1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Валюта нарығындағы жағдайға және теңгеге вакцина туралы жаңалықтар қалай әсер еткендігі туралы

Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың валюта нарығындағы жағдайға және теңгеге вакцина туралы жаңалықтар қалай әсер еткендігі туралы негізгі тезистері

– Өткен аптада вакцинаның сәтті сынақтары туралы жаңалық шығып, әлемдік нарықтарда эйфория тудырды. Осының аясында мұнай бағасы шарықтап кетті, одан кейінгі вакцинаны жаппай пайдалануға беру жылдамдығына және АҚШ-тағы мұнай қорының өсуіне сыни көзқарас түзетуді туындатып, нарыққа ықпал етті. Мұнай бағасының жан-жақты серпіні теңгеге де әсер етті. Әлия Мейірбекқызы, өткен аптадағы аталған жағдайлар теңгеге қалай әсер етті?

– COVID-19-ға қарсы Pfizer және BioNTech вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңі туралы 9 қарашада шыққан жаңалық өткен аптада әлемдік қаржы нарықтарының қозғаушы күші болды. Вакцинаның тиімділігі туралы жақсы жаңалықтар аясында тауар нарықтарында оң серпін және инвесторлардың тәуекелге әуестігінің артуы байқалды.

Қор индекстері мен мұнай бағасы өткен аптаны сенімді өсуден бастады. Сәрсенбіде қыркүйектен бері алғаш рет эталондық Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін $45 белгісінен жоғары көтерілді, бұл өз кезегінде дамушы елдердің валюталарына оң әсер етті. Біздің ұлттық валютамыз да бір доллар үшін 427,26 теңге деңгейіне дейін немесе аптаның басына қатысты 1,2%-ға нығайып, оң үрдісті ұстанды.

Алайда, жалғасып отырған эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы аясында, бейсенбіде, Халықаралық энергетикалық агенттік 2020 жылы мұнайға әлемдік сұраныс бойынша болжамды төмендетті, ал АҚШ-тың Энергетика министрлігі тәулігіне 488,7 миллион баррельге дейін 0,9%-ға мұнай қорының бір аптадағы өсімі туралы деректерді жария етті.

Жаппай вакцинацияның мерзімі бойынша белгісіздікпен және мұнайға деген сұраныстың пандемия алдындағы деңгейлерге дейін қалпына келу перспективаларымен қоса жарияланған статистика әлем нарықтарындағы баға жарысын тоқтата тұрды және апта соңында мұнай бағасын түзете отырып төмендетуге себеп болды.

Теңге бағамы соған қарамастан, бір аптада 0,4%-ға нығайып, 430,52 деңгейіне қайтып келді.

Мысалы, Ливия сияқты жекелеген елдердің өндіруді ұлғайтуға бағыттап, жалғасып келе жатқан орнықсыз сентиментке қарамастан, ОПЕК+ ұйымы өндіруді төмендету бойынша бұрын келісілген талаптарды ұстану және мұнай нарығын кері теңгерімдеу бойынша ағымдағы ауыр жағдайды сезіну ниеті туралы белгі берді.

АҚШ-тың биржа индекстері аптаны позитивті аяқтады: S&P 500 кең нарық индексі 1,36%-ға өсті, ал Dow Jones индексі бейсенбіде жабылғандағымен салыстырғанда 1,37%-ға өсті. Негізгі еуропалық қор биржалары да жұмада көбінесе өсіп отырды, франциялық CAC 40 - 0,33%-ға өсті, неміс DAX индексі  0,18%-ға көтерілді.

– Бүгінгі таңертеңгі биржадағы сауда-саттық теңгенің нығаюымен ашылды. Бұл немен байланысты және жақын арадағы перспективада теңгенің динамикасын қандай факторлар анықтайтын болады?

– Шынында да, апта Moderna компаниясынан вакцина туралы жағымды жаңалықтардан басталды. Компанияның мәлімдеуінше, зерттеу нәтижелерін бастапқы талдау кезінде COVID-19-дан қорғауға арналған эксперименттік вакцинаның тиімділігі 94,5%-ті құрады.

Коронавируспен күресудің әзірленіп жатқан құралдарының тиімділігі туралы жаңалықтар тәуекелді активтер мен мұнай бағасының өсуіне ықпал етті. Brent мұнайының бағасын белгілеу бір баррель үшін 44,67 долларға дейін өсті.

Азия елдері бойынша жақсы экономикалық статистика көмірсутектер бағаларына қосымша қолдау көрсетеді: Қытай бойынша – өнеркәсіп өндірісінің 6,9% деңгейінде өсуі (күтіліп отырған 6,7%-ке қарағанда) және Жапония ІЖӨ-нің үшінші тоқсанда 5% деңгейінде өсуі (күтіліп отырған 4,4%-ке қарағанда).

Дүйсенбіде жаһандық қор нарықтары өсумен жабылды. Мәселен, сауда күнінің қорытындысы бойынша Dow Jones индексі 1,6%-ке, S&P 500 1,2%-ке, Nasdaq Composite 0,8%-ке өсті. Жапондық Nikkei 225 индексі дүйсенбінің қорытындысы бойынша 2,1%-ке өсіп, 29 жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткішті жаңартты.

Дамушы елдердің валюталары тәуекел активтерімен қатар жалпы үрдісті қолдады. Ресей рублі Оңтүстік Африка рандымен бірге тиісінше 1,3%-ке және 1,1%-ке нығайып, өсу көшбасшылары болды, ал Бразилия реалы, Мексика песосы және Түрік лирасы 0,4-тен 0,7%-ке дейін нығайды.

Біздің валюта үшін бұл сөзсіз жағымды белгі: апта басынан бері теңге шамамен 0,45%-ға нығайды. Қысқа мерзімді перспективада біз сыртқы нарықтардағы жағымды жаңалықтардың жиынтығы салық аптасымен бірге теңгенің нығаюына негіз жасайды деп есептейміз. Бірақ басқа да сыртқы және ішкі факторларды ескеру қажет. Сыртқы факторлар, бұл, ең алдымен, вакцинаны жаппай қолдану мерзімдері бойынша белгісіздік және ОПЕК+ елдерінің алдағы кездесуінің нәтижелері. Ішкі факторлар – төлем балансы тарапынан теңгеге жасалып жатқан қысым, ол ағымдағы жылғы наурыздан бастап байқалып отырған мұнай бағасының төмен кезеңімен байланысты.

– Өткен аптада Bloomberg басылымының Ұлттық Банктің валюта нарығындағы іс-әрекеттеріне қатысты мақаласы белгілі бір резонанс тудырды. Атап айтқанда, Ұлттық Банктің шетел валютасымен жасалатын кейбір мәмілелерді шектегені және кейінге қалдырғаны, осылайша, теңге бағамының әлсіреуінен ұстап отырғаны айтылады. Сіз бұл ұстанымға қандай пікір білдірер едіңіз?

– Біріншіден, Ұлттық Банк Ұлттық валютаның еркін айналыста болуын ұстанғанын және солай болып қала беретінін атап өткім келеді. Биылғы сыртқы күтпеген өзгерістерге жауап ретінде теңге бағамының икемді өзгеруі олардың біздің экономикамызға теріс әсерін реттеуге және шектеуге мүмкіндік берді.

Екіншіден, сыртқы күтпеген өзгерістерді іске асыру және іргелі факторлардың күтпеген жерден нашарлауы жағдайында Ұлттық Банк пен Үкімет валюта нарығындағы қысымды төмендету және оның тепе-теңдігін арттыру үшін жауап шараларын қабылдады.

Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор компаниялары өздерінің валюталық операцияларын Ұлттық Банкпен келісуге тиіс. Сондықтан біз күнделікті негізде квазимемлекеттік құрылымдардың валюталық операцияларын үйлестіреміз. Валюта нарығына артық қысымды шектеу мақсатында квазимемлекеттік сектор компаниялары – екінші деңгейдегі банктердің клиенттері валюталарды сатып алуды бірдей бөлу арқылы айырбастау бағамына әсерін барынша азайту үшін күш салады.

Үшіншіден, Ұлттық Банк шетел валютасымен операцияларды кешіктірмейді, оның үстіне шектемейді. Bloomberg мақаласында келтірілген ақпараттың қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнама нормалары шеңберінде қабылданған шараларға қатысы бар сияқты.

Ағымдағы жылғы 22 наурызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржы министрлігімен келісу бойынша екінші деңгейдегі банктер үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қатысты НҚА-ға бірқатар түзетулер қабылдағанын еске сала кетейін.

«Өз клиентіңді біл», немесе KYC, рәсімдері шеңберінде валюталық операциялар жүргізу айқындылығының тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін екінші деңгейдегі банктер қолма-қол ақшасыз шетел валютасымен конверсиялық операцияларға алдын ала тексерулер жүргізеді. Сонымен қатар Ұлттық Банк заңнамада белгіленген мерзімде сатып алынған шетел валютасының нысаналы пайдаланылуын бақылау бөлігінде валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізді. KYC рәсімдері халықаралық тәжірибе болып табылады және шетелдік қаржы ұйымдарымен жұмыс істейтін біздің банктер осы рәсімдерге тұрақты негізде кездеседі.

Қабылданған өзгерістер ақшаны заңсыз әкетуге бағытталған операцияларды болдырмаудың алдын алу шараларын қабылдауға және қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Дегенмен, кейбір жағдайларда бұл клиенттердің айырбастау жүргізу жылдамдығына әсер етуі мүмкін.

Бұл шаралар заңсыз операциялармен күресуге бағытталған және валюта нарығындағы операциялардың айқындылығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес жүргізіледі. ҚР валюталық реттеу саласындағы заңнамасы ырықтандырылған қағидаттарды ұстанады және капитал ағындарын ешқандай жолмен шектемейді. Заңды және жеке тұлғалар ҚР заңнамасына сәйкес сатып алуға, сатуға және кез келген басқа да валюталық операцияларды жүргізуге құқылы.

Жоғарыға