1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк ФРЖ саясатының қаржы нарықтарына әсері және теңге серпіні туралы

Қаңтарда қаржы нарықтарының назары «Омикрон» штамынан Федералды резервтік жүйенің кейінгі саясатына ауысты. АҚШ ФРЖ биылғы наурызда көтеруге кірісуге дайын екендігін білдірді, бұл тәуекелді активтердің серпіні үшін теріс фактор болды. Сонымен бірге, мұнайға белгіленген баға қайтадан рекорд орната бастады. Өткен айда теңгенің бағамына, халықаралық резервтерге қандай факторлардың әсер еткені жөнінде ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Ә.М. Молдабекова түсіндіріп берді.

 Әлия Мейірбекқызы, қаңтарда қаржы нарықтарына қандай негізгі оқиғалар әсер етті?

– Өткен айдағы жаңалықтар легінде АҚШ ФРЖ-ның қаңтардағы отырысының қорытындысы басым болды. Реттеушінің мөлшерлемені өзгеріссіз – 0-0,25% деңгейінде сақтау жөнінде күтілген шешіміне қарамастан, бағаның өсуіне байланысты жағдайдың нашарлауы және инфляцияның 40 жылдық рекорд: жылдан жылға 2021 жылғы желтоқсанда 7%-ға жетуі аясында АҚШ орталық банкінің мөлшерлемені көтеруге кірісуге дайындығы негізгі себеп болды.

Нәтижесінде инвесторлар өздерінің күтулерін едәуір түзетіп, 2022 жылғы наурызда төрттен бір пайызға өсу ықтималдығы жоғары ФРЖ мөлшерлемесінің тез өсуіне негіз жасады. Сонымен қатар, нарықтың ағымдағы күтулері биылғы жылдың соңына дейін пайыздық мөлшерлеменің 5 рет көтерілуін көрсетеді, бұл өте қатаң сценарий болып табылады.

Бұл АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің, әсіресе кірістілік қисығының қысқа сегментінде өсуіне әкелді. Осылайша, АҚШ-тың 2 жылдық МБҚ кірістілігі қаңтарда 1,18%-ға дейін 45 базистік тармаққа өсті. Барынша жоғары кірістілікті күту аясында АҚШ долларының бағамы +0,9%-ға нығайды, бұл дамушы елдердің валюталарына қысым жасайды.

АҚШ ФРЖ-ның қатаң риторикасы қаржы нарықтарындағы құбылмалылыққа әкелді. Қаңтарда қор нарықтары айтарлықтай төмендеді – MSCI World индексі 27 қаңтарда 8,5%-ға барынша түсіп, 5,3%-ға төмендеуді көрсетті. VIX құбылмалылық индексі бір ай ішінде 30-дан жоғары белгіге жетіп, ең жоғары 38,94 тармақ 24 қаңтарда тіркелді, бұл таяудағы 30 күнде қор индекстері ауытқуларының артуы күтілетінін көрсетеді.

Сонымен бірге, омикрон штамының әлемдік экономика мен қаржы нарықтарына әсері қаңтарда екінші кезекке қалды. Локдаундарға және ХВҚ-ның 2022 жылғы экономикалық өсу перспективалары бойынша өткен бағалаудан 0,5 п.т. төмен 4,4%-ға дейін түзетулеріне байланысты қаңтарда PMI Global іскерлік белсенділік индексінің баяулауы туралы деректерге қарамастан, көптеген талдаушылар коронавирустың жаңа штаммының қаржы нарықтарына қысқа мерзімді әсерін күтуде. Covid-19 жұқтыру оқиғаларының саны ОАР-да, Англияда, АҚШ-та төмендеп жатыр.

 Осы жылдың басынан бері мұнай нарығында жағдай қалай қалыптасты?

– Омикрон штаммына қатысты алаңдаушылықтың төмендеуі мұнай нарығына оң әсер етті. Қаңтар айында Brent маркалы мұнай бағасы бір баррелі үшін 91,21 долларға дейін 17,3%ғ-а өсіп, 2014 жылдан бері алғаш рет 90-дан асып, біршама өсті.

Қаңтардың басынан бері мұнай нарығында қара алтынға сұраныс қалпына келуі бойынша күтулер қалыптасты. АҚШ-та өңделмеген мұнай қоры бойынша деректер қаңтардың бірінші аптасында айтарлықтай – бір аптада 4,55 млн баррельге төмендеуді көрсетті. АҚШ-тың Халықаралық Энергетикалық Агенттігінің директоры мұнайға сұраныс серпіні күтілгеннен жоғары болғанын атап өтті. ОПЕК өзінің ай сайынғы есебінде 2021 жылғы қарашадағы соңғы деректер бойынша ЭЫДҰ елдеріндегі мұнай қоры 5 жылдық орташа мәннен айтарлықтай төмен болғанын хабарлады.

Сұраныстың қалпына келу белгілерінен басқа, мұнай өнімдерінің құны артуына геосаяси оқиғалар мен эпизодтар аясында мұнай ұсынысы төмендеу тәуекелі, оның ішінде Ресей мен Украина арасында геосаяси шиеленістің ушығу тәуекелі, БАӘ мұнай объектілеріне дронмен шабуыл жасалғаны туралы хабар әсер етті.

2 ақпанда ОПЕК + кезекті отырысы өтті, альянс мүшелері наурызда бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес өндірісті тәулігіне 0,4 миллион баррельге арттыру туралы шешім қабылдады. Алайда, мұнай өндірудің нақты деңгейі рұқсат етілген квоталардан төмен болып отырғанын атап өту қажет  қаңтарда өсім жоспарланған 0,4 млн квотаның орнына тәулігіне 0,25 млн баррельді құрады. Нәтижесінде, мұнайдың шектеулі қорлары альянс елдерінің өндіруді баяу қалпына келтіруімен бірге 7 ақпанда бір барреліне 94 АҚШ доллары ең жоғары көрсеткішке жеткен баға белгілеудің одан әрі өсуін қолдады. Жаңалық аясына Сауд Арабиясының бағаны өсіруі де әсер етеді  Saudi Aramco мәлімдемесі бойынша наурызда барлық өңірлер үшін мұнайдың барлық сұрыптарына баға көтеріледі.

 Қаңтарда теңге әлсіреуіне не әсер етті, валюта нарығындағы ағымдағы жағдай қандай?

– Қаңтардың басында бұрын-соңды болмаған оқиғалардан кейін валюта нарығындағы жағдай толығымен қалыпқа келді. Бұрын атап өткеніміздей, бір аптаға жуық сауда-саттық болмағаннан кейін шетел валютасына жинақталған сұраныс пайда болды және сатушылардың саны шектеулі болуы кезінде, 12 және 13 қаңтарда Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізді. Олардың көлемі 240 млн АҚШ долларын құрады. Бұдан кейін бір ай ішінде Ұлттық Банктің араласуы талап етілмеді.

Мұнай нарығындағы оң серпін теңгеге негізгі қолдау көрсетті. Алайда, мұнай бағасының өсуіне қарамастан, қаңтарда теңге бағамы 433,52-ге дейін 0,4%-ке әлсіреді, бұл АҚШ долларының жаһандық нығаюын, негізгі сауда серіктестері валюталарының әлсіреуін және бейрезиденттердің ҚР борыштық нарығынан әкетілуінің жалғасуын көрсетеді.

2022 жылғы қаңтарда бейрезиденттердің ҚР МБҚ-ға инвестициялары 595,5 млрд теңгеден 543,8 млрд теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде, шетелдік қатысушылардың ҚР МБҚ-дағы үлесі 4,26%-тен 4,04%-ке дейін төмендеді.

ҚР-дың негізгі сауда серіктесі-Ресей рублінің динамикасы бір ай ішінде геосаяси тәуекелдердің өсуі аясында теріс болды. Украинамен жағдайдың шиеленісуіне және санкциялар қаупіне байланысты рубль бір айда 2,85%-ке әлсіреді, жекелеген күндері 2020 жылғы қарашандан бері алғаш рет 80 рубльден асты.

Ұлттық қор тарапынан бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін валюта ұсынысының көлемі қаңтарда 696 млн АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектор компаниялары тарапынан сату 346,5 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені көтеруі теңгеге қосымша қолдау көрсете отырып, теңгелік құралдардың салыстырмалы тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді.

Ақпанның басынан бастап теңге 427,95 деңгейіне дейін 1,3%-ке нығайды. Ұлттық валютаның оң динамикасының негізгі факторлары ретінде бір баррель үшін 90-91 АҚШ доллары белгісінен жоғары тұрған мұнайдың жоғары бағасы, Украинамен болған жағдай бойынша геосаяси тәуекелдердің төмендеуі және соның салдарынан Ресей рублінің нығаюы (ай басынан бастап 3%-ке) болып табылады. Қараша-желтоқсанда позицияларды белсенді өсіргеннен кейін заңды тұлғалар тарапынан шетел валютасына сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ республикалық бюджетке эскпорттаушылардың салық төлемдері алдындағы қолайлы маусымдық фактор ұлттық валютаға қолдау көрсетеді.

 Жыл басынан бері алтын-валюта резервтері қалай өзгерді?   

– Алтын-валюта резервтері биылғы жылғы қаңтардың соңында 33,45 млрд долларды құрап, жыл басынан бері 930 млн долларға төмендеді. АҚШ ФРЖ кезекті отырысынан кейін доллардың нығаюы аясында қаңтарда алтынның бағасы бір унция үшін 1820 доллардан 1791 долларға дейін 1,6%-ке төмендеді. Алтынвалюта резервтері құрамындағы алтын портфелі бағалы металл бағасын төмендету және опциондық стратегиялар шеңберінде алтынды сату есебінен қаңтарда 1,4 млрд долларға қысқарды.

Резервтердің валюталық бөлігінің өзгеруіне Ұлттық Банктің корреспонденттік шоттарында ЕДБ қалдықтарының ұлғаюы, 125 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі мемлекеттік борышты және Ұлттық Банктің интервенциясын төлеу әсер етті. Нәтижесінде АВР құрамындағы еркін айырбасталатын валютадағы активтер 430 млн АҚШ долларына өсті, бұл алтын бағасының төмендеуін біршама теңшеді.

 Қаңтарда Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?

– Алдын ала деректер бойынша, қаңтар айының соңына Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда 1,4 млрд АҚШ долларына төмендеп, 53,9 млрд АҚШ долларын құрады.  

Кепілдік берілген және мақсатты трансферттерді 302 млрд теңгеге бөлу мақсатында өткен айда валюта нарығында 696 млн АҚШ доллары сомасына активтер сатылды. Бұл ретте Ұлттық қорға түсетін валюталық түсімдер қаңтарда 526 млн АҚШ долларын құрады. 

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өткен айдың қорытындысы бойынша теріс қалыптасты және (-)1,2 млрд, АҚШ долларын құрады. Жоғарыда атап өткенімдей, ФРЖ монетарлық саясатының неғұрлым қарқынды күшеюі, сондай-ақ IT компанияларының маусымдық корпоративтік есептілігіндегі теріс деректер аясында дамыған MSCI елдері акцияларының жаһандық индексі 5,3%-ға төмендеді. Ұлттық қор акцияларының портфелі 650 млн АҚШ долларына төмендеді.

АҚШ долларының нығаюына және пайыздық мөлшерлемердің өсуіне байланысты дамыған елдердің облигациялар индексінің кірістілігі теріс қалыптасты және (-)1,6% құрады, бұл да Ұлттық қордың кірістілігіне теріс әсер етті.

 Жақын арада қаржы нарықтарының келешегі қандай, теңгеге қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

– Сарапшылардың бір бөлігі омикрон штамындағы жеңіл симптомдарын бар болғанын ескере отырып, коронавирус пандемиясының 2022 жылы неғұрлым басқарылатын эндемикалық инфекция мәртебесіне өту сценарийін қарастырады. Сондықтан нарықтардың Covid-19 ауыр ағымының тәуекелдеріне, локдаундарға және шектеулерге байланысты алаңдаушылықтары екінші орынға шығады.

АҚШ ФРЖ-ның ақша-кредит саясатын күшейту қарқыны және соның салдарынан АҚШ долларының бұдан былайғы серпіні таяу уақытта белгісіздіктің негізгі себептері болып қалуы мүмкін. ФРЖ саясатын күшейту акциялар нарығына теріс серпін беріп, дамушы нарықтардың қаржы құралдарынан одан әрі әкету тәуекелін тудырады.

Алайда, биылғы жылы нарықта ФРЖ мөлшерлемесінің 4 реттен астам көтерілуі орын алғанын атап өткім келеді, сондықтан АҚШ долларының бұдан былайғы айтарлықтай нығаюы – екіұшты мәселе. Бұл дамушы елдер валюталарының, оның ішінде теңгенің перспективаларын жақсартады. Сонымен қатар, коронавируспен аурудың ағымдағы өршуі биылғы жылғы көктемде аяқталатын болса, бұл әлемдік экономиканың перспективаларын арттырады, тауар жеткізу жолдарындағы мәселелерді шешеді және инфляцияның төмендеуіне оң әсер етеді. Сонда ФРЖ тарапынан мөлшерлемелерді бірден көтеру қажеттілігі төмендейді, АҚШ доллары бағамының жаһандық әлсіреуі орын алып, құбылмалылықтың төмендеуі мүмкін. 

Мұнай нарығына келетін болсақ, ең ықтимал сценарий шектеулі ұсыныс пен шикі мұнай қорлары жағдайында қара алтын бағасының өсуін жалғастырады деп болжайды. Goldman Sachs мұнай бағасының 12 айлық болжамын барреліне 105 долларға дейін көтерді, ал JPMorgan экономистері 1990 жылдан бастап АҚШ реттеушісінің мөлшерлемелерді көтеруінің соңғы 4 циклын талдай отырып, әрбір күшейту кезеңінде шикізат бағасының оң серпінін атап өтті.

ОПЕК+ жалпы саясаты шеңберінде, сол сияқты Иран тарапынан да ұсыныстың ұлғаю факторы мұнай нарығы үшін тежеуші фактор болып табылады. Иран мен АҚШ арасында келіссөздер сәтті жүргізіліп, Ираннан санкциялар алынып тасталған жағдайда, мұнай нарығына тәулігіне шамамен 1 млн баррель қайтарылуы мүмкін.

Теңге сыртқы нарықтардағы іргелі өзгерістерді ұстануды жалғастырады, алайда ішкі факторлар ұлттық валюта бағамын қалыптастыруға әсер етеді және әсер етуін жалғастыра береді. Импорт серпінімен және төлем балансының жай-күйімен қатар теңге бағамы бойынша күтулер де маңызды фактор болып табылады. Халық тарапынан теңгенің әлсіреуі бойынша күтулер өткен жылдың қараша және желтоқсан айларында жүзеге асырылды, сол кезде біз қолма-қол шетел валютасына сұраныстың көп болғанын байқадық. Үкімет пен Ұлттық Банк тарапынан импортқа тәуелділікті азайту және инфляцияны төмендету бойынша орта мерзімді шараларды іске асыру теңгеге қолдау көрсететін болады.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға