Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 29 ақпан күні сағат 20:00-ден 01 наурыз 2:00-ге дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№ 20 баспасөз релизі. Қаржы нарығындағы ахуал туралы

Жыл басынан бері инфляция 2,4% (2018 жылғы қаңтар-мамырда – 2,4%) болды. Қаңтар-мамырда азық-түлік тауарларының бағасы 5,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 1,8%-ға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасы 1%-ға төмендеді.

Жылдық инфляция 5,3% деңгейде қалыптасты және 4-6% нысаналы дәлізінің ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 7,9%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 6,1%-ға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 1,3% болды.

2019 жылғы мамырда халықтың инфляциялық күтулері нақты инфляциядан кейін шамалы өсті. Халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы 4,7% болды (1-график).

2. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2019 жылғы мамырда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 28,0 млрд АҚШ долларына дейін 3,5%-ға немесе 946,7 млн АҚШ долларына (жыл басынан бері – 9,4%-ға немесе 2,9 млрд АҚШ долларына төмендеу) ұлғайды.

Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуі, банктердің Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтардың ұлғаюы және алтын сатып алу бойынша операциялар Ұлттық қордың активтерін толықтыру және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялармен ішінара бейтараптандырылды.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (58,6 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2019 жылғы мамырдың соңында 86,7 млрд АҚШ доллары болды.

Ақша базасы 2019 жылғы мамырда 16,2%-ға кеңейді және 6 617,5 млрд теңге (жыл басынан бері 0,5%-ға тарылу) болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 5 522,6 млрд. теңгеге дейін 8,6%-ға (7,9%-ға тарылу) кеңейді.

2019 жылғы мамырда ақша массасы, алдын ала деректер бойынша, 2,0%-ға ұлғайып, 19 737,5 млрд теңге (жыл басынан бері 5,2%-ға төмендеу) болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 245,9 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға (0,6%-ға төмендеу) ұлғайды.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банктің 2019 жылғы 3 маусымдағы шешімімен базалық ставка +/-1%-дық1 дәлізбен жылдық 9,00% деңгейінде сақталды.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) ставка болып табылатын TONIA индикаторы1 2019 жылғы мамырда көбіне Ұлттық Банктің базалық ставкасының пайыздық дәлізінің төменгі шегі деңгейінде қалыптасты (2-график). Мамырда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,04% (2019 жылғы сәуірде – 8,12%) болды.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2019 жылғы мамырдың соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 4,0 трлн теңге болды.

Тікелей РЕПО операциялары бойынша Ұлттық Банктің ашық позициясының көлемі 13,9 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 1 213,3 млрд теңгеге дейін көтерілді, оның ішінде депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі – 844,0 млрд теңге.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі 2019 жылғы мамырдың соңында бір айда 13,8%-ға қысқара отырып, 3 682,2 млрд теңгені құрады.

Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2019 жылғы мамырда 2 020 млрд теңгені құрады. 6 аукцион өткізілді, оның ішінде 1 791,9 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 8,65%), 123,1 млрд теңге сомаға 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 8,69%), 104,9 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 8,77%).

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі бір айда 3 068,8 млрд теңгені құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2019 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 125 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕУКАМ) орналастыруды жүзеге асырды. 4 аукцион өткізілді, оларда 14 жылдық, 18 жылдық, 20 жылдық және 25 жылдық МЕУКАМ орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 8,56% - 8,84% аралығында болды.

Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2019 жылғы мамырда 1,4%-ға ұлғайып, 7 672,7 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар мамырда кірістілік қисығы инверсиялық болып қалды, бірақ оның траекториясы теңескенін көрсетіп отыр, бұл қысқа мерзімді қазынашылық облигациялардың кірістілігі мен ұзақ мерзімді құралдардың кірістілігі арасындағы айырмашылықтың қысқарғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, кірістілік қисығы төменге қарай ығысты, бұл кез келген мерзімділіктегі құралдар үшін кірістіліктің төмендегенін көрсетіп отыр. Осы іс-әрекет сәуірде базалық ставка төмендеуінің салдары болды (3- график).

4. 2019 жылғы мамырдағы валюта нарығы

2019 жылғы мамырда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 378,01–382,56 теңге ауқымында өзгерді. 2018 жылғы мамырдың соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,4%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 382,56 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11,7 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі - 2,1 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 9,6 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс операциялардың едәуір көлемі (сауда-саттықтың жалпы көлемінен 80%-дан астам), негізінен өзара тиімді (сатып алу-сату) валюталық мәмілелерді жасау арқылы жекелеген банктердің өздерінің негізгі шетелдік компанияларынан валюталық тәуекелдерді хеджирлеуімен байланысты. Бір еншілес банктің валюталық тәуекелдерден меншікті капиталды хеджирлеуге байланысты операцияларының көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 12,1%-ға азайып, 7,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте, олардың биржадан тыс сауда-саттықтардың жалпы көлемінен үлесі 75,7%-ды (2019 жылғы сәуірде 76,5%) құрады. Аталған операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетелдік валютаға сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді.

2019 жылғы мамырда халық нетто-негізде 281,7 млрд теңгеге барабар сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 67,4% немесе 189,8 млрд теңге, Ресей рублін – 21,0% немесе 59,0 млрд теңге, еуро – 11,3% немесе 31,8 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Алдыңғы аймен салыстырғанда аталған шығыстар 1,8 есе ұлғайды. Шетел валютасына мамырдағы жоғары сұраныс едәуір девальвациялық күтулерге байланысты болды.

Валюта түрлері бойынша АҚШ долларын және Ресей рублін сатып алуға шығыстар 2,7 есе және 12,9%-ға ұлғайды, тиісінше, еуро сатып алуға шығыстар 0,5%-ға азайды.

5. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 2,0%-ға ұлғайып, 2019 жылғы мамыр айының соңында 17 491,6 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 8 984,2 млрд теңгеге дейін 3,5%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 8 507,4 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 10 646,6 млрд теңгеге дейін 5,2%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы – 6 845,0 млрд теңгеге дейін 2,6%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2019 жылғы мамырдың соңында 39,1% болды (2018 жылғы желтоқсанда – 48,4%).

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2019 жылғы мамырда 5 757,4 млрд теңгеге дейін 9,8%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы – 3 226,8 млрд теңгеге дейін 5,9%-ға төмендеді (заңды тұлғалар депозиттерінің 35,9%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4 889,2 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға, шетел валютасындағы – 3 618,1 млрд теңгеге дейін 0,6%-ға ұлғайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 42,5%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,5%-ға ұлғайып, 11 736,8 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 7 131,8 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 4 605,0 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 7,2%-ды (2018 жылғы желтоқсанда – 7,1%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 9,3%-ды (10,4%) құрады.

6. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2019 жылғы мамырдың соңында 12 760,1 млрд теңгені құрады (бір айда 1,5%-ға өсу). Заңды тұлғаларға кредиттердің көлемі 7 100,8 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға, жеке тұлғаларға – 5 659,3 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға ұлғайды.

Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін есепке алмағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 11,7%- ды немесе 1,2 трлн теңгені құрады.

Ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 10 330,0 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 2,1%-ға, жеке тұлғаларға – 2,4%-ға өсті. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 430,1 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,2%ға, жеке тұлғаларға 4,6%-ға төмендеді. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2019 жылғы мамырдың соңында 81,0%-ды құрады (2019 жылғы сәуірде – 80,4%).

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 10 902,8 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға өсті, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 1 857,3 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға төмендеді.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу бір айда 2 228,2 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға ұлғайды (экономикадағы кредиттердің жалпы көлемінен 17,5%-ы).

Салалар бойынша бөлінген банктердің экономикаға кредиттерінің ең қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,9%), сауда (13,3%), құрылыс (5,6%) және көлік (3,9%) сияқты салаларға тиесілі.

2019 жылғы мамырда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 11,9%-ды (2019 жылғы сәуірде – 12,0%), жеке тұлғаларға – 18,1%-ды (18,5%) құрады.

7. 2019 жылғы мамырдың қорытындылары бойынша төлем жүйелері

2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 20 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкаларының жүйелері жұмыс істейді.

2019 жылғы қаңтар-мамырда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 387,5 трлн теңге сомаға 16,5 млн транзакция жүргізілді (2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда төлемдердің саны 1,3%-ға азайды, ал сомасы 16,3%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күн ішінде аталған төлем жүйелері арқылы 3,9 трлн теңге сомаға 166,6 мың транзакция жүргізілді.

2019 жылғы мамырда Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың көлемі 2,4 трлн теңге сомаға 125,5 млн транзакцияны құрады (2018 жылғы мамырмен салыстырғанда транзакциялардың саны 2 есе ұлғайды, сомасы 57,5%-ға өсті). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер үлесі саны бойынша 73,6%-ға дейін (2018 жылғы мамырда – 63,3%), көлемі бойынша 42,6%-ға дейін (29,2%) ұлғайды.

2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының шығарылымын 22 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 25,1 млн бірлік болды. 2019 жылғы 1 маусымда Қазақстанда төлем жасауға төлем карточкаларын қабылдайтын 87,1 мың сауда кәсіпорны жұмыс істеді, төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі 10,6 мың банкомат, 144,8 мың POS-терминал болды.

2019 жылғы қаңтар-мамырда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 243,2 млрд теңге сомаға 1,1 млн аударымды құрады. 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ақша аударымдары көлемі 0,2%-ға төмендеді. Қазақстаннан тыс жерлерге жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінен транзакциялардың жалпы санының 93,4%-ы (1,0 млн транзакция) және жалпы сомасының 93,6%-ы (227,6 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударымы жүйелері арқылы ақша аударымдарының жалпы санынан 6,6% (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасынан 6,4% (15,6 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 145,8 млрд теңге сомаға 0,7 млн транзакция алынды.

8. 2019 жылғы мамырдың қорытындылары бойынша банк секторы

2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді.

Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылғы 1 маусымда 24 921,4 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бері 1,3%-ға төмендеді) құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 48,4%, бағалы қағаздар портфеліне – 21,5%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 12,2% тиесілі.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 281,8 млрд теңгені немесе несие портфелінің 9,7%-ын құрады.

Несие портфелі бойынша провизиялар 2 324,8 млрд теңге немесе несие портфелінің 17,5%-ы (2019 жылдың басында – 1 776,6 млрд тенге немесе 12,9%) мөлшерінде қалыптасты.

Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 21 888,2 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бері 1,5%-ға төмендеу) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлес клиенттердің салымдарына – 75,4%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздарға – 8,3%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздарға – 2,7% тиесілі. Банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері жиынтық міндеттемелерде 2019 жылдың басындағымен салыстырғанда 6,2%-дан 7,3%-ға дейін (1 495,5 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.

Банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2019 жылғы мамырда 0,4%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 033,2 млрд теңгені құрады.

Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 2019 жылғы қаңтар-мамырда 124,4 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді тиісінше 5,1% және 3,9% болды.

9. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша сақтандыру нарығы

2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша сақтандыру секторында 27 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2019 жылғы 1 маусымда 1 099,1 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап 4,8%-ға өсті)

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері жыл басынан бері 3,4%-ға 600,0 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қолданыстағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі жыл басынан бері 554,6 млрд теңгеге дейін 6,8%-ға өсті.

Меншікті капитал жыл басынан бері 6,6%-ға өсіп, 499,1 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 208,7 млрд теңгеге дейін 23,7%-ға өсті, оның ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 190,6 млрд теңге болды.

2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 54,9 млрд теңгеге дейін 89,4%-ға артты. «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық сақтандыру сыйлықақыларындағы үлесі 2018 жылғы 1 маусымдағы 17,2%-бен салыстырғанда 26,3%-ды құрады.

Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 36,5 млрд теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 17,5%-ын құрады. Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының 91,4%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді.

2019 жылдың басынан бері жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 54,4 млрд теңгені құрады, ол 2018 жылдың осындай кезеңіне қарағанда 72,7%-ға көп.

10. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша зейнетақы жүйесі

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2019 жылғы қаңтармамырда 516,5 млрд теңгеге немесе 5,5%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 9 894,2 млрд теңгені құрады.

Зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» пайда 2019 жылғы қаңтармамырда 226,8 млрд теңгеге ұлғайды, ол 2019 жылғы 1 маусымда 3 288,3 млрд теңгені құрады.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны есептегенде) 2019 жылғы 1 маусымда 9,9 млн шотты құрады.

2019 жылғы қаңтар-мамырда зейнетақы төлемдерінің сомасы 93,3 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы 1 маусымда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары және ҚР эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздары алады (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен тиісінше 40,7% және 28,7%.) 

431.89 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға