1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

«Цифрлық теңге» жобасын іске асыру барысы туралы баяндама жарияланды

Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) мен Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясы (Корпорация, «ҰТК» АҚ) Қазақстан Республикасында ұлттық цифрлық валютаны енгізу жөніндегі «Цифрлық теңге: бірінші кезеңді іске асыру жоспары» мәртебе-баяндамасы жарияланғанын хабарлайды.

Құжаттың мақсаты – жобаның қазіргі мәртебесі мен осы жылдың соңына дейін күтілетін нәтижелер туралы хабардар ету. Баяндамада цифрлық валюталарды іске асыру саласындағы өзге де мемлекеттердің тәжірибесіне шолу жасалған.

Цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін 3 фазада енгізіледі. Жобаны іске асыру жол картасына сәйкес, 2023 жылы бірінші кезең іске асырылады. Цифрлық теңге платформасының – тәжірибелі-өнеркәсіптік және зерттеу (R&D) атты екі контуры (даму бағыты) құрылды.

Тәжірибелі-өнеркәсіптік пайдалану аясында цифрлық теңгені төлем құралы ретінде пайдалану үшін барлық базалық сценарий іске асырылады, қаржы нарығының қатысушыларымен және қаржы инфрақұрылымының провайдерлерімен интеграциялық байланыс орнатылады. Сондай-ақ смарт-келісімшарттарды пайдалану арқылы бағдарламаланатын төлемдер тетігі енгізіледі. Бұл контур ЦТ жүйесінің негізгі функционалдығын және оның кейінгі жұмысын жүзеге асыруға арналған.

Зерттеу контуры аясында орталық банктердің цифрлық валюталарында трансшекаралық есеп айырысулар тестілеуден өтеді, цифрлық активтер индустриясы нарығына қатысушылармен өзара байланыс орнатылып, токенделген активтер үшін есептік инфрақұрылым ретінде цифрлық теңге пайдаланылады.

«Цифрлық теңге» жобасы бойынша мәртебе-баяндама ҚҰБ-тың: nationalbank.kz/kz/page/Digital-Tenge сайтында және Корпорация сайтында жарияланады.

Жобаның І фазасын іске асыру қорытындысы 2023 жылы ұлттық валютаның 30 жылдығына орай өтетін Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында шығарылады. Толыққанды нәтижесі 2023 жылғы желтоқсанда қорытынды есеп (blueprint paper) форматында ұсынылады.

Айта кетейік, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалардың орнын ауыстыруға бағытталмаған, ол қолданыста қатар жүре береді. Цифрлық теңге қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады, инновациялық қаржы өнімдерін жасау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін еселейді, сондай-ақ трансшекаралық төлемдерде шығынды азайтады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға