Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 27 сәуір сағат 9:00-ден 28 сәуір сағат 23:00-ке дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк: Ұлттық қордың 2023 жылғы инвестициялық кірісі 6,2 млрд АҚШ доллары болды

АВР 900 млн долларға өсуі, ұлттық валютаның 1,7%-ға нығаюы, айналыстағы ноталардың қысқаруы. ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова өткен жылдың басты қорытындысымен және қаржы нарығындағы оқиғалармен, сондай-ақ биыл әлемдік нарықтарда ахуалдың даму барысы жайлы болжамдармен бөлісті.

Әлия Мейірбекқызы, 2023 жылы сыртқы нарықтарда қандай оқиғалар маңыздылығымен ерекше болды?

2023 жылдың басы орталық банктердің қаржылық шарттарды қатаңдатуына байланысты әлемдік рецессияның басталуынан қауіптенумен сипатталды. Мәселен, жыл басынан бері дамыған және дамушы елдердегі орталық банктердің көбі инфляциямен күресуге күш салды. Мөлшерлемелерді көтеру циклі жылдың ортасына қарай баяулап, орталық банктердің саясаты қатал күйінде қалды, алайда көптеген орталық банктер мөлшерлемені көтеруді тоқтатты.

Жылдың екінші жартысы нарықтың ФРЖ мөлшерлемелерді көтеру циклінің аяқталуын күтуімен сипатталды. Федералды резервтік жүйенің мәлімдемелері әр сипатта болды. Өйткені нарықтың шамадан тыс оптимизміне, соның салдарынан инфляцияның жоғарылауына жол беруге болмайтын еді. Джером Пауэлл макроэкономикалық немесе геосаяси жағдай нашарлаған кезде мөлшерлеменің көтерілетінін жоққа шығармады.

Осыған қарамастан, ҚХР-да карантиндік шектеулерді алып тастау, Еуроаймақтағы энергетикалық дағдарысты болдырмау, былтыр АҚШ-тағы күшті тұтынушылық сұраныс аясында әлемдік экономиканың өсу орнықтылығы әлемдік рецессия күтулерін жоққа шығарды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік орталық банктер экономикаға айтарлықтай залал келтірмей, инфляцияның төмендеуіне қол жеткізе алды. Мәселен, ХВҚ-ның есептеулері бойынша, әлемде бағалардың өсуі 8,7%-дан 6,9%-ға дейін, ЖІӨ қарқыны 3,5%-дан 3%-ға дейін баяулады.

Қатаң ақша-кредит шарттарына қарамастан, JPM Global Composite PMI іскерлік белсенділік индексінің көрсеткіші бір жыл ішінде салыстырмалы түрде орныққанын көрсетіп, 48,2-ден 51-ге дейін өзгергенін айта кету керек.

АҚШ Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, Brent эталондық маркалы мұнайдың орташа бағасы 2023 жылы 1 баррель үшін 82 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17 долларға төмен. Жалпы алғанда, өткен жылы мұнай бағасы әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты құбылмалы болды. Мұнайдың баррелі $77 деңгейінде болды.

2023 жылы валюта нарығындағы ахуал қалай қалыптасты?

– 2023 жылы валюта нарығындағы ахуал теңгерімді болды. Жыл қорытындысы бойынша мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан теңге бағамы 454,69 деңгейіне дейін 1,7%-ға нығайды.

Былтыр валюта нарығында ұлттық валютаның нығаю үрдісі басым болды. Ұлттық қордан шетел валютасын сату, депозиттерді долларландыру деңгейінің төмендеуі және бейрезиденттердің ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына салған салымдарының ұлғаюы теңгеге қолдау көрсетті.

Жыл қорытындысы бойынша Ұлттық қордан трансферт бөлу және ішкі валюта нарығында квазимемлекеттік сектор акцияларын сатып алу операцияларын жүргізу нәтижесінде 9,5 млрд АҚШ долларына активтер сатылды. Сонымен бірге валюталық интервенциялар жүргізілмеді.

Ұлттық Банктің бағам құбылмалы және нарық реттейді деген коммуникациясына қарамастан, кейбір талдаушылар валюта нарығын ырықтандыру қажеттілігін алға тартты. Осы ұсыныстарға түсініктеме бере аласыз ба?

– Ұлттық Банк валюталық саясатта ырықтанған валюталық саясат қағидаттарын ұстануды және қандай да бір шектеулердің болмауын қамтамасыз ететін еркін бағам белгілеуді ұстанады. Осымен бірге, өзгермелі айырбастау бағамы режимін одан әрі нығайту мақсатында қадамдар жасалып жатыр.

Жүргізіліп отырған валюталық операцияларға қатысты Ұлттық Банк белсенді және ашық коммуникациялық саясатты жүргізуде. Ай сайынғы негізде жүргізілу мақсаттары мен себептері көрсетіліп, ішкі валюта нарығындағы Ұлттық Банктің барлық операциялары туралы ақпараттық хабар жарияланады. Бұдан басқа, айырбастау бағамының қалыптасуына әсер ететін факторлар, ішкі валюта нарығының жай-күйі, халықаралық резервтердің динамикасы, сыртқы нарықтардағы ағымдағы үрдістер мен перспективалар туралы жан-жақты ақпарат та жарияланады.

Валюта нарығындағы теңгерімді ахуал аясында Үкімет квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін міндетті түрде сатуды өткен жылғы тамызда жойды. Бұл да валюта нарығын ырықтандыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта нарықтық сұраныс пен ұсыныс қозғалысы нәтижесінде қолайлы жағдай қалыптасуда. Яғни, теңгенің қалыпты екі жақты құбылмалылығы нарыққа өз бетінше теңгерім табуға мүмкіндік береді. Ұлттық қордан трансферттерді конвертациялауға келетін болсақ, олар тұрақты сипатта және нарықтық ұсыныстың тұрақты бөлігі болып табылады. Олардың көлемі бюджет заңнамасында алдын ала бекітілген және нарыққа түсінікті. Сондықтан осы тұрғыда валюта нарығын ырықтандыру қажеттігі туралы ұсыныстар өзекті емес. Ал басқа бастамаларды қарастыруға әрқашан дайынбыз.

2023 жылғы ақша нарығының жай-күйі туралы айтып бересіз бе және Ұлттық Банк қандай өзгерістер енгізді?

– Жалпы, ақша нарығындағы жағдай жыл бойы тұрақты, ал TONIA операциялық бағдары пайыздық дәліз шегінде болды.

Ақша нарығының жұмысы Ұлттық Банк ашық нарық операциялары мен тұрақты қол жеткізу операциялары арқылы реттеген өтімділіктің профициті жағдайында жалғасты.

2023 жылы 1 күндік репо нарығындағы Ұлттық Банктің үлесі айтарлықтай төмендеп, шамамен 19%-ды құрады. Салыстыру үшін – 2019 жылы үлесіміз 60%-дан жоғары болған.

2023 жыл бойы біз айналыстағы ноталарды қысқартуды тоқтатқан жоқпыз. Егер бұрын біз жылдық, жартыжылдық және үш айлық ноталардан бірте-бірте бас тарта отырып, «ұзын» ноталарды қысқартсақ, биыл 4-тоқсаннан бастап жарияланған кестеге сәйкес әрбір шығарылымның көлеміне лимит қоя бастадық. Осыған байланысты айналыстағы ноталар көлемі жыл соңына қарай екі есе қысқарып, 1,2 трлн теңгені құрады.  

Ақша-кредит саясатының құралдарын жетілдіру жұмысын жалғастыру аясында осы жылдың басынан бастап Ұлттық Банк репо және своп құралдары арқылы өтімділікті алу операцияларын жүргізбейді. Бұл, біріншіден, овернайт депозитімен құралдардың қайталануын болдырмайды. Екіншіден, бұл бастама біз тікелей қатыспай-ақ TONIA мөлшерлемесінің нарықтық қалыптасуына жағдай жасайды. Үшіншіден, бұл ақша нарығының жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және банкаралық дамуға да ықпал ететін болады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша алтын-валюта резервтері қалай қалыптасты? Өткен жылғы желтоқсанда олардың күрт артуына не себеп болды?

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша алтын-валюта қоры, жалпы алғанда, бір жылда 900 млн долларға жуық ұлғайып, 36 млрд долларды құрады.

Алтын бағасының бір унция үшін 250 долларға немесе 14%-ға өсуі АВР өсуінің маңызды катализаторының бірі болды. 2023 жылғы бағалы металдың бағасы унциясына 1809 доллардан 2078 долларға дейінгі аралықта өзгере отырып, өзінің құбылмалылығымен сипатталды. Алтын бағасының өсуі мен төмендеуі АҚШ ФРЖ-ның федералдық қорлар мөлшерлемесі бойынша шешімдеріне, нарықтың  болжамды мәндерімен сәйкес келмейтін макроэкономикалық статистиканың релиздеріне, сондай-ақ геосаяси қақтығыстардың өршуіне байланысты болды. 2023  жыл 2022 жылдағыдай шиеленіске толы болды. Геосаяси тәуекелдер күшейген кезінде қорғаныс активі ретінде алтынның бағасы өсе түсті.    

АВР-дан қаражаттың әкетілу факторлары ішінде мемлекеттік қарызды өтеуді атап өткен жөн. 2023 жылы төлем көлемі шамамен 1,8 млрд долларды құрады. Бұдан басқа, Ұлттық Банктің валюталық шоттарындағы ЕДБ қалдықтарының төмендегені байқалды.

2023 жылы Ұлттық қордың активтерін басқару нәтижелері қалай қалыптасты?

– 2023 жылдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 60 млрд АҚШ долларын құрап, бір жылда 4,3 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Негізінен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кірістілік 11,4% болған кезде 6,2  млрд АҚШ долларын құраған инвестициялық кірістің арқасында өсті. Өткен жылдың нәтижесі – Ұлттық қордың бүкіл тарихында абсолюттік, сол сияқты пайыздық мәнінде рекордтық нәтиже. Активтердің барлық негізгі сыныптары өсті, оның ішінде акциялар нарығында айтарлықтай қалпына келу байқалды. Мәселен, 2023 жылы акциялар портфелінің кірістілігі 25%-ға жуық болды.

Осылайша, 2022 жылы қорды теріс қайта бағалау 2023 жылғы кірістілік есебінен толығымен өтелді. Бұл Ұлттық Банк ұстанатын ұзақмерзімді инвестициялау қағидатын қатаң сақтау нәтижесінде мүмкін болды.

Инвестициялық кірістің өсуіне неғұрлым табысты, бірақ сонымен бірге тәуекелді активтер класының үлесін ұлғайту есебінен ҚР ҰҚ активтерін консервативтік тұрғыдан бөлу тәсілінен теңгерімді бөлу тәсіліне өту де ықпал етеді. Бұл ұзақмерзімді инвестициялау тұрғысынан алғанда – негізді. Жалпы алғанда, жаңа аллокацияға көшу инвестициялық кірістің біртіндеп өсуіне және тиісінше, биылғы жылдың басында басталған Ұлттық қор бағдарламасы арқылы балаларға төленетін төлемдердің өсетініне сенім білдіруге мүмкіндік береді. 2024 жылдың басында барлық баланың шотына 695,5 миллион АҚШ доллары көлемінде алғашқы төлем (18 жыл ішінде орташа инвестициялық кірістің жартысы) жасалды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке алудың жалпы көлемі былтыр 5,3 трлн теңге болды. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттен басқа Үкіметтің шешімі бойынша республикалық бюджетті қаржыландыру үшін 2023  жылғы қазан – желтоқсан аралығында Ұлттық қордың қаражаты есебінен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акциялары сатып алынды.

Трансферт бөлу және акцияы сатып алу бойынша операцияларды жүзеге асыру мақсатында ішкі валюта нарығында 9,5 млрд АҚШ долларына активтер сатылды. Қалған бөлігі қорға теңгедегі түсімдер есебінен, сондай-ақ Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдық есебінен орындалды. Бұл ретте 2023  жылы қорға түсетін валюталық түсімдердің көлемі 7,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Әлемдік нарықтардағы ахуалды дамытудың қандай сценарийі 2024 жылы базалық болып табылады?

– Көптеген экономистер үшін 2024 жылдың базалық сценарийі әлемдік орталық банктердің мөлшерлемелерін төмендету үрдісін, дезинфляция процесін және рецессияны болдырмайтын әлемдік экономиканың қалыпты бәсеңдеуін жалғастыру болып табылады. ХВҚ болжамы бойынша ЖІӨ-нің жаһандық өсуі
3,0%-дан 2,9%-ға дейін бәсеңдеді. JPMorgan жаһандық ЖІӨ өсу қарқыны
2,8%-дан 2%-ға дейін төмендейді деп күтеді. Ал әлемдік экономиканың теріс өсуі базалық болып табылмайды. Сарапшылар оның тәуекелін 25% деңгейінде бағалап отыр. Bloomberg талдаушыларының консенсусы 2024 жылы әлемдік экономика қарқынын 3%-дан 2,6%-ға дейін, инфляцияны 6,9%-дан 4,3%-ға дейін төмендетуге бейім. Бұл ретте АҚШ-тағы рецессия ықтималдығы 50% деңгейінде.

Өз кезегінде, инфляцияны төмендетудегі прогресс қаржы нарығындағы жағдайларды тез арада жеңілдету қажеттілігін күтеді. Желтоқсандағы соңғы отырыстың қорытындысы бойынша жарияланған АҚШ ФРЖ комитеті қатысушыларының болжамдары бар нүктелі кесте 2024 жылы 25 базистік тармақ бойынша мөлшерлемені төмендетудің 3 раундын пайымдайды. Бұл ретте жыл басында нарыққа қатысушылар барынша агрессивті болып, 2024 жылғы наурызда алғаш рет мөлшерлеменің 70%-дық ықтималдықпен шамамен 6 раунд ішінде 25  базистік тармақтан төмендей бастайтынын күткен болатын. Алайда, қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляцияның күтілетін көрсеткіштерінен жоғары жарияланғаннан кейін, мөлшерлеменің бірінші төмендеуін күтуді биылғы маусымға дейін жылжыта отырып, нарықтық күтулер осы жылы 25 базистік тармақ бойынша 4 раундтан аз төмендейді деп болжанып отыр.

Нәтижесінде инфляцияның төмендеуі және оң экономикалық өсу аясында ақша жағдайларын жеңілдетудің базалық сценарийі әлемдік акциялар нарығы үшін қолайлы болып табылады. Goldman Sachs талдаушылары келесі жылы АҚШ қор нарықтарында жаңа тарихи ең жоғарғы көрсеткіштерге жетеді деп күтеді. Бұл ретте JPMorgan экономистері де 2024 жылы акциялар құбылмалылығының ұлғаюын және геосаяси тәуекелдер, атап айтқанда, 2024 жылғы қарашадағы АҚШ-тағы Президенттік сайлауға қатысты белгісіздік аясында VIX индексінің жоғарылауын күтуде.

2024 жылғы мұнай нарығының болжамдары рецессия тәуекелдерінің әлсіреуі және қаржы нарықтарындағы жағдайдың жеңілдеуін күтулері аясында орташа оң болып қала береді, бұл жанармайға деген сұранысты қолдауы тиіс. Медианаға сәйкес Bloomberg болжамының консенсусы қара алтынның орташа жылдық бағасы 2024 жылы бір баррель үшін 82,5 АҚШ долларын құрайды.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға