1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылғы 19-26 қараша аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 26 қарашада теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 0,1%-ға (430,43 теңгеден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 431,07 теңге деңгейінде қалыптасты. Дамушы нарықтар валюталарының серпіні теріс болды. Оңтүстік Африка Республикасында ДДҰ қауіптеніп отырған Covid-19-дың жаңа штамының табылғаны туралы хабарлар тәуекел-сентиментінің күрт нашарлауына алып келді. АҚШ ФРЖ-ның соңғы отырысының жарияланған хаттамасында комитет мүшелерінің монетарлық қолдауды барынша тез тоқтатуға дайын екені туралы айтылды.    

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Бразилия реалы инфляцияның Орталық банктің таргеттелетін дәлізінен шығуы жөніндегі болжамдарға байланысты мөлшерлемелердің одан әрі көтерілуін күту аясында 0,2%-ға (5,61-ден 5,6-ға дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы инвесторлардың тәуекелден кетуіне орай АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы аясында 0,8%-ға (74,24-тен 74,87-ге дейін) әлсіреді;
  • Индонезия рупиясы тәуекел-сентименттің нашарлауы аясында 0,9%-ға (14 232-ден 14 358-ге дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі мұнай бағасының құлдырауы мен геосаяси тәуекелдердің өсуі аясында 2,9%-ға (73,49-дан 75,61-ге дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды коронавирустың жаңа штамы айналасындағы алаңдаушылықтың артуына байланысты 3,6%-ға (15,73-тен 16,29-ға дейін) әлсіреді;
  • Мексика песосы қазіргі қаржы министрінің орынбасары Виктория Родригес Сеханы Мексика Банкінің басшысы лауазымына ұсыну жөніндегі жаңалықтар аясында 5,2%-ға (20,83-тен 21,92-ге дейін) әлсіреді, бұл өз кезегінде Banxico-ның тәуелсіздігіне күмән келтіреді;
  • түрік лирасы Орталық банктің жуырда пайыздық мөлшерлемені төмендеткенін қолдаған ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдемесінен кейін 9,3%-ға (11,29-дан 12,34-ке дейін) әлсіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон бойынша алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press.nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға