1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№18 баспасөз релизі. 2021 жылдың тамыз айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылдың тамыз айында инфляция
0,5% (2020 жылғы тамызда – 0,1%) болды.

Жылдық инфляция 8,7% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,5%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 7,3%-ға, ақылы қызметтер – 6,6%-ға өсті.

2021 жылдың тамыз айында халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 8,8% болды.

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылғы тамызда, алдын ала деректер бойынша, 5,2%-ға (жылдың басынан бастап 3,3%-ға) ұлғайып, 36,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Резервтердің ұлғаюы Халықаралық валюта қорынан арнайы қарыз алу құқығын (SDR) алу аясында еркін айырбасталатын валютадағы активтердің, сондай-ақ алтын портфелінің өсуіне байланысты болды.

Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (56,9 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылы тамыздың соңында 93,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2021 жылы тамызда біршама азайып, 10 298,2 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап 5,3%-ға ұлғайды). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3%-ға 6 300,2 млрд теңгеге дейін (жыл басынан бастап – 23,8%-ға) кеңейді.

2021 жылғы тамызда ақша массасы 0,6%-ға азайып, 28 056,2 млрд теңге болды (жыл басынан бастап 12,6%-ға өсті), айналымдағы қолма-қол ақша 0,7%-ға, 3 014,5 млрд теңгеге дейін азайды (жыл басынан бастап 6,6%-ға өсті).

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2021 жылы 13 қыркүйекте Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме саналатын TONIA индикаторы[1] 2021 жылғы тамызда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2021 жылғы тамызда TONIA орташа алынған мәні жылдық 9,1%-ды құрады (2021 жылғы шілдеде – 8,4%).

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2021 жылы тамыз айының соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 4,9 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 33,6 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 512,1 млрд теңге болды. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 1 233,8 млрд теңге болды.

Айналымдағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 4,6%-ға азайып,
2021 жылы тамыздың соңында 3 159,8 млрд теңге болды.

2021 жылдың тамыз айында жалпы сомасы 2 007,7 млрд теңгеге 7 аукцион өткізілді, оның ішінде 1 615,8 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша – 5 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,22%), 292,0 млрд теңгеге 3 айлық ноттар бойынша
– 1 аукцион (кірістілік – 9,33%), 100 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша
– 1 аукцион (кірістілік – 9,44%).

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2021 жылғы тамызда 1 979,9 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары.

2021 жылы тамызда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 86,9 млрд теңгеге орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Тамызда барлығы 9 облигация орналастырылды, онда 4 жылдан 15 жылға дейін өтеу мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар тұр. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 10,36%-дан 10,78%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 2021 жылғы тамызда 0,4%-ға төмендеп, 10 169,1 млрд теңге[2] болды.

Биылғы тамыздың соңында тәуекелсіз кірістілік қисығы[3] орта мерзімді және ұзақ мерзімді сегменттерде төмендеді. Қысқа сегментте кірістілік қисығының өсуі салық аптасы аясында 2021 жылғы тамыздың соңында 1 күндік РЕПО мөлшерлемесінің өсуіне байланысты болды.

 

  1. Валюта нарығы

2021 жылғы тамызда теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 423,76 – 427,13 теңге аралығында өзгерді. Тамыз соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,2%-ға аздап әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 425,42 теңгені құрады.

Теңге-АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,6 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,7 млрд АҚШ долларына, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,9 млрд АҚШ долларына теңесті. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 68,3% немесе 6,8 млрд АҚШ долларын құрады (2021 жылғы шілдеде – 63,6% немесе 6,7 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына әсер етпейді.

2021 жылғы тамызда халық нетто-негізде 242,9 млрд теңгеге балама болатын сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда, бұл шығыстар 8,7%-ға азайды (2021 жылғы шілдеде – 266,2 млрд теңге), 2020 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (220,6 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 10,1%-ға ұлғайды. Шығыстың негізгі көлемі АҚШ долларын сатып алуға – 60,5% немесе 146,9 млрд теңге, Ресей рублін сатып алуға – 26,8% немесе 65,0 млрд теңге, еуроны сатып алуға – 12,5% немесе 30,4 млрд теңге бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыс 12,3%-ға (өсу 1,2% ж/ж), Ресей рублін сатып алуға – 1,5%-ға (8,8%-ға ж/ж өсу) және еуроны сатып алуға – 5,7%-ға қысқарды (өсу 2,0 есе ж/ж ).

  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,6%-ға азайып (жылдық мәнде өсу 21,1% болды), 2021 жылғы тамыздың соңында 25 041,8 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиті бір айда 12 758,5 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиті 12 283,3 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 15 974,5 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға төмендеді, шетел валютасында 9 067,3 млрд теңге деңгейінде сақталды. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы тамыздың соңында 36,2% (2020 жылғы желтоқсанда – 37,3%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы тамызда 7 935,2 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға, шетел валютасында – 4 823,3 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 37,8%-ы) азайды.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 039,3 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға, шетел валютасында 4 244,0 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға өсті (жеке тұлғалар депозиттерінің 34,6%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,4%-ға азайып, 17 193,7 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 025,0 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 6 168,7 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы тамызда 7,3% (2020 жылғы тамызда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,3% (9,8%) болды.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 2,7%-ға ұлғайып (жылдық мәнде өсу 15,9% болды), 2021 жылғы тамыздың соңында 16 456,5 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі бір айда 7 221,5 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға, жеке тұлғаларға – 9 235,0 млрд теңгеге дейін 4,2%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 14 560,6 млрд теңгеге дейін 3,2%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,6%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 4,2%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 895,8 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,6%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 5,4%-ға төмендеді. 2021 жылғы тамыздың соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 88,5% (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 14 167,7 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 288,7 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы тамызда 2 894,1 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға ұлғайды (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 40,1%-ы).

Корпоративтік секторды сала бойынша бөлуде банктердің экономикаға берген кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (корпоративтік сектордың жалпы көлеміндегі үлесі – 32,1%), сауда (21,1%), құрылыс (7,4%) және көлік (5,6%) сияқты салаларға тиесілі.

2021 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,6% (2020 жылғы тамызда – 11,9%), жеке тұлғаларға – 17,2% болды (17,1%).

  1. Төлем жүйелері

2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2021 жылғы тамызда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 63,4 трлн теңгеге 5,5 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы шілдемен салыстырғанда, саны бойынша 11,3%-ға, сомасы бойынша – 0,5%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 3,0 трлн теңге сомасына 260,5 мың транзакция жүргізілді

2021 жылғы 1 қыркүйекте 18 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 55,7 млн бірлік болды. Оның ішінде 2021 жылғы тамызда төлем карточкаларының 47,9%-ы (26,7 млн) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2021 жылғы тамызда 8,6 трлн теңгеге 616,1 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы шілдемен салыстырғанда, транзакциялар саны 4,7%-ға, сомасы – 4,3%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 96,2% (592,9 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 79,4% (6,8 трлн теңге) болды.

2021 жылғы тамызда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 105,4 млрд теңгеге 0,3 млн аударым болды.
2021 жылғы шілдемен салыстырғанда, ақша аударымдарының көлемі 8,4%-ға ұлғайды. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінің ішінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санының 94,7%-ы (0,3 млн транзакция) және транзакциялардың жалпы сомасының 95,2%-ы (100,3 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санының 5,3%-ы (0,01 млн транзакция) және жалпы сомасының 4,8%-ы (5,1 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 24,3 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2021 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 32,4 млрд теңгеге немесе 0,25%-ға ұлғайып, 12 945,8 млрд теңге болды.

2021 жылғы қаңтар-тамызда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2021 жылғы 1 қыркүйекте 6 492,5 млрд теңгеге дейін 938,9 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2021 жылғы
1 қыркүйекте 10,9 млн шот болды.

2021 жылғы қаңтар-тамызда зейнетақы төлемдерінің сомасы 2,0 трлн теңгені құрады.

2021 жылғы 1 қыркүйекте БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 39%-ы және 25%-ы) алады.

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ себетінің бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасында МБҚ есепке алмағанда)

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға