1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк мамыр айында теңгенің неліктен нығайғанын түсіндірді

АҚШ пен Еуроаймақтың банк секторы тұрақталып, АҚШ-тың мемлекеттік борышы бойынша келісімге қол жеткізілген соң әлемдік рецессия тәуекелдері біршама төмендеді. Алайда, бірқатар басқа факторлар, соның ішінде АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің бұдан кейінгі траекториясына қатысты белгісіздік тәуекелді активтердің динамикасына қысым жасап отыр. Осы жағдайларда теңгенің неліктен нығайғанын және халықаралық резервтердің көлемі қалай өзгергенін ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.

Өткен айда сыртқы қаржы нарықтарында жағдай қалай қалыптасты?

– Мамыр айында тәуекелді активтер үшін ахуал, негізінен, қолайсыз болды. Көптеген фактор, соның ішінде АҚШ ФРЖ-ның бұдан кейінгі саясатына қатысты алаңдаушылық, АҚШ мемлекеттік борышының жоғарғы шегі мәселесі, ҚХР экономикасының жай-күйі бір ай ішінде дамушы нарықтарда көптеген валюталар мен активтердің динамикасына теріс әсер етті.

Ең алдымен, АҚШ ФРЖ-ның монетарлық саясаты жаһандық инвесторлардың басты назарында екенін атап өткен жөн. Еңбек нарығы бойынша күшті деректердің шығуы және АҚШ-тағы инфляцияның орнықты болу белгілері ақша нарығында қатаң шарттарды сақтау қажеттілігі туралы күтулерді еселей түсті. Сонымен қатар ашық нарықтар бойынша комитеттің кейбір мүшелері мөлшерлемені одан әрі арттыру пайдасына мәлімдеме жасап, нарық қатысушыларының ақша-кредит саясатының траекториясын қатаңдату жағына қарай қайта қарауын қолдады. Осылайша, мамыр айында ФРЖ қатаңдату циклінде соңғысы болады деген нарық қатысушыларының мамырдың алғашқы жартысында үстемдік еткен болжамдары шілдедегі отырыста негізгі мөлшерлеменің 25 базистік тармаққа жоғарылауының тағы бір раундын күтумен ауысты.

Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін негізгі мөлшерлемені төмендетудің екі раундын күту қайта қаралды. Өз кезегінде, бұл түзету АҚШ Қаржы министрлігінің қазынашылық облигацияларының кірістілігіне, сондай-ақ АҚШ долларының жаһандық индексінің нығаюына әсер етті. Айдың қорытындысы бойынша, АҚШ-тың екі жылдық мемлекеттік бағалы қағаздары 40 базистік тармаққа өсіп, 4,4%-ға жетті. DXY индексі 2,6%-ға нығайып, ЕМ валюталары индексі 2%-ға әлсіреді.

АҚШ мемлекеттік борышының шегін және ҚХР экономикасының әлсіздік белгілерін келісу мәселелері қаржы нарықтарына қысым жасауға қосымша фактор болды. Мамырдың соңына қарай АҚШ Үкіметі мемлекеттік борыш лимиті бойынша мәселені шешіп, оның 2025 жылғы 1 қаңтарға дейінгі қолданысын тоқтатты. Бұл қаржы нарығындағы шамадан тыс құбылмалылыққа жол бермей, жағдайды шешуге және әлемдік рецессияның туындау тәуекелін азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, ҚХР-дағы өнеркәсіптік іскерлік белсенділіктің қысқаруы мамырдың соңына қарай мұнай бағасының барреліне 73 АҚШ долларына дейін төмендеуіне бірден-бір себеп фактор болды. Қытайдың өнеркәсіп секторындағы PMI көрсеткіші екі ай қатарынан қысқарды. Бұл жанармайға деген сұраныстың азайғанын білдіреді. Маусым айының басында Сауд Арабиясының шілдеде мұнай өндіруді тәулігіне 1 млн баррельге қысқартатыны туралы күтпеген мәлімдемесінен кейін Brent эталондық маркасының бағасы барреліне 75-77 АҚШ долларына дейін көтерілді. Бұл шара соңғы бірнеше жылда өндірісті ең төменгі деңгейге жеткізеді.

Мамырда бірқатар белгісіздіктер мен қауіптену аясында акциялар нарығының динамикасы теріс болып, MSCI World индексі 1,3%-ға төмендеді.

– Осындай жағдайлар кезінде мамырда неге теңге бағамы нығайды?

2023 жылғы мамырда теңгенің айырбастау бағамының динамикасына көбінесе ішкі факторлар әсер етті. Мамыр айы – «салық» айы саналады. Сондықтан экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдерін төлеу үшін валюталық түсімді конвертациялауы бағамның бір айда 1 АҚШ доллары үшін 447,71 теңгеге дейін 1,2%-ға нығаюына айтарлықтай әсерін тигізді. Сонымен қатар мамыр айында теңге бағамының әртүрлі динамиканы көрсеткенін атап өткен жөн.

Трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валютаны сату көлемі 800 млн АҚШ долларын құрады. Маусым айында сату көлемі азайып, шамамен 500-550 млн АҚШ доллары болады. БЖЗҚ-ның валюталық үлесті қолдау аясында валютаны сатып алу бойынша операциялары 240 млн АҚШ долларын құрады. Маусымда 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейін валюта сатып алынады. Ұлттық Банк мамырда валюталық интервенциялар жүргізбеді.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері өз кезегінде валюталық түсімнің бір бөлігін ішкі нарықта сатуды жалғастыруда. Міндетті сату көлемі мамырда 323 млн АҚШ долларын құрады.

Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілген барлық операциялардың көлемі мен сипатын нарыққа коммуникациялауды жалғастыруда. ҰБ-тың ашық бола түскеніне халықаралық талдаушылар да мән беріп, реттеушінің ашықтығы 2022 жылы ағымдағы шоттың 12 жылдық ең жоғары профицитіне және пайыздық мөлшерлемелердің жоғары деңгейіне қол жеткізу жағдайында айырбастау бағамы үшін оң фактор болғанын айтты.   

– Алтынның бағасы неліктен төмендейді және ол АВР-ге қалай әсер етеді?

– АВР сәуірде тарихи ең жоғары деңгейге қол жеткізгеннен кейін мамырда 35,5 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді. Өткен айдағы АВР өсу себептерін түсіндіре отырып, мен көбінесе бұл өсім Қаржы министрлігінің валюталық шоттарына АВР-да уақытша «орныққан» қаражаттың түсуіне байланысты екенін атап өткен едім. Мамырда бұл қаражат Ұлттық қорға бағытталды.

Айдың бірінші жартысында байқалған алтын нарығының өсуі инвесторлардың АҚШ-тың мемлекеттік қарызы бойынша дефолтқа ұшырауы мүмкін деген алаңдаушылығымен байланысты болды. Алайда, осы мәселені шешкеннен кейін бағалы металдың баға белгілеулері төмендеді. Мамыр айының қорытындысы бойынша, алтынның құны унциясына 1983 доллардан 1959 долларға дейін төмендеді. АВР динамикасының жағымсыз факторларынан ЕДБ мен Ұлттық Банктің басқа да клиенттерінен қаражаттың кетуін, сондай-ақ мемлекеттік қарызды төлеуді атап өту қажет.

– Мамыр айында Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?

Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі, алдын ала деректерге сәйкес, өткен айда шамамен 400 млн АҚШ долларына ұлғайып, мамыр айының соңында 59,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Акциялар нарығындағы мөлшерлемелердің өсуі мен түзетуге байланысты облигацияларды теріс қайта бағалауға қарамастан 1,7 миллиард АҚШ доллары мөлшеріндегі айтарлықтай валюталық түсімдер теріс инвестициялық кірісті теңестірді, бұл қор активтерінің өсуіне әсер етті.

Бұл ретте мамыр айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 491 млрд теңге аударылды.

Қаржы нарықтарының жақын арадағы болашағы қандай? Мұнай бағасының динамикасына қатысты болжамдарды айтсаңыз?

– Мамырда байқағанымыздай, АҚШ ФРЖ-ның қатаң ақша-кредит саясатын сақтауы бойынша күтулердің артуы және ҚХР-дың әлсіз экономикалық өсу белгілері биыл оның әлсіреуі туралы консенсус-болжамға қайшы. АҚШ долларының әлемдік валюта нарығындағы позицияларының жаһандық қалпына келуіне себеп болды.

Сонымен қатар, экономистер АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерді өсіру циклін аяқтауға жақын деп санайды. Сондықтан дамушы нарықтардағы валюталар мен активтердің болашағы қолайлы күйінде қала береді. Сонымен, Goldman Sachs сарапшыларының күтулеріне сәйкес, реттеуші шілдедегі отырыста соңғы рет 25 базистік тармаққа дейін 5,25-5,5%-ға дейін көтеріп, жыл бойына ұзақ үзіліс жасауы мүмкін.

Мұнай нарығының болашағына қатысты талдаушылардың пікірі айтарлықтай ерекшеленеді. Жекелеген инвестициялық банктердің талдаушылары мұнай нарығындағы іргелі параметрлердің нашарлағанын көрсете отырып, мұнай бағасының болжамдарын төмендетті. Ал Халықаралық энергетикалық агенттік пен ОПЕК сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі сақталады деп болжайды. Мәселен, Goldman Sachs санкция салынған елдерден жеткізудің ұлғаюына байланысты желтоқсан айында мұнай бағасының болжамын 1 баррель үшін 95 АҚШ долларынан 86 АҚШ долларына дейін төмендетті. Талдаушылар таяуда өткен ОПЕК+ отырысы мұнай нарығына шектеулі әсер етеді деп есептейді. Morgan Stanley талдаушылары қысқарту қысқа мерзімді перспективада бағаны қолдауы мүмкін деп санайды.

Жақында Қаржы министрлігімен бірлесіп, сіз МБҚ нарығына қатысушыларға белгілі бір «мониторингтік кезеңнің» басталғаны туралы хабарладыңыз. Бұл нені білдіретінін және оның қандай мақсатта жүзеге асырылатынын түсіндіре аласыз ба?

– Қайталама нарықтың өтімділігін арттыру МБҚ нарығын одан әрі дамытудың маңызды және басым бағыттарының бірі болып табылатындығынан бастағым келеді. Қайталама нарықтағы белсенділіктің артуы шетелдік инвесторларды тартуға ғана емес, Үкімет үшін қарыз алу құнын азайтуға және жалпы алғанда МҚБ ішік нарығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта Қаржы министрлігімен бірлесіп мемлекеттік облигациялар нарығында бастапқы дилерлер институтын енгізу жобасы пысықталуда. Қысқаша айтқанда, бұл жобаның мәні нарық қатысушыларының шектеулі тобына Қаржы министрлігінің бастапқы шығарылымдарына олардың мемлекеттік борыш нарығындағы мамандандырылған рөлін орындауының орнына қол жеткізу мүмкіндігін беру болып табылады. Бастапқы аукциондарға қатысу құқығынан басқа, «бастапқы дилер» мәртебесін алатын нарық қатысушыларына МБҚ нарығында маркет-мейкер функцияларын орындау міндеттемелері де беріледі.

Нарық қатысушыларының белсенділігін және олардың мүмкіндіктерін бағалау мақсатында мониторингтік кезеңнің басталғаны туралы жарияланды. Оның барысында біз олардың мемлекеттік облигациялар нарығындағы қызметін бақылайтын боламыз. Сонымен қатар қатысушылардың МБҚ нарығындағы белсенділігіне қарай рэнкинг жасауға мүмкіндік беретін скорингтік модель әзірленді. Скоринг нәтижелері ай сайын орналастырылып, қор биржасының сайтында қолжетімді болады.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға