1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Теңге бағамының әлсіреу себебі мен валюта нарығындағы жағдай туралы

ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың түсіндірмесі

Бірнеше фактордың бір мезетте қосарлануы соңғы екі аптада теңгенің қысқа мерзімде әлсіреуіне алып келді.

Мұнай бағасының барреліне 90 доллардан жоғары саудалануына қарамастан, теңгеге кері әсер етіп отырған бірқатар сыртқы және ішкі фактор бар.

Біріншіден, АҚШ доллары әлем бойынша нығайып отыр: қыркүйектің басынан бастап дамыған елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының динамикасын көрсететін DXY индексі 2,9%-ға, ал дамушы елдердің валютасына қатысты доллар 2,6%-ға нығайды. Мәселен, қыркүйек айында АҚШ долларына шаққанда Мексика песосы 3,7%-ға, чех кроны 4,4%-ға, тай баты 4,7%-ға әлсіреді. Яғни, бұдан доллар жаһандық сипатта нығайғанын анық байқауға болады.

Қазір нарық жыл соңына дейін ФРЖ ставкасы тағы да көтерілуі мүмкін және ФРЖ ставкасы ұзақ уақыт бойы жоғары күйде тұрады деп болжап отыр. Осыған байланысты Америка валютасы күш алды. ФРЖ-ның соңғы отырысынан соң олардың риторикасы да осы болжамды растайды. АҚШ Мемлекеттік қағаздарының кірістілігі рекордтық деңгейге дейін өсті. 10 жылдық қағаздар бойынша өсім – 4,61%, ал 30 жылдық қағаздар бойынша өсім – 4,72%. Мұның бәрі АҚШ долларына сұранысты күшейтті.

Екіншіден, біздің импорттаушылар тарапынан валютаға сұраныс өсті. Бұл – жобаларды іске асыру циклін жандандыру, бюджет қаражатын игерумен байланысты «маусымдық» сұраныс.

Үшіншіден, Үкімет квазимемлекеттік секторда (КМС) экспорттан түсетін валюталық түсімінің бір бөлігін сату міндеттемесін уақытша тоқтатты. Норма тоқтатылғанға дейін экспорттаушылардың сатылымы нарықта тұрақты валюта ұсынысын қалыптастырып келді. Ол – орташа есеппен айына 220-дан 420 млн долларға дейін. Бұл теңге бағамын тұрақтандыруға әсер ететін. Өйткені нарық қатысушылары өз болжамдары мен есептеулеріне КМС-тің міндетті түрде доллар сатуын қосатын.

Төртіншіден, АҚШ ФРЖ мөлшерлемесі тұрақты болған кезде Ұлттық Банктің мөлшерлемені керісінше төмендетуі теңгенің тартымдылығын төмендетті.  Инфляцияның қарқыны бәсеңдегендіктен, Ұлттық Банк тамыз айының аяғында базалық мөлшерлемені 0,25%-ға түсіріп, 16,5%-ға дейін төмендетті. Ал 21 қыркүйекте АҚШ ФРЖ базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін қатаң ақша-кредит саясаты сақталатынын, тағы қосымша 0,25%-ға күшейтілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Екі орталық банктің саясатындағы осы қарама-қайшы әрекет теңге активтеріне деген сұраныстың төмендеуіне әсер етті.

Осы факторлардың бір уақытқа тап келуі теңгенің қысқа мерзімде әлсіреуіне алып келді. Қыркүйектің басынан бастап теңгенің долларға шаққандағы бағамы 4,5%-ға төмендеді.

Басқа жағдайда, мұнай бағасы, төлем балансының жалпы жағдайы секілді маңызды факторлар теңгеге қолдау көрсетіп, ішкі валюта нарығында балансты арттырады.

Тағы да айта кететін нәрсе, валюта нарығында өтімділікті қолдап, айырбас бағамының күрт құбылуына төтеп беру үшін Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізуге құқылы. Бұл өз кезегінде бағам қалыптастыруда нарықтық механизмдерді қолдап, теңгенің икемге келерлік құбылу үрдісіне шектеу қоймайды.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға