1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылдың III тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнама қорытындысы туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі

Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу

Сауалнаманың нәтижесі бойынша, III тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс, негізінен, шағын және орта бизнес есебінен т/т (тоқсаннан тоқсанға) біршама өсті.

Шағын бизнес субъектілері сұранысының бірқалыпты өсуі көбінесе банктердің жеке нарықтық өнімдерімен қамтамасыз етілді. Банктер жүргізген жарнамалық акциялар алдыңғы тоқсандарда іске қосылған онлайн-өнімдердің танылуына әсер етті. Осылайша, шағын бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 20%-ға (т/т), 822 мыңға дейін өсті.

Банктер III тоқсанның қорытындысы бойынша орта бизнес субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныстың да біршама артқанын атап өтті. Бұл бірқатар ірі банкте несие өнімдерінің кей шарттары жеңілдетілгенінің нәтижесі. Мәселен, орта бизнес үшін жекелеген цифрлық өнімдер бойынша лимиттер ұлғайтылды және сыйақы мөлшерлемелері біршама төмендетілді. Осылайша, орта бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 47%-ға (т/т), 7,8 мыңға дейін өсті.

Ірі бизнес тарапынан кредитке сұраныс индексі III тоқсанда төмендеуді жалғастырды. Бұл ірі бизнес субъектілерінің ағымдағы кредиттеу шарттарында қарыздық қаржыландыруды тартуға дайын болмауына байланысты. Сөйтіп ірі бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 22%-ға (т/т), 170-ке дейін төмендеді.

Есепті тоқсандағы несиелік өтінімдерді мақұлдау үлесі кәсіпкерлік субъектілерінің барлық түрі үшін біршама төмендеді (т/т) және шағын бизнес үшін 34%, орта бизнес үшін 37% және ірі бизнес үшін 51%-ды құрады.

Корпоративтік сектор үшін банктерді кредиттеу шарттары II тоқсан деңгейінде сақталды. Бұл ретте кейбір ірі банктер кредит берудегі жекелеген шарттардың біршама жұмсартылғанын атап өтті.

Келесі тоқсанда банктердің көбі бизнес несиелеріне сұраныс бішама өседі деп күтеді. Мұндай күтулер несиелік ресурстар құнының төмендеуі бойынша ірі бизнес өкілдерінің болжамдарымен байланысты.

Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер

III тоқсанның қорытындысы бойынша жеке тұлғалар тарапынан кредитке сұраныс индексі бөлшек кредиттеудің барлық өнімі бойынша біршама өсті.

Өз өнімдері бойынша уақытша жеңілдікті ұсыныстардың, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бойынша қаржыландырудың қайта басталуы салдарынан, негізінен, ірі банктердегі ипотекалық қарыздарға деген сұраныс біршама артқаны байқалады. Сөйтіп кредиттік өтінімдер саны 11%-ға (т/т), 253 мыңға дейін өсті.

Жекелеген ірі банктердің пікірінше, қамтамасыз етумен тұтынушылық несиелерге сұраныстың артуы кепіл мүлкіне қойылатын талаптардың жұмсартылуының, сондай-ақ кепіл мүлкі түрлері тізбесінің кеңеюінің нәтижесі. Осылайша кредиттік өтінімдер саны 31 мың болды. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 26%-ға артық.

III тоқсанда тұтынушылық кепілсіз қарыздарға сұраныс алдыңғы тоқсанның көрсеткішіне қатысты оң аймақта қалыптасты. Сыйақы мөлшерлемесін төмендету, ұйым үшін комиссияны алып тастау, сондай-ақ қарыз алушының тәуекеліне байланысты сараланған баға белгілеу тәсілін енгізу түріндегі кейбір шарттарды жеңілдету сұраныстың артуына оң әсер етті. Сөйтіп несиелік өтінімдер саны 2%-ға (т/т) артты және 19,1 миллионды құрады.

Автокредиттеу сегментінде қатысушы банктер санының ұлғаюы және олардың нарық үшін ұсынатын өнімдер (оның ішінде цифрлық) тізімін кеңейтуі, сондай-ақ әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуы III тоқсанда автокредитке деген сұраныстың одан әрі өсуін қолдады. Осылайша, автокредитке келіп түскен өтінімдер саны 19%-ға (т/т), 797 мыңға дейін өсті.

IV тоқсанда банктер ипотекалық және кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша сұраныстың біршама өсуін күтеді. Ал қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздар мен автокредиттерге сұраныс, олардың пікірінше, сақталады.

2023 жылдың III тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалап отыру үшін тоқсан сайын жүргізеді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға