,6 млрд теңгеге дейін (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінен 15,6%) 1,3%-ға ұлғайды.

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға кредиттерінің айтарлықтай сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,4%), сауда (11,9%), құрылыс (5,0%) және көлік (3,6%) сияқты салаларға тиесілі.

2020 жылғы шілдеде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,9%-ды (2019 жылғы шілдеде – 12,0%), жеке тұлғаларға – 16,7% (18,9%) құрады.

7. 2020 жылғы шілденің қорытындысы бойынша төлем жүйелері

2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 17 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2020 жылғы шілдеде Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 57,0 трлн теңге сомаға 4,1 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы маусыммен салыстырғанда саны бойынша ұлғаю 11,2% болды, ал сомасы 15,5%-ға азайды). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 2,9 трлн теңге сомаға 198,6 мың транзакция жүргізілді.

2020 жылғы 1 тамызда Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын 22 банк пен «Қазпошта» АҚ шығарды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 41,3 млн бірлік болды. Олардың ішінде ағымдағы жылғы шілдеде төлем карточкаларының 56,8%-ын ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақша алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.

2020 жылғы шілдеде Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалану арқылы 4,4 трлн теңге сомаға 269,1 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы маусыммен салыстырғанда транзакциялар саны 5,7%-ға, сомасы – 2,5%-ға ұлғайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі саны бойынша 91,0%-ға дейін (2020 жылғы маусымда – 89,8%), көлемі бойынша – 68,4%-ға (65,3%) дейін өсті.

2020 жылғы шілдеде халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 70,2 млрд теңге сомаға 0,2 млн аударымды құрады.

2020 жылғы маусыммен салыстырғанда ақша аударымдары көлемінің төмендеуі 37,8%-ды құрады. Жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санынан 79,8% (0,2 млн транзакция) және жалпы сомасынан 94,1% (66,1 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аудару жүйелері арқылы жалпы санынан 20,2% (0,05 млн транзакция) және жалпы сомасынан 5,9% (4,1 млрд теңге) жүргізілді. Халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелден 25,6 млрд теңге сомаға 0,1 млн транзакция алынды.

8. 2020 жылғы шілденің қорытындысы бойынша зейнетақы жүйесі

2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2020 жылғы қаңтар-шілдеде 1 259,9 млрд теңгеге немесе 11,7%-ға ұлғайып, 12 060,4 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы қаңтар-шілдеде зейнетақы активтерін инвестициялаудан «таза» кіріс 2020 жылғы 1 тамызда 5 086,7 млрд теңгеге дейін 753,0 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ қосқанда) 2020 жылғы 1 тамызда 11,0 млн шот болды.

2020 жылғы қаңтар-шілдеде зейнетақы төлемдерінің сомасы 98,2 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы 1 тамызда БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінде негізгі үлес Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына және Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздарына (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен тиісінше 43,2% және 26,5%) тиесілі.

9. Экономиканың нақты секторының кәсіпорындары мониторингінің нәтижелері туралы

2020 жылғы шілдеде Ұлттық Банк экономиканың нақты секторының кәсіпорындарына кезекті тоқсан сайынғы пікіртерім жүргізілді, оған 3251 кәсіпорын қатысты.
Мониторинг нәтижелері сұраныстың, өндіру өнеркәсібі сатылымының рентабельдігі төмендеуіне, өндіріс көлемі құлдырауына байланысты 2020 жылғы 2-тоқсанда іскерлік белсенділіктің қысқару қарқыны баяулағанын көрсетеді. Сонымен қоса, инвестициялық белсенділіктің аздап өскені, валюталық бағамның кәсіпорындар қызметіне теріс әсері төмендегені, берілген кредиттер көлемі ұлғайғаны және теңгемен кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер төмендегені байқалады.

2020 жылғы 2-тоқсанда нақты секторда дайын өнімге сұраныстың төмендегені жалғасты. Диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) 2016 жылғы деңгейге дейін төмендеп,
42,0 болды. Тауарлар өндіру секторына (45,4) қарағанда қызметтер секторында сұраныстың біршама күрт төмендеуі (ДИ=38,8) белгіленді. Соған қарамастан дайын өнімнің бағасы өсу қарқыны шамамен өзгеріссіз қалды (ДИ=55,0). 2020 жылғы 3-тоқсанда кәсіпорындар бағаны өсіру қарқынын шамалы төмендетуге ниетті (ДИ 3-тоқсандағы күтулер бойынша 53,0 болды).

Өндіріс көлемінің төмендеу қарқыны баяулады, ДИ 35,8-ден 43,1-ге дейін өсті. Пандемия мен карантин шараларынан ағымдағы жылдың серпіні өндіріс көлемінің өсуі екінші тоқсаннан басталған өткен үш жылдың үрдісінен ерекшеленеді.

Кредит алуға банкке өтініш берген кәсіпорындардың 17,2%-нан кәсіпорындардың 16,2%-ы (немесе кредит алуға өтініш бергендер санынан 94,2%) кредит алды. Олардың көбі (81,7%) айналым қаражатын қаржыландыруға кредит тартты. Теңгемен тартылған кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 2020 жылғы 1-тоқсандағы 12,0%-дан төмендеп, 11,5% болды. Пікіртерімге қатысқан кәсіпорындардың жартысынан астамында (51,8%) борыш жоқ.

Кәсіпорындардың 37,0%-ы үшін Қазақстан экономикасындағы ахуал бизнес жүргізуде кедергі болып табылады. Пікіртерім жүргізілген респонденттердің 71,7%-ның пікірі бойынша 2020 жылғы 2-тоқсанда Қазақстанда экономикалық ахуал нашарлады. Қазақстанда бизнесті жүргізудегі басқа негізгі кедергілер ретінде нарықтық бәсекелестік (28,1%), сұраныстың жеткіліксіздігі (22,1), салық ауыртпалығының деңгейі (21,6%) болуда.

Кәсіпорындардың сауалнамаларын біріктірілген бағалауын білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) серпіні нақты секторда іскерлік белсенділіктің одан әрі төмендейтінін көрсетті, КОИ 99,5-ке дейін төмендеді (2020 жылғы 1 тоқсанда – 99,9). 2020 жылғы 3-тоқсанда респонденттер экономикалық белсенділіктің осы төмен қарқыны сақталатынын күтуде.

1 Бір мезгілде ұқсас деңгейге (9,00%) дейін ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі төмендетілді

2 Биржада МБҚ-мен автоматты репо секторында жасалған, бір жұмыс күні мерзімімен репоны ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме

3 Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындаудың жаңа әдісі қолданылды. 

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (717) 2 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

793.14 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға