1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылғы 8–15 қаңтар аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу

Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша 15 қаңтарда теңгенің нарықтық бағамы кезең ішінде 0,1%-ға (418,96-ден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 419,54 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюта нарығында 2021 жылғы 8–15 қаңтар аралығындағы кезеңде дамушы елдер валюталарының серпіні апта ішінде әртүрлі бағытта болды. АҚШ-тың сайланған Президенті Д.Байден $1,9 трлн-ға экономиканы қолдау жоспарын ұсынды. Өкілдер палатасы Капитолий ғимаратындағы тәртіпсіздіктерге байланысты Д.Трампқа импичмент жариялады. АҚШ ФРЖ Төрағасы облигацияларды сатып алу бағдарламасын қысқарту туралы талқылаулардың мерзімінен бұрын болғанын атап өтіп, таяу арада мөлшерлемелердің көтерілмейтіні туралы хабарлады. АҚШ-тағы бөлшек сауда екінші ай қатарынан төмендеуде (желтоқсанда –0,7% м/м), бұл Covid-19-бен аурығандар санының өсуіне байланысты экономика қарқынының бәсеңдегенін білдіреді. Д.Трамп ҚХР әскери-өнеркәсіптік кешеніне қатысты күдіктерге байланысты 9 Қытай компаниясына инвестициялауға тыйым салатын жарлыққа қол қойды.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Бразилия реалы ФРЖ шенеуніктерінің ақша-кредит саясатының ағымдағы өлшемдерін сақтау және АҚШ-та жаңа ынталандырулар қабылдаудың келешегі туралы түсініктемелеріне байланысты АҚШ доллары бағамының әлсіреуі аясында 2,2%-ға (5,42-ден 5,3-ке дейін) нығайды;
  • Мексика песосы Д. Байден ұсынған АҚШ-тағы жаңа ынталандыру пакеті туралы хабарламаларға байланысты инвесторлардың тәуекел дәрежесінің артуы аясында 1,1%-ға (20,02-ден 19,8-ге дейін) нығайды;
  • Ресей рублі ОПЕК+ өндіру бойынша қысқартулардың сақталуына және АҚШ-та қорлардың төмендегені туралы деректерге байланысты мұнай бағасының 2020 жылғы ақпаннан бастап ең жоғары белгілерге ($54-тен жоғары) жетуі аясында 0,7%-ға (74,06-дан 73,55-ке дейін) нығайды. Қаржы министрлігі Бюджет қағидалары шеңберінде ішкі нарықта валюта сатып алуды (күніне 7,1 млрд рубльден 4 ақпанға дейін – орташа күндік сауда көлемінің 2%-ға жуығы) жаңартуда;
  • Оңтүстік Африка ранды жаһандық тәуекел дәрежесінің жақсаруы аясында, сондай-ақ таяудағы отырыста негізгі мөлшерлеменің 3,5% деңгейінде өзгеріссіз сақталуын күту кезінде 0,5%-ға (15,3-тен 15,23-ке дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы акциялар нарығына шетелдік портфельдік инвестициялардың әкелінуі аясында 0,2%-ға (73,25-тен 73,07-ге дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы бір аптада өзгерген жоқ, 14 020 деңгейінде қалды;
  • түрік лирасы Түркия Президентінің инфляцияны төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені қысқарту қажеттілігі туралы түсіндірмелері аясында 1,6%-ға (7,35-тен 7,47-ге дейін) әлсіреді.

1 АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан неғұрлым көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпарат БАҚ өкілдері үшін мына телефон арқылы қолжетімді:
+7 (717) 2 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға