Қазақстан Ұлттық Банкі

2022 жылдың тамыз айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2022 жылғы 5 қыркүйекте Ұлттық Банк қалыптасып отырған экономикалық ахуалды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдарын ескере отырып, базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме –  TONIA индикаторы[1] 2022 жылдың  тамыз айындағы  пайыздық дәліз ішінде қалыптасты (1-график). 2022 жылғы тамызда TONIA орташа алынған мәні базалық мөлшерлемеден кейін 0,9 пайыздық тармаққа өсіп, жылдық 14,0% (2022 жылғы шілдеде – 13,1%) болды. Тоқсан сайынғы салық аптасы кезінде өтімділікке белсенді түрдегі сұраныс кезеңінде тамыздың соңына қарай TONIA мөлшерлемесі өсіп, жоғарғы шекараға жақын болды.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2022 жылғы тамыздың соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 2,7 трлн теңге болды. 2022 жылғы шілдемен салыстырғанда (3,3 трлн теңге) өтімділік профициті депозиттік аукциондар және тікелей REPO арқылы алуды төмендету есебінен 19,8%-ға қысқарды.

Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 442,0 млрд теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттер – 586,7 млрд теңге болды. Тікелей репо операциялары арқылы өтімділікті алу бойынша операциялар көлемі 20,0 млрд теңге болды.

Айналымдағы қысқа мерзімді ноталардың көлемі бір айда 5,8%-ға ұлғайып, 2022 жылғы тамыздың соңында 1 892,55 млрд теңге болды, бұл өтімділіктің депозиттік аукциондардан ақша-кредит саясатының басқа құралдарына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің МБҚ-ға ауысуына байланысты болуы мүмкін.

2022 жылғы тамызда[2] жалпы сомасы 2 118,02 млрд теңгеге Ұлттық Банк ноттары бойынша 5 аукцион өткізілді, орналастырудың барлық көлемі 1 айлық ноттарға (орташа алынған кірістілік – 14,47%) келді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы тамызда 2 041,93  млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

2022 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 470,11 млрд теңгеге өтеуге дейін 1 жылдан 5 жылға дейін мерзімі бар қысқа мерзімді (МЕККАМ), (МЕТИКАМ[3]) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды 17 мәрте орналастырды. Олардың кірістілік көрсеткіші жылдық 13,85-15,07% болды.

2022 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 12 336,1 млрд теңгеге дейін 2,96%-ға, жылдың басынан бастап 12,02%-ға[4] өсті.

2022 жылғы тамызда тәуекелсіз кірістілік қисығы[5] инвертацияланған (кері) пішінге ие болды, атап айтқанда, бағалы қағаздарды өтеу мерзімінің ұлғаюына қарай төмендейтін жоғары қысқа мерзімді кірістілік байқалады. 1 жылға дейінгі аралықта кірістілік қисығы жоғары жылжыды, 1 жылдан бастап 15 жылға дейінгі аралықта 2022 жылғы шілдеге қарағанда төменге жылжу байқалады.

Дереккөз: ҚҚБ

  1. Валюта нарығы

2022 жылғы тамызда теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 462,29 – 479,55 теңге аралығында өзгерді. Тамыздың соңында болған ірі салық аптасының аясында теңгенің айырбастау бағамы бір айда 1,0%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 472,29 теңге болды. Тамыздың қорытындысы бойынша, теңгенің айырбастау бағамының қалыпты нығаюына экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері үшін шетел валютасын сатуы ықпал етті.

Тамызда Ұлттық Банк нарықтың теңгерімді болуы аясында валюталық интервенциялар жүргізбеді. Ұлттық қордан бюджетке трансфертті жүзеге асыру теңгедегі түсімдермен қамтамасыз етілді, сондықтан Ұлттық қордың валюталық активтерін сату жүзеге асырылған жоқ.

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 10,5%-ға ұлғайып, бір айда 11,3 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,2 млрд АҚШ доллары (2022 жылғы шілдемен салыстырғанда 9,1%-ға төмендеді), биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,2 млрд АҚШ доллары болды (16,4%-ға өсті). Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 82,8% немесе 7,6 млрд АҚШ долларын құрады (2022 жылғы шілдеде – 84,3% немесе 6,6 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

2022 жылғы тамызда халық нетто-негізде 192,6 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар халықтың АҚШ долларын сатып алуының өсуі есебінен 1,5 есе өсті. 2021 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда нетто-сатып алудың жалпы көлемі рубльді нетто-сатып алудың төмендеуі есебінен едәуір дәрежеде 20,7%-ға төмендеді. Бұл көрші елден туристердің келуі аясында рубльді сатудың айтарлықтай өсуіне байланысты, сондай-ақ Ресей рубліне сұраныстың төмендеуіне байланысты.

Шығыстардың негізгі көлемі 76,8% немесе 147,9 млрд теңге – АҚШ долларын, 2,3% немесе 4,5 млрд теңге – Ресей рублін, 20,9% немесе 40,2 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлеріне қарай бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 1,8 есе өсті (өсу 0,7% ж/ж), еуроны сатып алуға арналған шығыстар 11,0%-ға өсті (өсу 32,2% ж/ж).

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2022 жылғы тамызда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 0,4%-ға төмендеп, 32,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Алтын бағасының троя унциясы үшін 1 712,4 долларға дейін 2,6%-ға төмендеуі есебінен алтын-валюта резервтері төмендеді. Резервтердің ішінара төмендеуі ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі валюталық шоттарына қаражаттың келуі есебінен резервтердің валюталық бөлігінің өсуімен теңестірілді.

2022 жылғы тамыздың соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (53,8 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 86,5 млрд АҚШ долларын құрады.

2022 жылғы тамызда ақша базасы 4,3%-ға кеңейіп, банктердің депозиттері көлемінің ұлғаюы аясында 12 076,5 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап – 10,2%). Тар ақша базасы, яғни, екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7 941,1 млрд теңгеге дейін 4,8%-ға (жыл басынан бастап 14,3%-ға) кеңейді.

2022 жылғы тамызда ақша массасы 0,5%-ға ұлғайып, 31 568,3 млрд теңге болды (жылдың басынан бері – 4,9% және 12,5% ж/ж), айналымдағы қолма-қол ақша 1,4%-ға төмендеді (жыл басынан бастап 10,0%-ға өсті). Жеке тұлғаларды, бірінші кезекте тұтынушылық және ипотекалық кредиттеу – ақша массасының өсуіне бірден-бір фактор болып отыр.

  1. Депозит нарығы

Депозиттік ұйымдардағы  резиденттерге тиесілі салымдардың көлемі бір айда 0,8%-ға ұлғайып (ж/ж 12,9%-ға өсті), 2022 жылғы тамыздың соңында 28 271,6 млрд теңге болды. Депозиттер көлемінің ұлғаюына шетел валютасындағы қаражаттың 4,1%-ға өсуі ықпал етті. Теңгедегі депозиттер 1,0%-ға аздап төмендеді.

Валюталық салымдар заңды тұлғалардың депозиттері есебінен өсті, олар бір банктің валюталық депозиттік портфелінің едәуір өсуі аясында тамызда ұлғайды. Бұл ретте тамызда ұлттық валютаның нығаюы және ұлттық валютадағы және шетел валютасындағы салымдар арасындағы сыйақы мөлшерлемелерінің жоғары дифференциалының сақталуы салдарынан халықтың депозиттері бойынша валюталық салымдардан қаражатты теңгедегі салымдарға аздап әкету байқалды. Мәселен, банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы тамызда 12,4%-ға дейін (2021 жылғы тамызда - 7,3%, 2022 жылғы шілдеде - 12,3%), шетел валютасында – 2,1%-ға дейін өсті, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 11,7%-ға дейін (8,3%, 2022 жылғы шілдеде – 11,8%) төмендеді, шетел валютасында – 0,8% болды.

Нәтижесінде теңгедегі салымдардың төмендеуімен қатар шетел валютасындағы қаражаттың әкелінуі долларландыру деңгейін 36,5%-ға дейін 1,1 пайыздық тармаққа ұлғаюына ықпал етті. Дегенмен, бір банктің валюталық депозиттерінің өсуін есепке алмағанда, банк жүйесіндегі депозиттердің долларлануы 35,8% құрады.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,6%-ға ұлғайып (ж/ж 25,7%-ға өсті), 2022 жылғы тамыздың соңында 20 681,3 млрд теңге болды. Жалпы іскерлік белсенділіктің төмендеуі және Ресей банктерінің еншілес ұйымдарының кредиттік белсенділігінің қысқаруы аясында заңды тұлғалардың кредиттік портфелі бір айда 0,5%-ға төмендеді (негізінен шетел валютасындағы кредиттердің қысқаруына байланысты). Сонымен қатар Ресейдің еншілес банктерін қоспағанда, ЕДБ заңды тұлғалардың кредиттік портфелі биылғы тамызда 0,1%-ға өсті (теңгеде – 0,8%-ға өсті, шетел валютасында – 2,3%-ға төмендеді). Халықтың жоғары инфляцияны болжауы сақталып отырған жағдайда жеке тұлғалардың кредиттері 2,9%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі бір айда тұтынушылық кредиттеу және жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар есебінен 1,9%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер іс жүзінде өзгерген жоқ, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,9%-ға өсті.

Кредиттерді долларсыздандыру үрдісі сақталып отыр. Айырбастау бағамының нығаюы аясында шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 695,2 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2,5%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер – 2,4%-ға төмендеді. Нәтижесінде 2022 жылғы тамыздың соңында теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 91,8% (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) болды.

Тамызда ұзақ мерзімді кредиттердің қысқа мерзімді кредиттерден озық өсуі байқалды. Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 1,8%-ға, қысқа мерзімді кредиттер – 0,5%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылғы тамызда 4 038,0 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға өсті (ж/ж 39,5%-ға өсті).

2022 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі аздап өсіп, 16,2% болды
(2021 жылғы тамызда – 11,6%, 2022 жылғы шілдеде – 16,1%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша – 17,8%-ға дейін артты (17,2%, 16,3%).

  1. Төлем жүйелері

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2022 жылғы тамызда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 72,1 трлн теңгеге 6,1 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы шілдемен салыстырғанда саны жағынан 14,6%-ға, сомасы тұрғысынан – 10,4%-ға ұлғайғаны байқалады). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн теңгеге 278,7 мың транзакция жүргізілді.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 18 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны – 61,8 млн бірлік. Оның ішінде 2022 жылғы тамызда төлем карточкаларының 50,4%-ы (31,1 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2022 жылғы тамызда 11,4 трлн теңгеге 810,1 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы шілдемен салыстырғанда транзакциялар саны 3,5%-ға, сомасы – 3,2%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 97,3% (788,1 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 83,7% (9,5 трлн теңге) болды.

2022 жылғы тамызда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 111,4 млрд теңгеге 0,32 млн аударым болды. 2022 жылғы шілдемен салыстырғанда ақша аударымдарының саны мен көлемі, тиісінше, 12,9%-ға және 17,1%-ға ұлғайды. Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілген аударымдардың жалпы көлемінің ішінен транзакциялардың жалпы санының 76,0%-ы (0,24 млн транзакция) және жалпы сомасының 91,5%-ы (101,9 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аудару жүйелері арқылы жалпы санының 24,0%-ы (0,08 млн транзакция) және жалпы сомасының 8,5%-ы (9,5 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 70,9 млрд теңгеге 0,16 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2022 жылғы тамызда 306,2 млрд теңгеге немесе 2,2%-ға ұлғайып, 13 970,6 млрд теңге болды.

2022 жылғы тамызда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2022 жылғы 1 қыркүйекте 7 606,4 млрд теңгеге дейін 193,9 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескергенде) 2022 жылғы 1 қыркүйекте 10,9 млн шот болды.

2022 жылғы тамызда зейнетақы төлемдерінің сомасы 34,0 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы 1 қыркүйекте БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше, зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 46,2%-ы және 21,2%-ы) алады. 

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ қоржынының бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] АКС іске асыру процесін жетілдіру, трансмиссиялық тетіктің тиімділігін арттыру және өтімділікті Қаржы министрлігінің борыштық құралдарына қайта бағыттауды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк 91 күндік ноталар шығаруды алып тастап, қысқа мерзімді өтімділікті реттеуге назар аудару туралы шешім қабылдады.

https://nationalbank.kz/ru/news/informacionnye-soobshcheniya/13786

[3] TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер

[4] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасындағы МБҚ есепке алмағанда)

[5] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға