1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын ұстаушылардың арасында бейрезиденттер үлесі өсті

Шетелдік инвесторларды қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы қызықтыра ма? Ұлттық Банк нарықты дамыту үшін қандай қадамдар жасап жатыр? Осы сұрақтарға монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары – Иван Сердюк жауап берді.

– Қазіргі уақытта біздің мемлекеттік облигацияларымыздың жай-күйі қалай болуда? Сыртқы инвесторлардың қызығушылығы сақталып отыр ма?

 Қазіргі уақытта дамыған нарықтардағы мөлшерлемелер төмен болған жағдайда теңгедегі құралдар шетелдік инвесторлар үшін өте тартымды болып табылады. Соңғы бірнеше ай ішінде бейрезиденттердің Ұлттық Банктің ноттарына, сол сияқты Қаржы министрлігінің мемлекеттік облигацияларына капитал әкеліп жатқанын байқап отырмыз.

Теңгедегі мемлекеттік қағаздарға жергілікті брокерлік компаниялар, сол сияқты шетелдік инвестициялық банктер де қызығушылық тудырып отыр. Қаңтардың соңында ҚР мемлекеттік борышына шетелдік инвесторлардың салым көлемі теңгедегі баламасында 604 млрд болды. Бұл сан – байқау жүргізіп отырған уақыт кезеңінде Қазақстан үшін абсолютті рекорд.

ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік облигацияларында бейрезиденттердің өскенін жеке атап өткен жөн. Мәселен, егер 2020 жылдың басында шетелдік инвесторлардың инвестициялары 0,9 млрд теңге болса, 2021 жылғы қаңтардың соңында бұл сан 198 млрд теңге болды.
2020 жылдың ортасынан бастап біздің ресми сайтта бейрезиденттердің Ұлттық Банктің ноттарын иелену үлесі туралы ақпаратты жариялайтын боламыз. Биылғы жылғы қаңтардың соңындағы жағдай бойынша үлесі 11,45% болды.

Бейрезиденттер тарапынан мемлекеттік қарызға сұраныстың артуы жергілікті қаржы нарығы мен оның инфрақұрылымына белгілі бір сенім деңгейін білдіреді.

– Бейрезиденттердің нарыққа келуінің негізгі себептері қандай?

 Бүкіл әлемдегі пандемияның әлі де тұрақсыз жағдайына қарамастан, инвесторлар дамушы нарықтардың барынша тәуекелді активтеріне тағы да қызығушылық танытуда, кәсіби тілде айтатын болсақ, біз «risk-on»-ды бақылаудамыз.

Вакцинациялау қарқыны бойынша оң деректер экономикалық өсімнің жуық арада қалпына келуіне сенімділік ұялатады және ұзақ «локдаундар» мен шектеулердің енгізілу тәуекелін төмендетеді.

Мұнай нарығында Сауд Арабиясының өндірісін күніне қосымша 1 млн баррельге ерікті түрде шектеу оң нәтиже берді. Оның үстіне, ОПЕК+ мониторинг комитеті сұраныстың жақсартылған болжамдарымен бірге бүкіл әлемде біртіндеп вакциналауды экономикалық өсу мен мұнайға сұранысты жеделдетудің негізгі факторы ретінде атап өтті.

Қазақстанның негізгі экспорттық тауары – мұнай бағасының оң серпіні, сондай-ақ инвесторлардың жоғары мөлшерлемелерге ұмтылудағы жоғары тәуекелді активтерге қызығушылығы қазақстандық құралдарға қол жеткізуге қолайлы жағдайлар жасауда.

Ұлттық Банк пен Қаржыминінің МБҚ нарығын дамыту жөніндегі бірлескен бастамалары да өз рөлін атқарды. Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында Қаржы министрлігі 2020 жылғы мамырдан бастап 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыруда. Бұл жерде инвесторлардың басым бөлігінің «қысқа» қағаздарға қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн. 2021 жылға арналған жоспарларға сәйкес Қаржымині 1,9 трлн теңге көлемінде теңгемен облигациялар шығаруды жоспарлап отыр, оның ішінде 1 трлн теңге 5 жылға дейінгі мерзімі бар облигацияларға жұмсалады. Ұлттық Банк алдыңғы жылғы 3-тоқсаннан бастап жылдық ноттарды шығаруды тоқтатты, бұл Қаржыминінің қағаздарына сұраныстың өсуіне себеп болды.

Нәтижесінде, нарық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған күш-жігеріміз өз жемісін бере бастады. 2020 жылғы тамызда іске қосылған Клирстрим-Орталық депозитарий DVP (delivery versus payment) желісі Қазақстанның қор нарығына инвестициялау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.

Ұлттық Банк Клирстриммен, Қазақстан қор биржасымен және Орталық депозитариймен бірлесіп шетелдік инвесторлармен байланыс арналарын және оның сапасын жақсартуға назар аудара отырып, DVP желісі шеңберінде инфрақұрылымды жақсартуды және мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастыруда.

Жоғарыға