1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№ 12 баспасөз релизі. 2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген айналыстағы монеталарды айналысқа шығару туралы

Монеталардың дизайнын Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда мақұлдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 29 маусымдағы №162-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына өзгеріс енгізілді, оған сәйкес мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН» деген сөз латын графикасының негізіндегі әліпби пайдаланыла отырып «QAZAQSTAN» деп орындалды.

«QAZAQSTAN» деген жазуы бар Мемлекеттік Елтаңбаны пайдалану туралы талап 2018 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы теңге монеталары дизайнының міндетті элементі болып табылатындықтан, Ұлттық Банк 2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген айналыстағы монеталарды айналысқа шығару туралы шешім қабылдады, олардағы жазулар латын графикасының негізіндегі әліпби пайдаланыла отырып мемлекеттік тілде орындалған.

Айналыстағы монеталардың сырт жағында (реверсінде) «QAZAQSTAN» деген сөзі бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, сондай-ақ шығарған елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазу бар.

Айналыстағы монеталардың бет жағында (аверсінде) монеталар номиналының цифрлық бейнеленуі, сондай-ақ ұлттық валютаның «TEŃGE» деген атауы мен шығарған банк атауының қысқартылған белгісі «QUB» (Qazaqstan Ulttyq Banki) бар мәтіндік жазулар орналасқан.

2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 100 теңгелік айналыстағы монеталардың қырында (гуртында) «JÚZ TEŃGE» деген жазу бар.

Назар аударыңыз!

Айналыстағы монеталардың техникалық және заттай өлшемдері: массасы, диаметрі, қалыңдығы, металл құймасы өзгеріссіз сақталған. Төлем терминалдарын және басқа да кассаны қосымша қайта теңшеу талап етілмейді. Ескі және жаңа үлгідегі айналыстағы монеталар заңды төлем құралы болып табылады және барлық төлем түрлері бойынша қабылдануға міндетті!

300.98 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға