1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№25 баспасөз релизі. Қаржы нарығындағы ахуал туралы

Жылдық инфляция 6,7% (2019 жылғы желтоқсанда – 5,4%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 10,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлардікі – 5,3%-ға, ақылы қызметтікі – 3,0%-ға өсті.

2020 жылғы мамырда халыққа жүргізілген пікіртерім нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,2% болды.

Дереккөзі: Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті, FusionLab

2. 2020 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2020 жылғы мамырда алдын ала деректер бойынша 31,5 млрд АҚШ долларына дейін 3,1%-ға немесе 951,2 млн АҚШ долларына ұлғайды. Халықаралық резервтердің өсуі екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі шоттарында қаражаты өсуімен, сондай-ақ Ұлттық қорға алтынды жоспарлы сатумен байланысты болды.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (58,5 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, алдын ала деректер бойынша 2020 жылғы мамырдың соңында 90,0 млрд АҚШ доллары болды. 

2020 жылғы мамырда ақша базасы 0,4%-ға аздап қысқарып (жыл басынан бері 19,7%-ға кеңейген), 8 253,7 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін қоспағандағы ақша базасы 5 209,1 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға (жыл басынан бері – 4,1%-ға қысқарды) кеңейді.

Ақша массасы 2020 жылғы мамырда 1,0%-ға (жыл басынан бері – 5,2%-ға) ұлғайып, 22 438,2 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 766,4 млрд теңгеге дейін 7,5%-ға (жыл басынан бері – 20,3%-ға) ұлғайды.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банктің 2020 жылғы 8 маусымдағы шешімімен базалық мөлшерлеме +/-2 п.т. дәлізімен жылдық 9,5%1 деңгейінде сақталды.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы2 , 2020 жылғы мамырда пайыздық дәліздің төменгі шегі мен базалық мөлшерлеме арасында басымдықпен қалыптасты. 2020 жылғы мамырда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,43%-ды (2020 жылғы сәуірде – 9,53%-ды) құрады.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2020 жылғы мамырдың соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 4,2 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 171,7 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 229,4 млрд теңгені құрады. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 776,9 млрд теңгені құрады.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі 2020 жылғы мамырдың соңында бір айда 4,3%-ға ұлғайып, 3 159,8 млрд теңге болды.

2020 жылғы мамырда жалпы сомасы 902,1 млрд теңгені құрайтын 7 аукцион өткізілді, оның ішінде 558,1 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 10,19%), 49,0 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,70%), 138,3 млрд теңге сомаға жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,50%), 156,7 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,72%) өткізілді. 

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2020 жылғы мамырда 792,1 млрд теңгені құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2020 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі - Қаржы министрлігі) 205,1 млрд теңге сомасына қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕККАМ) және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕУКАМ) орналастыруды жүзеге асырды. Жалпы 5 аукцион өткізілді, онда 1 жылдан 3 жылға дейін өтеу мерзімімен мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі – МБҚ) орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 10,78%-дан 10,98%-ға дейін болды.

Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2020 жылғы мамырда 2%-ға ұлғайды және 9 126,3 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы мамырда Қаржы министрлігі МБҚ шығару графигіне өзгерістер енгізді, ағымдағы жылдың соңына дейін Қаржы министрлігі 1 трлн теңге МБҚ-ны 1 жылдан 3 жылға дейін өтеу мерзімімен шығарады. Ағымдағы жылғы мамырда жаңа кесте бойынша алғашқы аукциондар өткізілді, онда нарық тарапынан сұраныстың артуы байқалды. Осының аясында 2020 жылғы маусымың басында 3 жылға дейінгі сегментте тәуекелсіз кірістілік қисығы өткен айға қарағанда төмен болды3 . Жалпы алғанда, басқа бағалы қағаздарға қатысты мерзімі бір жылға дейінгі бағалы қағаздардың неғұрлым жоғары кірістілік тренді сақталуда.

4. 2020 жылғы мамырдағы валюта нарығы

2020 жылғы мамырда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 411,55 – 425,41 теңге ауқымында өзгерді. 2020 жылғы мамырдың соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 3,1%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 411,55 теңгені құрады.

Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 8,9 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 1,6 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 7,3 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 72,4%-ды құрады (2020 жылғы сәуірде-87,1%), бұл олардың валюталық тәуекелдерден меншікті капиталды хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді. 

2020 жылғы мамырда халық нетто-негізде 146,2 млрд теңгеге барабар сомаға (2020 жылғы сәуірде – 51 млрд теңге) қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 74,6% немесе 109,1 млрд теңге, Ресей рублін – 20,2% немесе 29,5 млрд теңге, еуроны – 5,1% немесе 7,5 млрд теңге сатып алуға жұмсалды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 2,3 есе артты. Валюта түрлері бойынша бөлуде АҚШ долларын сатып алуға шығыстар 3 есе, Ресей рублін сатып алуға шығыстар 2,3 есе, еуроны сатып алу шығыстар 3,7 есе өсті.

5. 2020 жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2020 жылғы мамырдың соңында бір айда 0,1%-ға ұлғайып, 19 671,7 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 10 027,3 млрд теңгеге дейін 0,9%-ға өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 9 644,4 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға азайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 11 582,7 млрд теңгеге дейін 4,1%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер көлемі 8 089,1 млрд теңгеге дейін 5,2%-ға азайды. Долларлану деңгейі 2020 жылғы мамырдың соңында 41,1%-ды құрады (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%).

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы мамырда 6 019,4 млрд теңгеге дейін 6,5%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттер 4 007,9 млрд теңгеге дейін 6,4%-ға төмендеді (заңды тұлғалардың депозиттерінің 40,0%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 5 563,3 млрд теңгеге дейін 1,8%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 3,9%-ға 4 081,1 млрд теңгеге дейін азайды (жеке тұлғалардың депозиттерінің 42,3%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 2,4%-ға ұлғайып, 13 574,4 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 7 934,2 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар – 5 640,2 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,6% (2019 жылғы мамырда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 10,3% (9,3%) болды.

6. 2020 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2020 жылғы мамырдың соңында 13 972,8 млрд теңгеге дейін бір айда 0,6%-ға төмендеді. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 284,9 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға, жеке тұлғаларға – 6 687,9 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға азайды.

Ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 11 642,6 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,8%-ға ұлғайды, ал жеке тұлғаларға – 0,7%-ға азайды. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 330,3 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 3,0%-ға, жеке тұлғаларға – 3,1%-ға азайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2020 жылғы мамырдың соңында 83,3%-ды (2019 жылғы желтоқсанда – 83,4%-ды) құрады.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 11 929,0 млрд теңгеге дейін 0,9%-ға азайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 043,9 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2020 жылғы мамырда 2 104,6 млрд теңгеге дейін (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 15,1%-ы) 2,9%-ға ұлғайды.

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға кредиттерінің айтарлықтай сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,0%), сауда (12,1%), құрылыс (4,7%) және көлік (3,8%) сияқты салаларға тиесілі.

2020 жылғы мамырда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,4%-ды (2019 жылғы мамырда – 11,9%), жеке тұлғаларға – 17,6% (18,1%) құрады.

7. 2020 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша төлем жүйелері

2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 17 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2020 жылғы мамырда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 55,9 трлн теңге сомаға 3,1 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы сәуірмен салыстырғанда саны бойынша азаю 51,2%-ды құрады, ал сомасы 3,9%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 3,1 трлн теңге сомаға 170,4 мың транзакция жүргізілді.

2020 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын 22 банк пен «Қазпошта» АҚ шығарды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 38,8 млн бірлік болды. Олардың ішінде ағымдағы жылғы мамырда төлем карточкаларының 54,2%-ын оны ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақшаны алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.

2020 жылғы мамырда қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалану арқылы жүргізілген операциялардың көлемі 3,7 трлн теңге сомасына 223,2 млн транзакцияны құрады (2020 жылғы сәуірмен салыстырғанда транзакциялар саны 39,7%-ға, сомасы – 32,5%-ға ұлғайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі саны бойынша 89,0%-ға дейін (2020 жылғы сәуірде – 87,8%), көлемі бойынша – 64,8%-ға (64,4%) дейін өсті.

Халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 2020 жылғы мамырда 75,0 млрд теңге сомада 0,3 млн аударым болды. 2020 жылғы сәуірмен салыстырғанда ақша аударымдары көлемінің өсуі 2,9 есе болды. Жіберілген аударымдардың жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санынан 80,9% (0,2 млн транзакция) және жалпы сомасынан 94,2% (70,7 млрд теңге) жіберілді. Ақша аудару жүйелері арқылы Қазақстан бойынша жалпы санынан 19,1% (0,05 млн транзакция) және жалпы сомасынан 5,8% (4,4 млрд теңге) жүргізілді. Халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелден 20,5 млрд теңге сомаға 0,1 млн транзакция алынды.

8. 2020 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша зейнетақы жүйесі

2020 жылғы 1 мауымдағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2020 жылғы қаңтар-мамырда 865,6 млрд теңгеге немесе 8,0%-ға ұлғайып, 11 666,1 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы қаңтар-мамырдағы зейнетақы активтерін инвестициялаудан «таза» кіріс 2020 жылғы 1 маусымда 4 833,0 млрд теңгеге дейін 499,2 млрд теңгеге ұлғайды. 2020 жылғы 1 маусымда міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың дербес зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ қосқанда) 10,9 млн шотты құрады.

2020 жылғы қаңтар-мамырда зейнетақы төлемдерінің сомасы 62,4 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы 1 маусымда БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінде негізгі үлес Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына және Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздарына (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен тиісінше 41,5% және 27,1%) тиесілі.

Жоғарыға