1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстанда Open API және Open Banking технологияларын енгізу бойынша пилоттық жобаның нәтижелері туралы баяндама жарияланды

Қазақстан Ұлттық Банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы «Оpen API және Open Banking: пилоттық жобаның нәтижелері туралы баяндама» баяндамасының жарияланғанын хабарлайды.

Пилоттық жобаны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, Қазақстанда 2023-2025 жылдарға арналған Open API және Open Banking-ті дамытудың бекітілген тұжырымдамасына сәйкес іске асырып отыр.

Пилоттық жобаның өзі барлық қатысушылар үшін тең жағдайлар мен мүмкіндіктерді, процестердің ашықтығын, құпиялылықтың жоғары дәрежесін және қаржы ұйымдары клиенттерінің жеке әрі қаржылық деректерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл кезеңде шынайы қызмет түрлерін сынақтан өткізуге қазақстандық екінші деңгейлі бес банктің клиенттері қатысты. Фокус-топқа 100-ден астам адам кірді. Негізгі сценарий клиенттің ағымдағы шоттары туралы ақпарат алмасуды тек оның өз келісімімен қарастырады. Бұл өз кезегінде клиентке әртүрлі қаржы институттарындағы шоттары бойынша мәліметтерге бір ғана банктің қосымшасын пайдалану арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ клиент өзінің ағымдағы шоттары туралы ақпаратты үшінші тарапқа өз қалауымен ұсынып немесе бұл функцияны шектей алады. Тестілеуге қатысқандардың 98%-ы – банк клиенттері мобильді қосымшалардағы ашық банкингтің функционалдық интерфейсі түсінікті әрі ыңғайлы екенін, ал қатысушы-банктер мамандарының 100%-ы Open API платформасының қолайлылығын атап өтті.

Сонымен қатар, 2023 жылы пилоттық жоба кезінде оның нысаналы архитектурасы әзірленіп, ашық банкингтің операциялық моделінің әдіснамасы дайындалды, инфрақұрылымы жасалып, қажетті техникалық және нормативтік орта дайындалды.

Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша, Қазақстанда ашық банкингті енгізуге таңдалған тәсілдің технологиялық іске асырылуы мен тиімділігінің гипотезалары расталып, тұжырымдаманы одан әрі дамытуға қатысты қадамдар айқындалды.

2024 жылы жаңа пайдаланушыларды қосу және масштабтау, сондай-ақ Open API технологиясының құмсалғыш платформасын құру жұмыстары жоспарға енгізілді.

Баяндаманың толық нұсқасы ҚҰБ-тың: nationalbank.kz/kz/page/Digital-Financial-Infrastructure сайтында қолжетімді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7(7172)77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға