1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Экономиканың нақты секторындағы жобаларды кредиттеу аясында БЖЗҚ зейнетақы активтерін нарық шарттарына сай инвестициялау туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыру үшін 2024-2025 жылдарға жоспарланған инвестициялау аясында БЖЗҚ зейнетақы активтерін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ облигацияларына нарық шарттарына сай жылдық 13% кірістілікпен және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен 173 млрд теңгеге «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ облигацияларын сатып алатынын хабарлайды. 

Қазақстан қор биржасында орналастырылған облигациялардың жалпы көлемі 190 млрд теңгені құрады. Осы облигацияларды орналастыруға жалпы сомасы 17 млрд теңгеге БЖЗҚ-дан өзге де инвесторлар қатысты.

Жоғарыда аталған облигацияларды сатып алу – нақты кірістілік алу бойынша ұзақмерзімді мақсаттарға сәйкес келеді және салымшы зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етеді.  

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыруға жұмсайды. Осы жобаларды іске асыру – экономиканы әртараптандыру және өсіру мақсаттарына сәйкес келеді, сонымен бірге, теміржол көлігімен жүк және жолаушы тасымалдау саласындағы транзит пен көліктік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған облигациялар эмиссиясының проспектісінде борыштың негізгі сомасын мерзімінен бұрын қайтару көзделгенін атап өткен жөн. Мәселен, эмитент 5 жыл өткеннен кейін жыл сайын облигация ұстаушыларға тиесілі облигациялардың бір бөлігін олардың талабы бойынша бастапқы орналастыру көлемінің 10%-на дейінгі мөлшерде номиналды құнына сай сатып алуға міндетті.

Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы мәліметтер ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға