1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

IV бап бойынша ХВҚ-мен консультация қорытындысы туралы

2024 жылғы 7 ақпанда Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2023 жылы 8-21 қараша аралығында өткен консультациялар қорытындысы бойынша Персонал есебін (Staff Report) жариялады.

Қазақстанда едәуір экономикалық өсіммен қатар инфляцияның айтарлықтай төмендеуі де байқалады. Геосаяси жағдайдың ықпалы шектеліп, ЖІӨ тұрақты өсімі экономиканың мұнаймен бірге шикізаттық емес секторлары тарапынан да қамтамасыз етілді. Уақытылы қабылданған шаралар мен Қазақстанның сыртқы резервтерінің ауқымды көлемі сыртқы күйзелістерді еңсеруге ықпал етті.

ХВҚ миссиясы Ұлттық Банктің 2023 жыл бойы ұстамды ақша-кредит саясатына бейілділік танытқанын оң бағалады. Инфляция 2023 жылы 9,8%-ға дейін айтарлықтай төмендегенімен, әлі де мақсатты көрсеткіштен жоғары. ХВҚ болжамы бойынша, инфляция деңгейі 2026-2027 жылдары 5%-ға дейін төмендей береді. Инфляцияның одан әрі бәсеңдеуі және сыртқы резервтердің жинақталуы ҚР Үкіметі тарапынан фискалдық консолидацияны талап етеді.

ХВҚ есебіне сәйкес, Ұлттық Банк инфляция деңгейі мақсатты мәнге жақындап, инфляциялық күтулер тұрақталғанға дейін ұстамды ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыру ұсынылады. Сондай-ақ Ұлттық Банктің дербестігін нығайту және ақша-кредит саясатын, атап айтқанда, Ұлттық Банктің экономиканы қолдау бағдарламаларынан шығуы және Ұлттық Банк басшылығының жеке дербестігін арттыру жолымен сенімді арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет. Сонымен бірге, ХВҚ сарапшылары жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының ашықтығын, атап айтқанда, коммуникацияның жақсаруы мен инфляция бойынша ай сайынғы есептердің жариялануында айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.

2023 жылы Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) қорытындысы бойынша, ХВҚ қаржы секторының тұрақтылығын жақсарту және оның саясатын күшейту үшін негізгі реформаларды анықтады. Дағдарысқа қарсы басқару және банк проблемаларын шешу тетіктерімен бірге, институционалдық әлеует пен қаржы секторын қадағалауды нығайту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін күшейту басым міндеттерге жатады.

ХВҚ пікірі бойынша, 2024 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны Теңіз кен орнын кеңейту мерзімінің кешігуіне қарамастан тұрақты мұнай өндіру жағдайында қалыпты 3,1% деңгейінде сақталады деп күтілуде. Сонымен қатар, сыртқы орта қысқамерзімді перспективада (геосаяси жағдайға, инфляцияға және жаһандық экономикалық және қаржылық жағдайларға байланысты) және ортамерзімді перспективада (геоэкономикалық бөлшектену, климаттың өзгеруі, жаһандық декарбонизация) тұрақсыз болып қалмақ. Сондай-ақ ХВҚ сарапшылары 2025 жылы ЖІӨ өсімі 5,7% деңгейінде болады деп болжайды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға