1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№ 28 баспасөз релизі. Базалық мөлшерлемені 9,25%-ға дейін көтеру туралы

Нақты инфляция күтілген деңгейден жоғары болып қалыптасып отыр және тамыз айының қорытындылары бойынша 5,5%-ға жетті. Тұтынушылық сұраныстың кеңеюінен туындаған проинфляциялық қысым алдыңғы болжаммен салыстырғанда ұлғайды, бұл инфляцияны 2019 жылдың соңына қарай 5,7%-5,8% деңгейіндегі нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне итермелейді. Орташа мерзімді болжамды болашақта 2020 жылы инфляция аздап баяулай отырып, нысаналы 4-6% дәліздің ішінде болады деп күтіледі. 2019 жылғы 7 айда экономиканың өсуі Ұлттық Банктің болжамынан жоғары 4,2% деңгейінде қалыптасты, бұл экономикада проинфляциялық қысымды туындатады.

Ұлттық Банк инфляция бойынша мәлімделген бағдарға жету мақсатында базалық мөлшерлеме жөніндегі бұдан кейінгі шешімдерді нысаналы дәлізге қатысты қалыптасып отырған және болжанып отырған инфляция серпінінің сәйкес келуін, ішкі сұраныс тарапынан тәуекелдердің іске асырылуын, импорт өсімі мен әлемдік экономикадағы жағдайды есепке ала отырып қабылдайтын болады.

2019 жылғы тамызда жылдық инфляция 5,5%-дық деңгейде қалыптасты. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік тауарлары қосуын жалғастыруда, оларға бағалардың жылдық өсуі 9%-ды құрады (2018 жылғы желтоқсанда 5,1%). Сыртқы сұраныстың артуы және ішкі ұсыныстың төмендеуі аясында ет, нан-тоқаш өнімдері мен жарманың бағасы өсті. Бұл топтар бойынша жылдық өсу тиісінше 12,8% және 12,6% болды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы жылдық көрсеткіш бойынша 5,7%-дық қалыпты өсу қарқынын көрсетіп отыр (2018 жылғы желтоқсанда 6,4%). Бүкіл топ бағаларының жалпы өсуі бензин құнының төмендеуімен (жылдық көрсеткіш бойынша 5,2%-ға) және дизель отыны бағасының тұрақты болуымен шектелуде.

Ақылы қызметтер бағасының серпіні жылдық көрсеткіш бойынша 0,8%-дық тарихи ең төмен деңгейде сақталды (2018 жылғы желтоқсанда 4,5%). Реттелмейтін көрсетілетін қызметтер инфляциясының төмендеуі байқалады, бұл коммуналдық шығыстар мен бензин құнының төмендеуі аясында өндірістік шығындардың қысқаруымен байланысты.

Ағымдағы жылғы тамызда халықтың инфляциялық күтулері төмендеді. Халыққа жүргізілген пікіртерімнің деректері бойынша респонденттердің 60%-ы алдағы 12 ай ішінде инфляцияның ағымдағы деңгейінің сақталуын немесе төмендеуін күтеді. Респонденттер алдағы 12 айда инфляция 5,3% болады деп бағалайды.

Орта мерзімді болашақта жылдық инфляция нысаналы дәліздің шегінде қалыптасады. Дегенмен де, қысқа мерзімді болашақта тұтынушылық сұраныстың өсуі, жекелеген азық-түлік тауарлары бағасының жылдам өсуі, сондай-ақ реттелетін көрсетілетін қызметтерге тарифтердің төмендеуінен болған әсердің 2020 жылғы бірінші тоқсанда аяқталуының нәтижесінде оның артуы күтіледі, ол жиынтығында инфляцияның нысаналы дәліздің жоғарғы шекарасынан шығып кету тәуекелін тудырады.

Ұлғайып келе жатқан ішкі сұраныс инфляцияның негізгі факторы болып қала береді. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі 2019 жылғы қаңтар-маусымда 5,1% болды. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында нақты жалақы 8,9%-ға дейін өсті. Көрсеткіштің өсуі экономиканың барлық секторларында байқалды. Тұтынушылық сұраныстың кеңеюіне әлеуметтік қолдауға, жалақыға бюджеттік шығыстардың ұлғаюы және тұтынушылық кредиттеудің ағымдағы жылғы шілдеде жылдық көрсеткіш бойынша 24,1%-ға өсуін сақтау арқылы қолдау көрсетіледі. 2019 жылғы қаңтар-шілдеде бөлшек сауда айналымының 5,4%-ға өсуі байқалады. Тұтынушылық импорт ағымдағы жылғы 1-жартыжылдықта 4,8%-ға өсті. Негізгі үлес 7,3%-ға өскен азықтүлікке жатпайтын тауарлар импортының бөлігінде байқалады.

Ішкі экономикалық белсенділіктің өсуі Ұлттық Банктің күтуінен жоғары деңгейде сақталады. Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 4,4%- ға ұлғайды, оның ішінде құрылыста 11,5%-ға, саудада 7,5%-ға, көлікте 5,4%-ға, ауыл шаруашылығында 3,5%-ға, өңдеуші және тау-кен өндіру өнеркәсібінде тиісінше 3,2%-ға және 2,4%-ға өсті. Мұндай серпін 2019 жылғы қаңтар-тамызда 11,3%-ға өскен инвестициялардың кеңеюімен нығаяды. Импортталатын инвестициялық тауарларға сұраныс ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың (ТШО-ны кеңейту, «Сарыарқа» газ құбырын тарту және басқалары) іске асырылуы салдарынан 24,9%-ға ұлғайды.

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, 2019 жылы Қазақстанның экономикалық өсуі 3,8%- ды құрайды. Орта мерзімді перспективада Қазақстан экономикасының өсу қарқыны біршама баяулайды, бірақ 2020 жылы салыстырмалы жоғары – 3,5%-дық мәнде қалады. Қысқа мерзімді перспективада үй шаруашылықтарын тұтыну мен инвестициялық белсенділіктің өсуі негізгі қозғаушы күштер болады. Фискалдық ынталандыру әсерінің әлсіреуі және таза экспорт серпінінің төмендеуі нәтижесінде экономикалық өсудің кейінгі баяулауы болжанады.

Тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың өсуі аясында шығарылымның алшақтығы, яғни ЖІӨ-нің нақты және әлеуетті көлемі арасындағы айырмашылық болжамды болашақта экономикада проинфляциялық қысымның бар екендігін білдіре отырып, оң аймақта болады.

Сыртқы сектордың факторлары ішкі бағаларға теріс әсер етеді. Ағымдағы жылы мұнай бағасы төмендеді. Жыл басынан бері бағаның орташа деңгейі BRENT маркалы мұнайдың бір баррелі үшін 65 АҚШ долларын құрады (2018 жылы BRENT маркалы мұнайдың бір баррелі үшін 72 АҚШ доллары). Соңғы айларда мұнай бағасының құбылмалылығы байқалады. 2019 жылғы шілденің ортасынан бастап мұнайдың әлемдік бағасы АҚШ-та сұраныстың азаюына және өндіру көлемінің өсуіне байланысты құлдырай бастады, бұл жиынтығында әлемдік мұнай қорының өсуіне алып келді.

ФАО азық-түлік бағаларының индексі ағымдағы жылдың басынан бері тұтынудың өсуі және азық-түліктің жекелеген түрлері қорының күтілетін қысқаруы нәтижесінде 5,1%-ға өсті. Атап айтқанда, жыл басынан бері еттің (11%) және нан-тоқаш өнімдерінің (14%) әлемдік бағалары айтарлықтай өсті. Азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі Қазақстанның сауда әріптес елдеріндегі инфляцияның баяулауымен толық көлемде өтелмейді.

Сыртқы монетарлық талаптар орталық банктердің өздерінің негізгі мөлшерлемелерінің төмендеуі, мөлшерлемелердің болашақ траекториясына қатысты риториканың өзгеруі, сондай-ақ экономиканы ынталандыру шаралары нәтижесінде жеңілдеді.

Инфляцияның болжамды траекториясының артуының сыртқы факторлары әлемнің жетекші экономикалары арасындағы сауда саясатында шешілмеген келіспеушіліктер, соның салдарынан сауда соғыстарының күшейіп, әлемдік экономиканың баяулауы болып табылады, бұл қазақстандық экспортқа сұранысты төмендетеді.

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі теңгемен активтер тартымдылығының өсуіне әсер етеді және импорттың қымбаттауы арқылы инфляция деңгейінің өсу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.

Ағымдағы ақша-кредит талаптары бейтарап ретінде бағаланады. Базалық мөлшерлеменің деңгейі нақты көрсеткіш бойынша (болжамды болашақтың соңына дейін күтілетін инфляцияны ескере отырып) 3,0-3,5% нысаналы өлшемдер шегінде сақталады.

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша бұдан арғы шешімдері 2019-2020 жылдарға арналған 4-6%-дық нысаналы дәлізге қатысты қалыптасқан және болжанатын инфляция серпіні, ішкі экономика тарапынан тәуекелдер серпіні және әлемдік нарықтағы ахуал ескеріле отырып қабылданатын болады.

Транспаренттілікті арттыру және коммуникациялық стратегияны жақсарту мақсатында Ұлттық Банк өзінің ресми сайтында Төрағаның базалық мөлшерлеме туралы мәлімдемесін жариялайтын болады, бір аптадан соң «Инфляциялық шолу» орналастырылады, онда инфляцияға әсер ететін негізгі макроэкономикалық факторлардың толық талдауы және қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективадағы макроэкономикалық өлшемдер болжамы болады. Келесі екі аптаның ішінде болжамдық раундының нәтижелері, оның ішінде сараптамалық қоғамдастықпен кездесулер кеңірек жарияланады

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 28 қазанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сағат 15:00-де жарияланатын болады.

413.07 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға