1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстанның қаржы нарығына қатысушылар қаржы инфрақұрылымын цифрландыру мәселелерін талқылады

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) «Digital Finance: Инфрақұрылым, реттеу және басымдықтар» тақырыбында панельдік сессия өткізді. Оған қаржы ұйымдарының басшылары, халықаралық төлем жүйелерінің өкілдері және қаржы нарығына қатысушылар қатысып, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады. Іс-шара Digital Almaty-2024: «Х индустрия: Болашақтың цифрлық эволюциясы» атты халықаралық цифрлық форум аясында өтті.

Панельдік сессияда сөз сөйлеген ҚҰБ Төрағасы Тимур Сүлейменов жиын қатысушыларына қолма-қол ақшасыз экономиканың өсімін, цифрлық банктік сервистерді, қаржылық және мемлекеттік қызметтерді дамытудағы жетістіктер туралы айтып берді.

ҚҰБ Төрағасы Қаржы нарығын цифрландыру саласы бойынша алда тұрған мақсат-міндеттер мен атқаратын жұмыстарға тоқтала келе, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру – Қазақстанның қаржы индустриясын одан әрі тиімді дамыту үшін қажет маңызды қадам екенін назарға салды. Сондай-ақ Цифрлық теңге жобасын іске асыру, Open API платформасы мен Антифрод-орталықты іске қосу бағытында атқарылған жұмыс нәтижелері туралы айтып өтті. Тимур Сүлейменов мемлекет, бизнес және қаржы секторының ынтымақтастығы тұрақты және қауіпсіз қаржы жүйесін құруда маңызды рөл атқаратынын да баса айтты.

Нарыққа қатысушылардың барлығына бірдей мүмкіндік беру – цифрлық қаржы инфрақұрылымының басты қағидасы болуға тиіс. Реттеуші басшысы мұның негізінде «адамға бағдарланған» модель жатқанын айтады.

«Біз үлкен мүмкіндіктердің табалдырығынан аттағалы тұрмыз. Алдымызда маңызды мақсат-міндеттер бар. Цифрландыруды экономиканың өсуіне, әлеуметтік прогресс пен әрбір адамның игілігіне қызмет еткізу үшін бар күш-жігерімізді біріктіруіміз керек. Біз кейінгі технологиялық трендтерден хабардар болып қана қоймай, Қазақстанды әлемдік аренада оларды қалыптастыруға үлес қосатын белсенді ел ретінде танытуға ұмтылуымыз қажет», – деді Ұлттық Банк Төрағасы.

Панельдік сессия кезінде қаржы нарығын қадағалау мен реттеуді цифрландыру, жасанды интеллектті қаржы технологияларында пайдалану, сондай-ақ қазақстандық қаржы нарығында қаржы технологиялары мен инновацияларды дамыту үшін қолайлы реттеуші орта құру мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар, қатысушылар болашақтағы банкинг, токенизация және цифрлық активтер төңірегіндегі сұрақтарды да талқылады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

556.44 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға