1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк жүргізген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелері туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады.

Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлардың және қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамы сауалнаманың негізгі параметрлері болды.

Осы жылдың сәуір айында мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Респонденттердің медиандық күтулері бойынша, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі орташа есеппен 81 АҚШ доллары, 2025 және 2026 жылдары – 80 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады.

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты 2024 және 2025 жылдарға арналған болжам тиісінше 4,5% және 5% деңгейінде сақталып отыр. 2026 жылға арналған болжам 4,5%-дан 4,7%-ға дейін біршама өсті.

2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжам көп өзгермей, 8,4%-ды құрады (алдыңғы болжам – 8,5%). 2025 жылға арналған болжам 6,5%-дан 7%-ға дейін, 2026 жылға болжам 5,7%-дан 6%-ға дейін өсу жағына қарай қайта қаралды.

Сонымен қатар, сарапшылар барлық болжамды кезеңде базалық мөлшерлемені жоғарырақ деңгейде күтеді. 2024 жылға арналған күтулер 13,8%-дан 14%-ға дейін, 2025 жылға – 10,5%-дан 11,2%-ға дейін, 2026 жылға – 9%-дан 9,8%-ға өсті.

Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 11 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін атап өткен жөн. Онда нарықтың кәсіби қатысушыларының ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуына қатысты дербес пікірлеріне, бағалаулары мен күтулеріне шолу жасалған.

Толығырақ: nationalbank.kz/kz/news/macrosurvey

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға