1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

«Цифрлық теңге жобасының бірінші кезеңін енгізу туралы» ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Б. Шолпанқұловтың баяндамасы

«Цифрлық теңге жобасының бірінші кезеңін енгізу туралы» ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Б. Шолпанқұловтың баяндамасы

 

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн!

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

15 қараша күні Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлері Конгресі алаңында Цифрлық теңге платформасы пилоттық режимде іске қосылды.

Ұлттық Банк алғаш рет Цифрлық теңге эмиссиясын жүзеге асырды. Цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші түрі. Қолма-қол ақша секілді, цифрлық теңге де Ұлттық Банктің міндеттемесі болып табылады. Сәйкесінше, цифрлық теңге төлем құралы, құн өлшемі және айналым құралы қызметін атқарады.

Жобаны іске асыру қаржы нарығының екі деңгейлі моделі негізінде жүзеге асырылады. Жеке және заңды тұлғалармен өзара әрекеттесу бұрынғыдай қаржы нарығының қатысушылары арқылы ғана жүргізіледі.

Пилоттық жоба аясында клиенттердің цифрлық шоттары арасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу функционалы қарастырылған. Сонымен қатар пилоттық банктер халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп цифрлық карталар шығарды. Бұл карталарды қолдана отырып, пайдаланушылар банктердің төлем инфрақұрылымы аясында жеке және заңды тұлғалармен әдеттегі режимде цифрлық теңге транзакцияларын жүргізе алады. Сондай-ақ, банктермен және Алматы қаласының әкімдігімен бірге «цифрлық ваучерді» пайдалану сервисі іске қосылды. Бұл мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық теңге – цифрлық инновациялық экономиканың заманауи сұранысына жауап беретін төлемнің жаңа құралы.

Цифрлық теңге POS-терминалдар, QR-код, банктердің мобильді қосымшалары, биометрия сияқты әдеттегі банктік сервистер арқылы қолжетімді болады.

Смарт-келісімшарттардың функционалын, бағдарламалану мүмкіндігін пайдалану арқасында цифрлық теңге нарыққа жаңа өнімдер мен сервистерді құруға мүмкіндік береді. Бұл төлем тізбегіндегі бірқатар процесті автоматтандыруға және тиімділігін арттыруға жол ашады. Сондай-ақ, цифрлық теңге офлайн режимде транзакциялар тізбегін жүргізу мүмкіндігі арқасында интернет шектелген жерлерде қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолжетімді етеді.

Осы жылы іске асырылған пилоттық жоба аясында алынған нәтижелер 2023 жылғы желтоқсанда қорытынды баяндамада жарияланады.

2024 жылы жоба жаңа қатысушыларды қосу және сервистерді көбейту арқылы кеңейтіледі. Атап айтқанда, бұл – интернетсіз цифрлық теңгедегі транзакцияларды жүзеге асыру функционалын іске асыру, трансшекаралық төлемдерді оңтайландыру, цифрлық активтер бойынша есеп айырысудың сенімді тетіктерін құру және басқа да инновациялар. Осы бағыттар бойынша дайындық жұмыстары мен алдын ала зерттеулер қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр.

Мысалы, «SWIFT» сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта трансшекаралық төлемдердің мүмкіндігі туралы зерттеу жүргізілуде. Биыл Халықаралық есеп айырысу банкінің mBridge бастамасына бақылаушы мемлекет ретінде қосылу жүзеге асырылды.

Жоспар бойынша, цифрлық теңгенің нысаналы архитектурасын енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы керек.

Бұдан әрі Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинур Жаленовке сөз ұсынамын, ол Цифрлық теңге бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасайды.

Жоғарыға