1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк – бейрезиденттердің қазақстандық МБҚ-ға сұранысын арттыру және валюта нарығындағы ахуал туралы

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ұлттық валютаның нығаю себептері мен Ұлттық Банктің оған қатысты әрекеті туралы баяндап берді.

- Әлия Мейірбекқызы, қаржы нарығындағы жағдай шілде айында қалай қалыптасты?

Шілдеде сыртқы нарықтардағы ахуал айтарлықтай қолайлы болды. Жаһандық инвесторлар АҚШ ФРЖ-ның монетарлық саясатын жіті бақылап отыр.   

Маусым айындағы көрсеткіштер бойынша, АҚШ-та жылдық инфляция 3%-ға дейін баяулады. Бұл – 2021 жылғы наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіш. Оның өзі доллардың жаһандық деңгейде әлсіреуіне ықпал етіп, шілденің қорытындысы бойынша АҚШ долларының DXY индексі 1%-ға, ал, осыған ұқсас кезеңде дамушы нарықтардағы валюталардың индексі 0,4%-ға әлсіреді.

Нарыққа қатысушылардың көпшілігі күткендей, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі шілде айындағы отырыс барысында мөлшерлемені
5,25-5,50% аралығына дейін 25 базистік тармаққа көтерді.

АҚШ Сауда министрлігінің деректері бойынша, екінші тоқсанда
ЖІӨ-нің өсуі нарықтық күтулерден айтарлықтай асып, жылдық көрсеткіште 2,4%-ды құрады. Барлық оқиғалар аясында нарыққа қатысушылар арасындағы рецессияны күту барысы әлсіреп, тәуекелі бар активтерге сұраныс артқаны байқалды. Мысалы, шілдеде акциялар нарығында ұлғаю үрдісі жалғасты: MSCI World индексі бір айда 3,3%-ға өсті. Әдетте «қорқыныш» индексі ретінде белгілі VIX құбылмалылық индексі пандемияға дейін байқалған деңгейде қалып отыр.

АҚШ-та рецессия тәуекелдерінің төмендеуі аясында, сондай-ақ Ливия мен Нигериядан жасалатын жеткізілімдерде іркіліс болғандықтан, мұнай нарығында бағаның оң динамикасы байқалды. Сауд Арабиясының мұнай өндіруді ерікті түрде қысқартуы, сондай-ақ жалғасып келе жатқан ОПЕК+ мұнай қорларының қысқаруы мұнайға айтарлықтай қолдау көрсетті. Шілденің қорытындысы бойынша «қара алтынның» бағасы 1 баррель үшін 85,6 АҚШ долларына дейін – 14,2%-ға өсті. 

- Осындай жағдайларда Қазақстанның валюта нарығы қалай жұмыс істеді?

- Теңге бағамы шілденің қорытындысы бойынша 445,89-ға дейін – 1,4%-ға нығайды. Жалпы, бұл ай ұлттық валюта үшін позитивті болды – нығаю үрдісі мұнайға белгіленген бағаның өсуіне және бейрезиденттер қаражатының мемлекеттік бағалы қағаздарға әкелінуіне де байланысты болды. Шілде соңында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттердің салымдары жыл басынан бері 178 млрд теңгеге ұлғайып, 559 млрд теңгені құрады. Шілде айында ғана ҚР мемлекеттік борышына жаңа қаражаттың әкелінуі шамамен 100 млрд теңгені құрады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансфертті қамтамасыз ету аясында сату көлемі 591 млн АҚШ долларын құрады. Тамызда Қаржы министрлігінің болжамдарына сәйкес сату көлемі 750 млн АҚШ долларынан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерге барды.

БЖЗҚ шілдеде 240 млн АҚШ долларына валюта сатып алды. Осы айда да сол шамада – 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейін сатып алу күтіледі.  

Сонымен қатар, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін біртіндеп 15%-ға дейін арттыруды көздейді. Ұлттық Банк қордың ақшасын басқарушы ретінде биржада жыл соңына дейін шамамен 140 млрд теңгеге, оның ішінде тамыз айында 50 млн АҚШ долларынан 100 млн АҚШ долларына дейін валюта сатып алуды жоспарлап отыр.

Квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату көлемі шілдеде міндетті сату үлесі 30%-ға дейін төмендегеннен кейін 195 млн АҚШ долларын құрады.

Биыл жыл басынан бері интервенциялар жүргізілген жоқ.

- Кейбір сарапшылар теңгенің шамадан тыс нығаюына, әсіресе, рубль әлсіреген сайын нығая түсуіне алаңдап, орталық банкті жанама түрде болса да жағдайға араласуға шақырады. Ал Ұлттық Банктің ұстанымы қандай?  

- Нарықта теңге бағамы бойынша түрлі позицияны ұстанатын қатысушылар өте көп. Теңгенің «нығаюы» сияқты оның «әлсіреуі» де бір сала үшін тиімдірек болса, басқа сала үшін тежеуші рөл атқаруы мүмкін. Мәселен, егер сіз бір кәсіпорын аясында өз өніміңізді экспортқа шығаратын болсаңыз, онда сізге теңгенің әлсірегені тиімді болады. Бірақ өндірістік жабдық сатып алатын кезде сіз үшін теңгенің нығаюы қолайлы болмақ.  

Біздің айырбастау бағамын басқармайтынымызды, айырбастау бағамы инфляциялық таргеттеу режиміне байланысты өзгермелі болып отыратынын түсінген жөн. Ұлттық Банктің басты мақсаты – баға тұрақтылығы. Валюта нарығына қатысты біздің басты міндетіміз – валюта нарығының, әсіресе, қиын кезеңдерде де тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Қазіргі сәтте бағам экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс негізінде қалай қалыптасуға тиіс болса, дәл солай қалыптасып келеді. Бағамның еркін қалыптасуы аясында айырбастау бағамының бір бағытта немесе өзге бағытта өзгеруі экономиканың шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін объективті процесс және экзогендік фактор болып табылады.

- Рахмет! Алтын нарығындағы жағдай мен алтын-валюта резервтері қалай қалыптасып келеді?

- Бір айдың ішінде алтын бағасы 1 унция үшін 1904 доллардан 1956 долларға дейін немесе 2,7%-ға өсті. Бұл ретте жекелеген кезеңдерде бағалы металдың белгіленген бағасының ең жоғары шегі бір унция үшін 1982 долларға жетті.

Шілденің бірінші жартысында алтын нарығының өсуі АҚШ долларының әлсіреуіне байланысты болды. Шілденің екінші жартысында АҚШ-тың ФРЖ отырысына жақын күндері пайыздық мөлшерлемені көтеру бойынша сараптамалық күтулер нығая отырып, алтынның бағасы жоспарлы түрде төмендеді.

Алтынның белгіленген бағасы өскеніне қарамастан, айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректерге сәйкес 274 млн АҚШ долларына төмендеп, 34,2 млрд АҚШ долларына жетті. АВА-ның төмендеуі Ұлттық Банктегі валюталық шоттардан қаражаттың әкетілуіне, сондай-ақ мемлекеттік борышты төлеуге байланысты болды.

- Ұлттық қордағы активтердің динамикасы қалай?

- Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда шамамен 413 млн АҚШ долларына ұлғайып, шілдесоңында 60,2 млрд АҚШ долларын құрады.

 Қаржы нарығына қатысушылар экономиканың орнықтылығына байланысты биыл рецессияның басталмайтынын болжап отыр. Ал жетекші инвестициялық банктердің экономистері құлдырап жатқан инфляция аясында қыркүйек отырысында ФРЖ мөлшерлеменің көтерілуін кідіртеді деп күтеді. Шілдеде инвесторларда оптимизм басымырақ болды және ол акциялар мен облигациялардың және алтын нарығының өсуіне әсер етті. Сөйтіп, шілдеде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 900 млн АҚШ долларын құрады.

Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 284 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында
591 миллион АҚШ доллары көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылды. Бұл ретте шілдеде Ұлттық қордың шоттарына валюталық түсім 102 млн АҚШ долларын құрады.

- Әлемнің қаржы нарығынан не күтуге болады?

- Үшінші тоқсанның басында жаһандық экономика өсу барысын баяулатты. JPMorgan Global PMI индексі маусымдағы 52,7 индексіне қарсы шілдеде 51,7 болды. Бірінші кезекте, баяулау үрдісі өндіріс пен қызмет көрсету секторындағы төмендеуге байланысты болды.

Fitch агенттігінің АҚШ-тың тәуелсіз рейтингін төмендетуі нарыққа қатысушылардың назарында болады, бірақ жақын арада айтарлықтай әсер ете қоймайды.

Шілдеде ХВҚ ЖІӨ-нің жаһандық өсу болжамын 2023 жылғы 3,5%-дан 2024 жылы 3%-ға дейін төмендете отырып, әлемдік экономиканың келешегі бойынша өз есебін жаңартты. Жалпы әлемдік инфляция бойынша болжам 2023 жылы 6,8%-ға дейін және 2024 жылы 5,2%-ға дейін қайта қаралды.

Халықаралық энергетика агенттігі мұнайға жаһандық сұраныстың болжамын күніне 2,2 млн баррельге арттырды. Мұндағы өсудің 70%-ы Қытай тарапынан сұранысқа тиесілі. Сонымен бірге, Сауд Арабиясы мұнай жеткізуді төмендетеді деп күтілуде, бірақ бұл нәтиже ОПЕК+тен тыс елдерден жеткізілімдердің артуымен теңестіріледі.

Goldman Sachs Brent маркалы мұнай бағасына өз болжамын 2023 жылғы желтоқсанға қарай барреліне 85 АҚШ доллары және 2024 жылғы сәуірге қарай барреліне 87 АҚШ доллары деңгейінде сақтап қалды. Goldman Sachs ұсыныс тапшылығының өсуіне байланысты мұнай нарығында рекордтық сұраныс күтеді.

АҚШ Энергетика министрлігі 2023 жылдың шілдесінен бастап 2024 жылдың соңына дейін қорлардың тәулігіне орташа есеппен 0,4 млн баррельге қысқарады деп болжайды. 2023 жылы ведомство Үндістан мен Қытайда мұнай мен сұйық отынды тұтыну көлемі тәулігіне тиісінше 0,8 және 0,3 млн баррельге өседі деп күтуде.

Дереккөз: Kapital.kz 

Жоғарыға