1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Теңге сәуірден бастап алғаш рет бір доллар үшін 430-дан асты

ҚҰБ монетарлық операциялар департаменінің директоры Н.Тұрсынхановтың түсіндірмесі

– Соңғы күндері теңге айтарлықтай әлсіреп, мұнай арзандауда. Халықаралық нарықтардағы құбылмалылықтың факторларына қандай жағдай себеп болғанын және бұл теңгенің айырбастау бағамына қалай әсер ететінін айтып берсеңіз?

– 18 қарашада Қазақстан қор биржасындағы доллар-теңге валюта жұбының биржадағы сауда-саттығы 431,60 теңге деңгейіне жетті, бұл жарты жылдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары мән болып табылады. Бағам серпіні энергия тасымалдаушылар нарығындағы ағымдағы үрдістерді және халықаралық нарықтағы ахуалды көрсетеді.

Бір жағынан, қазанның соңынан бастап мұнай бағасын белгілеу Байден әкімшілігінің мұнай бағасының өсуін тежеу жөніндегі ықтимал шаралары туралы алып-сатарлық аясында, сондай-ақ ОПЕК пен Халықаралық энергетика агенттігінің мұнай нарығында артық ұсыныстың жуық арада пайда болатыныны туралы болжамдарына байланысты соңғы 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіштен 5%-дан астам көрсеткішке төмендеді. 16 қарашада осы елдердің басшылары арасындағы соңғы келіссөздер кезінде келісілген АҚШ пен Қытайдың стратегиялық резервтерінен мұнайды сату нарық қатысушыларының алаңдаушылығын тудырады.

Екінші жағынан, инфляцияның жоғары көрсеткіштеріне жауап ретінде АҚШ-та мөлшерлемелерді өсіру кезеңінің жақын арада басталуын күту дамушы елдер валюталарының тартымдылығын төмендетеді және теңгенің әлсіреуін тудыратын қосымша фактор болып табылады. 30 жылдағы ең жоғары мән болып табылатын АҚШ-тағы инфляцияның 6,2%-ға қарқын алуы АҚШ-та мөлшерлемелерді өсіре бастаудың күтілген күнінің жақындауына және облигациялар кірістілігінің өсуіне алып келді. АҚШ долларының нығаюы дамушы елдер валюталарына барлық жақтан қысым көрсетуде.

EMCI J.P. Morgan дамушы елдер валюталарының индексі дамыған елдердің орталық банктерінің қатайту кезеңінің басталуынан дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығы аясында қазанның соңынан бері 2,1%-ға әлсіреді. Мәселен, түрік лирасы 15,2%-ға, Оңтүстік Африка ранды 2,7%-ға, Чили песосы 2,2%-ға әлсіреді. Түркияда лираның девальвациясы валюталық дағдарыс сипатында көрініс алуда.

Дамушы елдердің нарықтарына қатысты сентименттің өзгеруі аясында біз Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттер қызығушылығының төмендегенін байқап отырмыз, олар айдың басынан бері инвестицияларды 23 млрд теңгеге немесе позициядан 3%-ға қысқартты.

Ресей рублі де өсіп келе жатқан геосаяси тәуекелдер аясында теріс серпін көрсетіп отыр. Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирбидің Ресей әскерлерінің Украинамен шекаралас аудандарға көшуі туралы мәлімдемесі инвесторлардың алаңдаушылығын тудырды. АҚШ ЕО-дағы әріптестеріне Ресейдің Украинаға басып кіруі жөніндегі ықтимал жоспарлары туралы ескертті және Ресейді болашақтағы өз жоспарлары туралы түсіндіруге шақырды. Қарашаның басынан бастап рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы 3,1%-ға әлсіреп, бір доллар үшін 70,9 рубль деңгейінен 73,1 рубль деңгейіне дейін айтарлықтай әлсірей бастады.

Жалпы алғанда, теңге іргелі факторлардың әсерінен қалыптасады және энергия тасымалдаушылар нарығындағы және дамушы елдер нарықтарындағы негізгі үрдістердің серпінін көрсетеді деп айтуға болады.

Жоғарыға