1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік Банк тобының Көктемгі кездесулеріне қатысу қорытындысы туралы

Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов бастаған делегация Вашингтонда Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік Банк тобының Көктемгі кездесулеріне қатысу үшін АҚШ-қа сапарлап барды.

Қазақстандық тарап ХВҚ Халықаралық валюта және қаржы комитетінің пленарлық отырысына, ХВҚ Швейцариялық кіші тобының отырысына, Таяу Шығыс және Орталық Азия орталық банктері басшыларының, Кавказ және Орталық Азия өңірінің орталық банктер төрағаларының, қаржы және экономика министрлерінің алқалық талқылауларына қатысты. Отырыстар аясында жаһандық экономикадағы соңғы үрдістер, қазіргі геосаяси жағдайдағы экономикалық ынтымақтастық, халықаралық сауда мен қаржылық интеграцияны кеңейту перспективалары талқыланды. Орталық банк басшылары тұрақты даму мен жасыл экономикаға көшуге қажет қаржылық шешімдерді де талқылады.

Қазақстан делегациясы ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен, Еуропалық Орталық банктің президенті Кристин Лагардпен, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық есеп айырысу банкінің басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Оның барысында әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы, оның алдағы жылдарға болжамы туралы пікір алмасып, Қазақстанның макроэкономикалық жағдайы, су тасқынынан туындаған жағдай, екіжақты ынтымақтастық жобалары талқыланды.

Дүниежүзілік банкпен арадағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайту мақсатында вице-президент Антонелла Бассанимен кездесу өтті. Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар тәуекелдерін басқару және елдердің апаттарға қаржылық тұрақтылығын арттыру бойынша Дүниежүзілік банктің құралдарына қатысты ұсыныстарды әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді. Дүниежүзілік банктің «Орта дәліз» сауда және логистикалық әлеуеті туралы дөңгелек үстелі барысында Қазақстандағы макроэкономикалық жағдай туралы ақпарат ұсынылып, «Орта дәліздің» қазақстандық бөлігін дамытудың қазіргі ахуалы мен болжамдары талқыланды.

Сондай-ақ Швейцария, Австрия, Түркия, Сингапур, Мажарстан, АҚШ, Гонконг орталық банктерінің басшыларымен бүгінгі таңдағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесулер өтті.

Сонымен қатар, S&P және Moody’s халықаралық рейтинг агенттіктерімен, Қазақстанға портфельдік инвесторлармен, инвестициялық және қаржылық компаниялармен, оның ішінде клирингтік серіктестермен кездесулер өтті. Оның барысында Қазақстандағы макроэкономикалық жағдай және ұлттық қаржы нарығын дамытудағы соңғы жетістіктер талқыланды. Қазақстанға портфельдік инвестицияларды тарту, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың келешек бағыттары сөз болды. Visa-мен кездесуде қаржы секторындағы цифрландыру және шалғай елді мекендерге цифрлық технологияларды енгізу бойынша ынтымақтастықтың келешегі жайында мәселелер қаралды. Google вице-президенті М. Эриксонмен өткен кездесу соңында жасанды интеллект технологияларын қолдану және басқа да бірқатар перспективалық бағыттар бойынша Қазақстанның Google Research-пен арадағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

АҚШ Іскерлік кеңесімен өткен кездесуде Қазақстанның және жалпы аймақтың даму перспективалары, реформалардың барысы мен бағыттары, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесі сөз болды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға