1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы

ҚРҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі 

2023 жылғы 24 қараша, Астана

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн!

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,75%-ке дейін 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Біздің шешіміміз инфляция мен экономикадағы өсімнің жаңарған болжамдарын, сондай-ақ нақты деректерді талдау нәтижелері мен тәуекелдер балансын ескереді.

Ставка бойынша алдыңғы қабылданған шешімдердің, Үкімет пен әкімдер қабылдаған шаралардың, сондай-ақ базаның әсерінен инфляцияның баяулау қарқынын байқап отырмыз. Естеріңізде болса, былтыр инфляция өте жоғары болатын және оның салдары биылғы жылдық инфляцияның бірқалыпты баяулауына әсер етті. Қазіргі таңда ол алдыңғы болжамның төменгі шегіне жуықтап қалды. Ал өз кезегінде базалық инфляция мен маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталып келеді. Алдағы айларда жылдық инфляцияның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтілуде.

Дейтұрғанмен, назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдердің рөлі артып келеді. Соның ішінде азық-түлік бағасының өсуі, біздің негізгі сауда-серіктесіміз ретінде РФ-дағы инфляция, инфляциялық күтулердің динамикасы мен фискалдық шығыстар.

Дегенмен, жылдық инфляцияның бәсеңдеу қарқыны және оған қатысты 2023 жылдың соңына дейінгі төменірек болжам осы жолғы шешім қабылдауда базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді.

Бұдан әрі инфляциялық күтулердегі, бюджеттік саясат параметрлеріндегі және сыртқы ортадағы біз бақылап отыратын үрдістер бізден ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын талап етіп отыр.

Енді шешім қабылдауға түрткі болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Инфляция сегіз ай қатарынан баяулап келеді. Биыл қазан айында жылдық инфляция 10,8% деңгейінде қалыптасты.

Нақты инфляция биылғы жыл үшін өткен болжамды диапазонның төменгі шегіне жуық қалыптасады. Бұл алдымен тұрғын үй коммуналдық қызметтер бағасының және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының қалыпты өсуіне байланысты.

Егер бөлек түрде алып қарайтын болсақ, онда азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 10,4%-ке дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық инфляциясы 11,1%-ке дейін төмендеді. Қызметтер бағасының өсуі 11,0%-ке дейін төмендеді.  

Айлық инфляция қазанда 0,7%-ті құрап, тарихи орташа мәніне сәйкес келді. Бұл ретте, жылдық инфляцияның төмендеуі аясында базалық инфляцияның тұрақталғанын (қатарынан екінші ай 0,6%) және маусымдық факторларды ескермейтін инфляцияның баяулағанын байқаймыз. Бұл инфляциялық процестерді тұрақтандыруға бағытталған тенденцияны көрсетеді.

Алайда, инфляцияның орнықты бөлігінің динамикасы әлі де таргеттен жоғары қалыптасып отыр.

Инфляциялық күтулер нақты инфляцияның оң динамикасына қарамай өсіп келеді және кейбір тауарлар нарығындағы жағдайға қарай өзгеруі мүмкін.

Басты факторларда атап кетсек, ол – жанар-жағармай бағасының өсуі және азық-түлік бағасының динамикасы.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

2023 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасы ж/ж 4,9%-ке өсті. Орнықты ішкі сұраныс, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және мұнай секторын қалпына келтіру есебінен іскерлік белсенділік кеңеюде.

Тауар өндірісі ж/ж 3,8%-ке, қызметтер саласындағы іскерлік белсенділік ж/ж 5,4%-ке өсті. Құрылыс (ж/ж 12,5%), сауда (ж/ж 10,4%), ақпарат пен байланыс (ж/ж 8,0%) салалары ең жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс көлемі ж/ж 8,6%-ке қысқарды. Бұл болашақта азық-түлік инфляциясы үшін белгілі бір тәуекел тудыруы мүмкін.

Мұнай өндіруді қалпына келтіруге және мемлекеттік шығыстарға негізделетін экономикадағы салалардың динамикалық өсімі жалғасуда. Бұл өз кезегінде «қызып кету» қаупін айғақтайды және айтарлықтай проинфляциялық фактор болып табылады.

Халықтың тұтынушылық сұранысын да проинфляциялық факторларға жатқызуға болады. Оның тұрақты динамикасы тұтынушылық кредиттеу мен тұтыну тауарлары импортының деректерімен де расталады.

2023 жылғы 9 айда азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларының импорты 36,7%-ке өсті. Мұндай өсу қарқыны ішкі сұраныстың ішкі ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түскенін көрсетеді.

Сонымен қатар, инвестициялық белсенділіктің 12,6%-ке кеңеюі және халықтың нақты жалақысының 3,5%-ке өсуі ішкі сұранысты қолдайды.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы секторда инфляциялық қысымның төмендегені байқалып отыр. Бұл қатаң монетарлық саясаттың әсерін, азық-түлік бағасының оң динамикасын және энергия бағасының қысқа мерзімге баяулағанын білдіреді.

Соған қарамастан, қысқамерзімді келешекте проинфляциялық факторлардың ықпалы біршама күшейеді деп күтеміз. Бұл Ресейдегі инфляция динамикасынан және әлемдік азық-түлік бағасының күтілетін өсуінен туындайды. Бұдан әрі сауда-серіктес елдердегі жағдай тұрақталғанда біз мақсатты мәндерге қол жеткізуді және сыртқы факторлар проинфляциялық қысымды жұмсартады деп күтеміз.

Біздің негізгі сауда-серіктесіміз ретінде Ресейдегі инфляция қарқын алып отыр. Ол қыркүйек айындағы 6,0%-ке қарсы қазан айында 6,7%-қы құрады. Сөйтіп, алдыңғы болжамдардан жоғары қалыптасты. Оған себеп – өсіп жатқан ішкі сұраныс пен рубль бағамының әлсіреуі. Сонымен бірге, Ресей Банкінің ақша-кредит саясатын дәйекті түрде қатаңдатуы аясында біз 2025 жылы Ресейдегі инфляция болжамды дәлізге оралады деп күтеміз.

Еуроодақта бағаның өсуі өткен жылғы жоғары базаның шығуынан қыркүйек айындағы ж/ж 4,9%-тен 3,6%-ке дейін баяулады. Жаңартылған болжамдарға сәйкес 2024 жылы Еуроодақта инфляция күткеннен де біршама жоғары қалыптасады. Алайда, жоғары негізгі мөлшерлемені ұзақ уақыт ұстап тұру саясаты Еуроодақтың таргетке 2025 жылда жетуіне мүмкіндік береді.

Біздің тағы бір басты сауда-экономикалық серіктесіміз Қытайда экономикалық белсенділіктің ағымдағы әлсіз көрсеткіштеріне байланысты қазан айында дефляция болды.

Қантты қоспағанда, азық-түліктің барлық түріне бағаның төмендеуі аясында әлемдік азық-түлік бағасы арзандап келеді. Астық бағасының төмендеуі ұсыныстың маусымдық ұлғаюына байланысты орын алды. Алайда, 2023 жылдың соңында және 2024 жылдың басында Украинадан астық жеткізу көлемі төмендегендіктен бағалар өсе бастауы мүмкін.

Мұнай нарығы барреліне шамамен 80 доллар болып, тұрақтанып келеді.

Ұсынысқа келсек, жыл соңына дейін мұнай өндіруді қысқарту жөніндегі ОПЕК+ шешімі және Таяу Шығыстағы шиеленістің одан әрі өршу тәуекелі мұнай бағасына жоғары қысым көрсетуде. Осыны ескере отырып, біздің базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы 2024 жылы орта есеппен 85 доллар және 2025 жылы 80 доллар деңгейінде болжанады.

* * *

Биыл базалық сценарийде инфляция 9,3-10,3% шегінде болжануда. Болжамды осы жылға қайта қарау тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының бірқалыпты өсуіне байланысты. Ортамерзімді келешекте сыртқы орта қысымының әлсіреуі және монетарлық саясаттың ұстамды қатаң сипаты инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді.

2024 жылғы болжам 7,5-9,5% деңгейінде, 2025 жылғы болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталды.

Осы кезеңдерде инфляциялық болжамның негізгі тәуекелдері ретінде фискалдық ынталандырудың күшеюін, инфляциялық күтулердің тұрақтамауын, 2023 жылы астықтан аз өнім алуға байланысты азық-түлік бағасының өсу ықтималын және тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің көтерілгенін атап өтеміз.

Сонымен қатар, инфляция туралы болжамда Қазақстан Республикасы Үкіметінің талқылауындағы 2025 жылы қосымша құн салығын (ҚҚС) өсіру ескерілген жоқ. Біз осы салық реформаларының параметрлері айқын болған кезде инфляцияға оның әсерін бағалай аламыз. Себебі ҚҚС-ның ықтимал ұлғаюы бір реттік фактор болғандықтан және ақша-коедит саясатының жауабын қажет етпейтіндіктен, біз қайталама әсерлерді мұқият қадағалаймыз және олар орын алған жағдайда соған сай әрекет етеміз.

Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсу болжамдары 4,2-5,2% диапазонында өзгеріссіз қалып, ортамерзімді келешекте олар қайта қаралды. 2024 жылғы болжам
3,2-4,2% диапазонына дейін төмендеу жағына қайта қаралды. Бұл Теңізшевройлдағы өндірісті ұлғайта бастауды 2024 жылдың соңына немесе 2025 жылға ауыстыруға байланысты. Сәйкесінше, мұнайдың бұрын жоспарланған көлемін өндіре алмау және 2024 жылғы жалпы ішкі өнімнің баяу өсу қарқыны аясында 2025 жылғы болжам 5,5-6,5%-ке ұлғайды.

Жылдық инфляцияның қарқынды төмендеуі мен оның 2023 жылдың соңына дейінгі төмен болжамдары базалық мөлшерлемені түсіруге мүмкіндік берді. Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын шешімдер инфляция динамикасының болжамды траекторияға сәйкестігіне байланысты.

2024 жылы инфляция одан әрі баяуласа, Ұлттық Банк инфляциялық күтулерді тұрақтандыру үшін ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, мөлшерлемені бірқалыпты төмендетуді қайта қарастырады. Мақсат – инфляцияны 5% мақсатына қайтару және инфляциялық күтулерді орнықтыру. Бұл  ретте деректерді жинақтау және тәуекелдер балансын бақылау үшін базалық мөлшерлемені өзгертуде кідіріс болуы да мүмкін.

* * *

Құрметті журналистер!

Ұлттық Банктің басты міндеті – бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біз ортамерзімді келешекте инфляцияны 5%-тік белгіленген мақсатқа жеткізуге барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Шешім қабылдауға түрткі болған факторлар, инфляция болжамдары мен тәуекелдері туралы толық ақпаратпен 2023 жылғы 4 желтоқсанда жарияланатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамадан таныса аласыздар.

564.21 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға