1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Ғ.О. Пірматовтың мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Ғ.О. Пірматовтың мәлімдемесі

2023 жыл, 5 шілде, Астана  

 

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер, қайырлы күн!

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Бағаның өсімі айтарлықтай баяулады. Инфляцияның жылдық, айлық мәндері төмендеп келеді. Алайда, инфляцияның тұрақты бөлігінде баяулау қарқыны әлі де әлсіз. Жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметтер бағасының көтерілуіне қатысты жаңалықтарға байланысты инфляциялық күтулер өсуді көрсетіп отыр. 

Азық-түлік құнының төмендеуі, сауда-серіктес елдердегі бағалардың баяу өсімі және орталық банктер тарапынан мөлшерлемелердің артуы инфляцияға сыртқы қысымды төмендетті. Бірақ ішкі факторлар бағалардың тұрақты төмен өсуіне әлі де кедергі келтіріп отыр. Ішкі факторларға инфляциялық күтулермен қатар тұрақты ішкі сұраныс пен фискалдық импульс те жатады.  

Осыны ескере отырып, біз алдыңғы айтылған риторикаға сәйкес шешім қабылдауда байыпты тәсілді ұстануды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда біздің басты міндетіміз – инфляцияның тұрақты түрде төмендеуін қамтамасыз ету. 

* * *

Бұдан әрі қабылданған шешімге түрткі болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Жылдық инфляция болжамды диапазон аралығында қалыптасып, маусым айында 14,6%-ды құрады.

Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын компоненттер жалпы инфляцияның төмендеуіне көптеп үлес қосуда. Тамақ өнімдері бағасының өсуі маусым айында айтарлықтай баяулап, 14,6% құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 15,8%-ға дейін төмендеді. Қызметтер құнының өсуі болжамды траекторияға сәйкес келді және маусым айында 13,3% болды.

Айлық инфляция 0,5%-ға дейін баяулады.

Базалық инфляцияға бірқатар бағалау жүргізілді. Соған сәйкес, соңғы айларда экономикадағы баға өсімінің тұрақты компоненттері мейілінше әлсіз баяулағанын көрдік. Бұл – проинфляциялық ортаның сақталуымен байланысты.

Жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның төмендеуін тежейтін факторлардың бірі. Дегенмен, оның жоғары және тұрақсыз динамикасының сақталуы жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметтер бағасының өсуімен байланысты. Біз оны базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде алдын ала ескердік. Алдағы бір жылға күтілетін инфляцияның медианасы маусым айында 17,2%-ға дейін көтерілді. Сезілетін инфляцияның көрсеткіші 18,8%-ға дейін төмендегенімен, әлі де жоғары қалпында қалып отыр.   

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларында 4,5%-ға өсті. Бұл Ұлттық Банктің биылға белгілеген болжамдарына сәйкес келеді. Нақты сектор 3,6%-ға, қызметтер саласындағы іскерлік белсенділік 4,9%-ға өсті. Ең жоғары өсу қарқыны құрылыс, сауда, ақпарат пен байланыс салаларында байқалды.

Экономикадағы өсімнің оң үрдісі іскерлік белсенділік индексінің динамикасымен расталады. Ол маусым айында
51,1 мәніне дейін өсті.

Тұтынушылық кредиттер мен жоғары инфляциялық күтулер ішкі сұраныстың тұрақтылығына ықпал етіп отыр. Оны бөлшек тауар айналымының динамикасынан және тұтыну тауарлары импортының өсуінен көруге болады.

Инвестициялық белсенділіктің кеңеюі де ішкі сұранысқа оң әсер етті. Биылғы қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі нақты мәнде 17,2%-ды құрады. Инвестицияның негізгі көлемі құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарына тиесілі болды.

Әлі де жоғары қалпында тұрған инфляцияға байланысты халықтың нақты кірісінің төмендеуі тұтынушылық сұранысты тежейтін фактор болып отыр.   

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы секторда баға өсімін баяулатуға ықпал ететін факторлар басым. Әлемде азық-түлік бағаларының одан әрі төмендеуі, Қазақстанның сауда-серіктес елдеріндегі төмен инфляция және дамыған елдердегі орталық банктердің мөлшерлемелерді одан ары арттыруға қатысты дайындығы  байқалуда.

Биыл мамыр айында азық-түліктің әлемдік бағасы 2,6%-ға төмендеді. Өсімдік майларының, дәнді дақылдар мен сүт өнімдерінің құны төмендеп келеді. Алдағы маусымда егін жинау бойынша неғұрлым қолайлы жағдайлар аясында астық бағасының нақты серпіні біз күткеннен де төмен болды. Тиісінше, азық-түліктің ішкі бағасы өсу тұрғысынан одан әрі баяулайтындай мүмкіндігі бар.

Ресей мен Қытайда тұтынушылық инфляция төмен мәндерде қалыптасып отыр. Ресей Банкі мамыр айында инфляцияның өсу кезеңі басталғанына және негізгі мөлшерлемені көтеру мүмкін екеніне қатысты белгі берді. 

Еуроодақта жүргізілген ақша-кредит саясатының нәтижесінде бағаның өсуі біртіндеп баяулап келеді. Ал инфляция тұрақты күйінде қалып отыр. Бұл Еуропа Орталық банкі тарапынан барынша қатаң риторикаға алып келеді. Мұндай жағдай АҚШ-та да байқалуда. Онда Федералдық Резервтік Жүйе мөлшерлеме одан әрі артуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осылайша, белгіленген нысаналы бағдарларға қол жеткізудің ұзақ мерзіміне байланысты күтулер аясында сыртқы монетарлық талаптар үздіксіз күшейіп келеді.

Мұнай нарығындағы ахуал, ең алдымен келешектегі сұранысқа байланысты белгісіз болып тұр. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер ықтимал рецессия тәуекелдерін арттыруда. Болжамдар бойынша осы жылғы мұнайға деген сұраныс өсімінің жартысын қамтамасыз ететін Қытай экономикасы әлсіз қалпына келіп жатыр. Мұнай өндіруді қосымша қысқарту туралы ОПЕК+тің хабарландыруы және жақын арада мұнай тапшылығының пайда болу болжамдары бағаны қолдау үшін жеткіліксіз болды. Нәтижесінде қазіргі уақытта мұнайдың құны базалық сценарийден төмен қалыптасып отыр.

* * *

Елдегі инфляциялық үдерістерде байқалған және күтілетін оң өзгерістерге қарамастан, инфляция төмендеуінің сенімді тұрақты үрдісі туралы айтуға әлі ерте. Бұл ішкі инфляциялық факторлардың және болашақта баға өсуі үшін ықтимал тәуекелдердің болуына байланысты.

Инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде орнығуын, жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметтер бағасының артуынан болған жанама әсерлердің іске асуын, фискалдық ынталандырудың күшеюін, мұнай сұранысына әсер ететін жаһандық рецессияның болу мүмкіндігін және геосаяси жағдай белгісіздігінің өсуін негізгі тәуекелдерге жатқызуға болады.

Біз бұрын айтылған риторикаға сәйкес әрекет етеміз. Жоғарыда аталған факторлар мен тәуекелдер ақша-кредит саясатын байқап іске асыруды қажет етеді. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі тұрақты инфляцияны баяулату үдерісін қолдауға, мемлекеттік шығыстардың өсуін теңгеруге және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақтап қалуын алдын алуға мүмкіндік береді.

Біз инфляцияның байқалып отырған төмендеуі базалық мөлшерлеменің төмендеуіне мүмкіндік туғыза бастағанын көріп отырмыз. Келесі шешім болжамдарды жаңартумен және жаңа деректерді талдаумен қатар қабылданатын болады. Осыған байланысты біз тамыз айында базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыратын боламыз.   

Біздің барлық іс-әрекетіміз орта мерзімді келешекте инфляция бойынша белгіленген 5% мақсатына біртіндеп қол жеткізуге бағытталған.

* * *

 Құрметті журналистер!

Бүгінгі мәлімдеме барысында инфляция бойынша таргетке қатысты шешімімізді түсіндіріп кетуге рұқсат етіңіздер.

Өткен жылы Ұлттық Банктің Стратегиялық жоспарында біз инфляция бойынша ақша-кредит саясатының ортамерзімді мақсатына талдау жүргізуді белгілеген едік.

Біз бұл жұмысқа өз күшімізді ғана жұмсап қоймай, елімізден де, шетелден де, академиялық ортаның сыртқы зерттеушілерін тарта отырып, іргелі әрі түбегейлі жұмыс жүргіздік.

Сәуір айында өткізген ғылыми-практикалық конференцияда зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылды. Әртүрлі тәсілдер мен халықаралық тәжірибеге шолуды пайдалана отырып жасалған жан-жақты талдау келесіні көрсетті:

  • таргеттің нүктелік форматы коммуникация және инфляциялық күтулерді тұрақтандыру тұрғысынан қолайлы саналады;
  • біздің экономикамыз үшін инфляция бойынша оңтайлы таргет 4%-дан жоғары болып 7%-дан аспайды. Көптеген бағалаулар инфляцияның 5%-дағы таргетінің оңтайлылығын көрсетуде.

Осыған байланысты Ұлттық Банк келесідей шешім қабылдады:

Біріншіден, 2023 жылдан бастап интервалдық мәндерді нүктелік форматқа ауыстыра отырып, инфляция бойынша бұрын мәлімделген таргетті нақтылау. Бұл орталық банк саясатының мақсаттарына қатысты айқындылық пен ашықтықты қамтамасыз етеді және ақша-кредит саясатының нақты мақсатқа жету міндеттемесін анық көрсетеді.

Екіншіден, орта мерзімді перспективада инфляция бойынша мақсат – жылдық инфляцияны 5%-ға жуық деңгейде ұстап тұруды белгілеу.

Таңдалған таргет мақсатты қалыптастырудағы реттілік пен үздіксіздікті қамтамасыз етіп, инфляцияны және күтулерді 5%-ға жуық бекітуге ықпал етеді.

Таргетке қол жеткізу жүргізіліп отырған саясаттың тиімділігін арттырады және ұзақмерзімді келешекте инвестицияларға және экономиканың өсуіне неғұрлым тұрақты орта қалыптастырады.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 25 тамызда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.

506.08 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға