1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№8 баспасөз релизі. 2022 жылдың ақпан айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2022 жылдың ақпан айында инфляция 0,8% (2021 жылғы ақпанда – 0,7%) болды.

Жылдық инфляция 8,7% (2021 жылғы желтоқсанда – 8,4%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік бағасы 10%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 8,6%-ға, ақылы қызметтер – 7,1%-ға көтерілді.

2022 жылы ақпанда халық арасында жүргізілген сауланама қорытындысы бойынша, бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,2% болды.

 

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Алдын ала деректер бойынша, 2022 жылы ақпанда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 0,4%-ға өсіп, 33,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Алтынвалюта резервтерінің өсуі алтын бағасының ұлғаюы есебінен болды. Алтын бағасының өсуінен болған оң әсер Ұлттық Банктегі шоттардан банктердің валюталық қалдықтарының әкетілуімен, сондай-ақ валюталық интервенциялар жүргізумен ішінара реттелді.

Елдің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (53,9 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2022 жылғы ақпанның соңында 87,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2022 жылғы ақпанда 0,8%-ға кеңейіп, 10 764,9 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап 1,8%-ға тарылды). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 12,9%-ға 7 909,2 млрд теңгеге дейін кеңейді (жыл басынан бастап – 13,9%). 

2022 жылғы ақпанда ақша массасы 3,1%-ға ұлғайып, 30 711,8 млрд теңге болды (жыл басынан бастап – 2%), айналымдағы қолма-қол ақша 2 992,5 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға өсті (жыл басынан бастап 0,2%-ға төмендеді).

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк 2022 жылы 24 ақпанда базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 13,5%-ға дейін 3,25 п.т. көтеру туралы шешім қабылдап, 9 наурызда мөлшерлемені сол деңгейде сақтап қалды.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) TONIA индикаторы[1] 2022 жылғы ақпанда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2022 жылғы ақпанда TONIA орташа алынған жылдық мәні 11,4% болды (2022 жылғы қаңтарда – 10,3%).

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2022 жылғы ақпанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 2,3 трлн теңге болды.

Кері репо операциялары арқылы өтімділікті ұсыну операциясының көлемі 708,0 млрд теңге, валюталық своп – 87,4 млрд теңге болды.

Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 879,4 млрд теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттер – 341,9 млрд теңге болды.

2022 жылғы ақпанның соңында айналыстағы қысқа мерзімді ноттар көлемі бір айда 5,5%-ға ұлғайып, 1 836,3 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы ақпанда жалпы сомасы 1 143,9 млрд теңгеге 6 аукцион, оның ішінде 910,0 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 10,44%), 133,9 млрд теңгеге 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,39%), 100,0 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,53%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы ақпанда 1 080,01 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 2022 жылғы ақпанда 212 млрд теңгеге орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. 2022 жылғы ақпанда барлығы 8 облигация шығарылымы орналастырылды, онда 3 жылдан 15 жылға дейін өтеуге дейінгі мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 10,73%-дан 11, 10%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 2022 жылғы ақпанда 11 128,1 млрд теңгеге[2]  дейін 1,9%-ға төмендеді.

2022 жылғы ақпанның соңында тәуекелсіз кірістілік қисығы[3] базалық мөлшерлеменің көтерілуі аясында алдыңғы айдың соңына қатысты бүкіл кезеңде өсті.

  1. Валюта нарығы

2022 жылғы ақпанда теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 426,1 – 495,0 теңге аралығында өзгерді. 2022 жылғы ақпанның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 14,2%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 495 теңге болды.

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,7 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 10,2 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 58,5% немесе 6,0 млрд АҚШ долларын құрады (2022 жылғы қаңтарда – 65,8% немесе 4,9 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

2022 жылғы ақпанда халық нетто-негізде 292,5 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар 3,4%-ға өсті (2022 жылғы қаңтарда – 282,8 млрд теңге), 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (184,9 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 1,6 есе ұлғайды. Шығыстардың негізгі көлемі 197,7 млрд теңге немесе 67,6% – АҚШ долларын, 75,4 млрд теңге немесе 25,8% – Ресей рублін, 19,1 млрд теңге немесе 6,5% – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 10,5%-ға өсті (өсу 1,7 есе ж/ж), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 6,8%-ға төмендеді (өсу 1,6 есе ж/ж) және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 15,5%-ға төмендеді (төмендеу 10,7% ж/ж).

  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 3,4%-ға ұлғайып (жылдық мәнде өсу 22,9% болды), 2022 жылғы ақпанның соңында 27 719,3 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 14 122,7 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға артты, жеке тұлғалардың депозиттері 13 596,6 млрд теңгеге дейін 5,2%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 17 084,7 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға азайды, шетел валютасында 10 634,6 млрд теңгеге дейін 11,5%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы ақпанның соңында 38,4% (2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 8 695,6 млрд теңгеге дейін 2,8%-ға төмендеді, шетел валютасында 5 427,1 млрд теңгеге дейін 9,8%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 38,4%-ы) артты.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 389,1 млрд теңгеге дейін 0,8%-ға ұлғайды, шетел валютасында 5 207,5 млрд теңгеге дейін 13,2%-ға ұлғайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 38,3%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,6%-ға ұлғайып, 17 976,2 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 133,0 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 6 843,2 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы ақпанда 10,3% (2021 жылғы ақпанда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,5% (8,9%) болды.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 3,3%-ға ұлғайып, 2022 жылғы ақпанның соңында 19 105,6 млрд теңгені құрады (жылдық мәнде 31,3%-ға өсті). Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі бір айда 8 073,1 млрд теңгеге дейін 4,6%-ға, жеке тұлғаларға – 11 032,5 млрд теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 17 076,2 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 2,1%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 2,3%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 2 029,4 млрд теңгеге дейін 12,9%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 13,0%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 8,5%-ға өсті. 2022 жылғы ақпанның соңында теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 89,4% (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) болды. 

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 15 941,7 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі – 3 163,9 млрд теңгеге дейін 10,0%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылғы ақпанда 3 894,3 млрд теңгеге дейін 8,7%-ға өсті (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 48,2%-ы).

2022 жылғы ақпанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,2% (2021 жылғы ақпанда –  11,5%), жеке тұлғаларға – 18,4% (18,2%) болды.

  1. Төлем жүйелері

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2022 жылғы ақпанда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 56,3 трлн теңгеге 5,7 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда саны бойынша 35,8%-ға, сомасы бойынша – 7,1%-ға ұлғаю байқалады). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 2,8 трлн теңгеге 284,2 мың транзакция жүргізілді.

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, 19 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 56,9 млн бірлік болды. Оның ішінде 2022 жылғы ақпанда төлем карточкаларының 51,2%-ы (29,1 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2022 жылғы ақпанда 8,5 трлн теңгеге 600,2 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда транзакциялар саны 31,5%-ға, сомасы – 26,8%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 96,8% (580,9 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 81,2% (6,9 трлн теңге) болды.

2022 жылғы ақпанда халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 69,4 млрд теңгеге 0,2 млн аударым болды. Ақша аударымдары көлемінің өсуі 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда 36,6% болды. Жіберілген аударымдардың жалпы көлемі ішінен транзакциялардың жалпы санының 72,6%-ы (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасының 90,4%-ы (62,8 млрд теңге) Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санының 27,4%-ы (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасының 9,6%-ы (6,6 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 18,0 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2022 жылғы ақпанда 482,9 млрд теңгеге немесе 3,7%-ға ұлғайып, 13 585,2 млрд теңге болды.

2022 жылғы ақпанда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2022 жылғы 1 наурызда 7 433,9 млрд теңгеге дейін 511,7 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2022 жылғы 1 наурызда 10,9 млн шот болды.

2022 жылғы ақпанда зейнетақы төлемдерінің сомасы 206,1 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы 1 наурызда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 38,6%-ы және 22,0%-ы) алады.

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ себетінің бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасында МБҚ есепке алмағанда)

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға