1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№49 баспасөз релизі. 2020 жылғы қазандағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2020 жылғы қазанда инфляция 0,6% (2019 жылғы қазанда – 0,6%) болды.

Жылдық инфляция 7,0% (2019 жылғы желтоқсанда – 5,4%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 10,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,6%-ға, ақылы қызметтер – 3,7%-ға өсті.

2020 жылғы қазанда халықтан алынған сауалнаманың қорытындысы бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 7,3% болды.

2. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2020 жылғы қазанда алдын ала деректер бойынша негізінен мемлекеттік қарыз бен валюталық интервенцияларды төлеуге байланысты 0,6%-ға төмендеп, 33,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (56,3 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, алдын ала деректер бойынша, 2020 жылғы қазанның соңында 89,9 млрд АҚШ долларын құрады.

2020 жылғы қазанда ақша базасы 7,1%-ға (жыл басынан бері – 40,2%-ға) ұлғайып, 9 661,8 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін қоспағандағы ақша базасы 8,1%-ға (жыл басынан бері – 2,1%-ға тарылды) 5 317,5 млрд теңгеге дейін кеңейді.

Ақша массасы 2020 жылғы қазанда 2,3%-ға (жыл басынан бері – 16,0%-ға) ұлғайып, 24 741,9 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 804,4 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға төмендеді (жыл басынан бері 21,9%-ға ұлғайды).

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк 2020 жылғы 26 қазанда базалық мөлшерлемені +/-1,5 п.т. пайыздық дәлізімен 9% деңгейінде сақтау1 туралы шешім қабылдады. Бұл шешім бірмезгілде іскерлік белсенділікті ынталандыру кезінде инфляциялық процестердің серпінін бақылауды сақтауға бағытталған.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы2 2020 жылғы қазанда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2020 жылғы қазанда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,99% (2020 жылғы қыркүйекте – 8,59%) болды.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2020 жылғы қазанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,6 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 1,3 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 261,0 млрд теңгені құрады. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 652,8 млрд теңгені құрады.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 12,4%-ға төмендеп, 2020 жылғы қазанның соңында 2 778,6 млрд теңге болды.

2020 жылғы қазанда 925,3 млрд теңгеге 6 аукцион өткізілді, оның ішінде 700,1 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,03%), 125,2 млрд теңгеге 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,54%), 100,0 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,87%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2020 жылғы қазанда 1 350,7 млрд теңге болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары. 2020 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 406,3 млрд теңгеге ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕУКАМ) орналастыруды жүзеге асырды. Жалпы 20 аукцион өткізілді, оған өтеу мерзімі 204 күннен 19,3 жылға дейінгі мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 9,83%-дан 10,52%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2020 жылғы қазанда 6,6%-ға ұлғайып, 10 824,6 млрд теңге болды.

2020 жылға қазанның соңында кірістілік қисығы3 ағымдағы айдың басымен салыстырғанда барынша көлбеу болды.

4. Валюта нарығы

2020 жылғы қазанда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 427,28 – 432,66 теңге аралығында өзгерді. 2020 жылғы қазанның соңында теңгенің АҚШ долларына биржалық бағамы бір айда 0,2% әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 432,66 теңгені құрады.
Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11,5 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,4 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,1 млрд АҚШ доллары болды. Бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде үлесі 80,6% немесе 7,4 млрд АҚШ доллары (2020 жылғы қыркүйекте – 80,5% немесе 7,3 млрд АҚШ долл.) болды, бұл олардың меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеумен байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына әсер етпейді.

2020 жылғы қазанда халық нетто-негізде 272,4 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Бұл шығыстар өткен аймен салыстырғанда 5,9%-ға азайды (2020 жылғы қыркүйекте – 289,3 млрд теңге), 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (250 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 8,8%-ға ұлғайды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 65,1% немесе 177,3 млрд теңге, Ресей рублін – 24,8% немесе 67,5 млрд теңге, еуроны – 10,0% немесе 27,3 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 3,7%-ға (2019 жылғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға төмендеді), Ресей рублін сатып алу 6,3%-ға (өсу 35,1%-ға ж/ж) және еуроны сатып алу – 16,1%-ға (өсу 1,5 есе ж.ж) төмендеді.

5. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2020 жылғы қазанның соңында бір айда 2,6%-ға ұлғайып, 21 937,5 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 599,6 млрд теңгеге дейін 4,1%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері – 10 337,9 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға өсті.

Ұлттық валютамен депозиттер көлемі бір айда 12 980,7 млрд теңгеге дейін 2,8%-ға, шетел валютасымен – 8 956,8 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2020 жылғы қазанның соңында 40,8% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютамен депозиттері 2020 жылғы қазанда 6 876,1 млрд теңгеге дейін 3,8%-ға ұлғайды, шетел валютасымен 4 723,5 млрд теңгеге дейін 4,6%-ға ұлғайды (заңды тұлғалар депозиттерінің 40,7%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 6 104,6 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға, шетел валютасымен – 4 233,3 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға ұлғайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 40,9%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 2,3%-ға ұлғайып, 14 869,7 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютамен салымдар 8 920,1 млрд теңгені, шетел валютасымен салымдар – 5 949,5 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютамен мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,0% (2019 жылғы қазанда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,5% (9,2%) болды.

6. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,7%-ға ұлғайып, 2020 жылғы қазанның соңында 14 441,3 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 0,3%-ға 7 283,7 млрд теңгеге дейін төмендеді, жеке тұлғаларға – 1,6%-ға 7 157,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютамен кредиттердің көлемі бір айда 1,2%-ға 12 305,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,5%-ға, жеке тұлғаларға – 1,7%-ға ұлғайды. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2,4%-ға 2 135,72 млрд теңгеге дейін азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2,2%-ға, жеке тұлғаларға – 6,6%-ға азайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2020 жылғы қазанның соңында 85,2%-ды (2019 жылғы желтоқсанда – 83,4%-ды) құрады.

Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 0,7%-ға 12 436,9 млрд теңгеге дейін, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 0,6%-ға 2 004,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2020 жылғы қазанда 2,9%-ға 2 297,3 млрд теңгеге (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 15,9%-ы) дейін ұлғайды.

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға кредиттерінің қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,6%), сауда (11,5%), құрылыс (5,0%) және көлік (3,4%) сияқты салаларға тиесілі.

2020 жылғы қазанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,8% (2019 жылғы қазанда – 12,0%), жеке тұлғаларға – 16,9% (18,0%) болды.

7. Төлем жүйелері

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 17 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2020 жылғы қазанда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 44,2 трлн теңге сомасына 4,4 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда саны бойынша азаю 5,5% болды, ал сомасы 4,4%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 1,9 трлн теңге сомасына 199,6 мың транзакция жүргізілді.

2020 жылғы 1 қарашаға Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын 21 банк пен «Қазпошта» АҚ шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 45,4 млн бірлік болды. Олардың ішінде ағымдағы жылғы қазанда төлем карточкаларының 56,5%-ын ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақша алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.

2020 жылғы қазанда Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалану арқылы 5,5 трлн теңге сомасына 344,2 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда транзакциялар саны 4,7%-ға, сомасы – 6,8,4%-ға ұлғайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі саны бойынша 92,7%-ға дейін (2020 жылғы қыркүйекте – 92,4%), көлемі бойынша – 71,5%-ға (70,8%) дейін өсті.

8. Зейнетақы жүйесі

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2020 жылғы қаңтар-қазанда 1 819,9 млрд теңгеге немесе 16,85%-ға ұлғайып, 12 620,4 млрд теңге болды.

2020 жылғы қаңтар-қазанда зейнетақы активтерін инвестициялаудан «таза» кіріс 1 107 млрд теңгеге 2020 жылғы 1 қарашада 5 440,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ қосқанда) 2020 жылғы 1 қарашада 11,0 млн шот болды.

2020 жылғы қаңтар-қазанда зейнетақы төлемдерінің сомасы 155,3 млрд теңге болды.

2020 жылғы 1 қарашаға БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары және Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 45,5%-ы және 26,5%-ы) алады.

9. Экономиканың нақты секторы кәсіпорындарына жүргізілген мониторинг нәтижелері

Экономиканың нақты секторындағы ахуалды бағалау мақсатында 2020 жылғы 3-тоқсанда кәсіпорындарға кезекті пікіртерім жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын көрсететін мониторингке қатысушы кәсіпорындардың саны 2020 жылғы 3-тоқсанда 3 276 кәсіпорын болды.
Мониторинг нәтижелері әлсіз сұранысқа, кәсіпорындардың дайын өнімі бағасының өсуінің тежелуіне, қаржылық жағдайы күрделі кәсіпорындар үлесінің артуына байланысты нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің төмен қарқынының сақталуын көрсетеді. Сонымен қатар, инвестициялық белсенділіктің, сату пайдалылығының, өндіріс көлемінің сәл өскені, берілген кредиттер көлемінің шамалы ұлғайғаны және кредиттер бойынша теңгемен пайыздық мөлшерлемелердің төмендегені байқалады.

2020 жылғы 3-тоқсанда нақты секторда дайын өнімге сұраныстың біртіндеп қалпына келуі байқалды, диффузиялық индекс (бұдан әрі-ДИ) 44,9-ға дейін өсті. Индекстің өсуі қызмет көрсету секторында (ДИ=43,0) және тауар өндіру секторында (46,7) байқалды.

Өндіріс көлемі артты, ДИ 43,1-ден 51,4-ке дейін өсті. Пандемия мен карантиндік шараларға байланысты ағымдағы жылдың динамикасы өндіріс көлемінің өсуі 2-тоқсаннан басталған өткен үш жылдағы үдерістен өзгеше.

Кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі шамалы өсті: негізгі құралдарды қаржыландыруды жүзеге асырмаған кәсіпорындардың үлесі (32,9%-ға дейін) азайды, негізгі құралдарды өз қаражаты (67,0%-ға дейін) және банк кредиттері (6,6%-ға дейін) есебінен қаржыландырған кәсіпорындардың үлесі ұлғайды. Кәсіпорындардың көпшілігі негізгі және айналым қаражатын қаржыландыру үшін бұрынғыдай өз қаражатын пайдаланады (тиісінше 67,0% және 84,3%).

2020 жылғы 3-тоқсанда сұрау жасалған кәсіпорындардың 17,3%-ы кредит алу үшін банкке жүгінді, кәсіпорындардың 16,4%-ы (немесе кредит алу үшін жүгінгендердің 94,8%-ы) кредит алды. Кредит беруден бас тарту үлесі пікіртерімге қатысушылардың жалпы санының 0,9%-ын (кредит алуға өтініш білдіргендер санының 5,2%-ын) құрады.

2020 жылғы 4-тоқсанда сұрау жасалған кәсіпорындардың 15,4%-ы кредит алу үшін өтініш беруге ниетті болды. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесі - 20,7%-ды, тау-кен өнеркәсібінде-9,6% -ды құрайды.

2020 жылғы 3-тоқсандағы пікіртерім нәтижелері бойынша кәсіпорындардың 37,0% үшін Қазақстан экономикасының жай-күйі бизнес жүргізуге кедергі болып табылады. Қазақстанда бизнесті жүргізудегі басқа да негізгі кедергілер нарықтық бәсекелестік (28,8%), сұраныстың жеткіліксіздігі (22,3%), салық ауыртпалығының деңгейі (21,1%) болып табылады. Бұл ретте қаржыландыруға қолжетімділік (банктік кредиттеу талаптары) маңыздылығы бойынша алтыншы орында (13,1%) ғана орналасқан.

Кәсіпорындар пікіртерімінің жинақтық бағалауын білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) серпіні ең жоғарғы шегіне қол жеткізуді және экономикадағы жағымсыз жағдайдың тұрақтануын көрсетті, КОИ 2-тоқсандағыдай 99,0 деңгейінде сақталды. 2020 жылғы 4-тоқсанда респонденттер экономикалық белсенділіктің біршама жандануын (КОИ – 99,4) күтеді.

1 Бір мезгілде ұқсас деңгейге (9,00%) дейін ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі сақталды

2 Биржада МБҚ-мен автоматты репо секторында жасалған, мерзімі бір жұмыс күндік репоны ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме

3 Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға