Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі, 2026 жылғы 5 маусым
Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Құрметті журналистер!
Қайырлы күн.
Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 17%-ке дейін, яғни 100 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.
Шешім болжамдық раунд нәтижелеріне негізделген. Комитет қазіргі макроэкономикалық жағдайға, ақша-кредит шарттарының жағдайына, нақты деректер мен тәуекелдер балансына кешенді талдау жүргізді.
Жылдық инфляция баяулап келеді. Инфляциялық қысымды төмендетуге жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және инфляцияға қарсы басқа да шаралар ықпал етті.
Бүгінде біз өткен кезеңдерде базалық мөлшерлемені көтерудің, пруденциялық сипаттағы шаралардың және Үкіметтегі әріптестеріміз қабылдаған бірқатар шешімдердің оң нәтижесін көріп отырмыз. Бірлескен іс-қимылдар базалық мөлшерлемені төмендету үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Тәуекелдер балансының проинфляциялық бағытқа қарай ығысу дәрежесі төмендегенімен, ол әлі де сақталып отыр. Соған байланысты қалыпты қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау сол тәуекелдерді тежеуге мүмкіндік береді.
Сыртқы ортада инфляция қаупі негізінен Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты болып, азық-түліктің әлемдік бағасына ықпал етіп отыр. Экономика ішіндегі инфляциялық тәуекелдерді төмендету үшін:
ТКҚ тарифтері мен ЖЖМ бағасын көтеру бағдарламасын болжамды формула негізінде басқарылатын әрі бірқалыпты деңгейде қайта қолға алу;
бюджеттік шоғырландыру шараларын да нақты жүзеге асыру;
нарықты отандық тауарлармен нақты толтыра отырып, квазифискалдық ынталандыруды сапалы түрде іске асыру қажет.
Біздің басты міндетіміз – инфляцияны тұрақты түрде төмендетуді қамтамасыз ету және оны ортамерзімді перспективада 5%-ке жақын тұрақтандыру.
Енді қабылданған шешімнің факторларына тоқталайын.
БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.
Мамырда жылдық инфляция қыркүйектегі ең жоғары көрсеткіш 12,9%-тен 10,4%-ке дейін 2,5 пайыздық тармаққа төмендеді.
Инфляция қызметтер секторында айтарлықтай баяулап келеді: сервистік инфляция тұрғын үй коммуналдық қызметтер мен сұраныстың қалпына келуінен 8,7%-ке төмендеді.
Азық-түлік инфляциясы да баяулап, сәуірдегі 11,3%-ке қарсы 10,7%-ті құрады. Бұған көкөніс пен жеміс-жидек бағасының бірқалыпты өскені ықпал етті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7% деңгейінде сақталды. Осы компоненттің өсуін тежеуге теңгенің нығаюы және тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы негізгі ықпал етуші фактор болды.
Мамырда жалпы инфляцияның айлық өсуі 0,7%-ке дейін баяулады, сәуірде ол 0,8% болған еді. Базалық және маусымдық түзетілген инфляция көрсеткіштері де 0,7% болып, (сәуірде 0,8% және 0,9%) біршама төмендеді. Бұл – инфляциялық процестерді тұрақтандырудың оң белгісі.
Халықтың инфляциялық күтулері мамырда 12,7% болды. Соңғы 12 айда олар 14%-ке жуық деңгейде болса, биылғы сәуір-мамыр айларында 12%-тен жақын қалыптасып отыр. Дегенмен, инфляциялық күтулердің айтарлықтай бөлігі реттелетін бағалармен, яғни тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге арналған тарифтермен байланысты қалыптасып отыр.
Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың инфляциясы бойынша болжамдары өзгеріссіз қалды – 10%.
ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР
Қаңтар-сәуір айларында жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қалпына келе бастағанын көрсетіп, жылдық есеппен 3,6%-ті құрады. Бұл негізінен мұнайға жатпайтын салалардың оң динамикасына және сәуірден бастап мұнай өндірудің біртіндеп өсуіне байланысты. Тау-кен өндіру секторын есепке алмағанда, жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,3% деңгейінде бағаланып отырғанын атап өту қажет.
Жоғары өсу қарқыны құрылыста, көлік және қоймалау саласында, өңдеу өнеркәсібінде байқалады. Сауда, байланыс және ауыл шаруашылығы секторларында да динамика бар.
Ішкі сұраныс теңгерімді деңгейге қайтып оралуда. Бұл бөлшек сауданың өсу қарқынының және қызметтерге сұраныстың қалпына келуіне байланысты. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында бөлшек сауданың нақты мәндегі өсімі жылдан жылға 3,4%-ті құрады. Бизнесті қоса алғанда, тұтынушылар жаңа салық жағдайларына бейімделуді жалғастырып жатыр. Жоғары белсенділік кезеңінен кейін тұтынушылық сұраныстың қалыпқа келуі, соның ішінде кепілсіз несиелендірудің баяулауымен байланысты.
Халықты кредиттеу, ең алдымен, кепілсіз қарыздар сегментінде айтарлықтай теңгерімді динамика көрсетіп отыр. Сәуір айында бұл бағыттағы өсім 2024–2025 жылдардағы шамамен 29%-бен салыстырғанда 10,7%-ға дейін баяулады.
Инвестициялық белсенділік оң өсу қарқынын сақтап отыр. Қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға инвестициялар ж/ж 6,7% болды. Жеке инвестициялар жылдық есеппен 19,0%-ке, шикізат емес секторда – 25,3%-ке өсті. Бірден-бір үлес қосқаны – өңдеу өнеркәсібі, электр және газбен жабдықтау, ауыл шаруашылығы және көлік саласы.
ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ОРТА ФАКТОРЛАРЫ.
Сыртқы инфляциялық қысым сақталып отыр. Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан әлемдегі энергия мен азық-түліктің бағасы жоғары деңгейді көрсетіп, дамыған елдердегі инфляциялық қысым күшейіп барады. Осыған байланысты сол елдердің орталық банктері ақша-кредит шарттарын қатаңдатуды жоспарлап отыр.
Сәуірде азық-түліктің әлемдік бағасы өсуін жалғастырды. Бұл ең алдымен жоғары сұраныс аясында өсімдік майы мен еттің қымбаттауына байланысты болды. Сондай-ақ өнімділікке төнетін қауіп артқандықтан, дәнді дақылдар бағасы да өсіп жатыр. Тыңайтқыштарды жеткізуде де іркілістер байқалады.
Ресейде сәуірде инфляцияның баяулау белгілері байқалып, 5,6% болды. Осы жағдайда Ресей Орталық банкі негізгі мөлшерлемені төмендету циклін жалғастырды.
Еуроодақта энергия тасымалдаушылар бағасының қымбаттауына байланысты сәуірде инфляция 3,2%-ке дейін (ақпанда 2,1%) айтарлықтай өсті. Осыған байланысты Еуропа орталық банкі Таяу Шығыстағы шиеленіс жағдайында инфляция мен экономикалық өсімге төнетін қауіптің күшейгенін мәлімдей отырып, мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Нарыққа қатысушылар Еуропа орталық банкі саясатты қатаңдатып, мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін арттырады (50 базистік тармаққа) деп болжайды.
АҚШ-та баға өсімі 3,8%-ке жетіп, сәуірде күш алу үрдісін жалғастырды. Егер оны ақпандағы жағдаймен салыстырар болсақ, текетірес басында онда 2,4% болды. Федералды резервтік жүйе қатаң риториканы сақтап қалды. Ал нарыққа қатысушылар болса, жыл соңына дейін мөлшерлеменің төмендейтінін толық жоққа шығарды. Олар АҚШ-тағы орнықты инфляция мен қарқынды еңбек нарығы бойынша мөлшерлеменің тағы да көтерілу ықтималын сезіп отыр.
Мұнай нарығындағы жағдай әлі де құбылмалы. 2026 жылға арналған базалық сценарийде Таяу Шығыстағы қақтығыстың жалғасуын ескере отырып, мұнай бағасына қатысты алғышарттар өсу жағына қайта қаралды.
Біздің болжамымызға сәйкес, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2026 жылы 1 баррель үшін 90 АҚШ доллары көлемінде болады. Содан кейін, жағдайдың тұрақтануына қарай, баға 2027 жылы барреліне 75 АҚШ доллар, ал 2028 жылы 65 АҚШ доллар деңгейінде болады.
*
Енді болжамдар туралы.
2026 жылғы инфляция болжамы төмендеу жағына қарай нақтыланды. 2026 жылы инфляция 9-11% шегінде күтіледі. Оның алдында 9,5-11,5% еді. Түзету инфляцияның оң нақты динамикасына, тұтынушылық кредит берудің баяулауына және барынша орныққан айырбастау бағамына байланысты.
2027 жылғы инфляцияға қатысты болжам өзгеріске ұшыраған жоқ және 5,5-7,5% дәлізінде бағаланады. Ортамерзімді кезеңде инфляцияның біртіндеп баяулауы ұстамды ақша-кредит саясатымен, салық-бюджеттік шоғырландырумен, тұрақты сұраныспен, сондай-ақ болжамды тарифтік саясатпен қамтамасыз етіледі.
Сыртқы инфляциялық ортаның қалыпқа келуі, сондай-ақ, Үкімет пен Ұлттық Банк тарапынан қабылданып жатқан шаралар аясында 2028 жылы инфляция біздің 5%-тік нысаналы көрсеткішімізге жақын қалыптасады деп күтеміз.
Болжам тәуекелдеріне қатысты. Олар сыртқы инфляцияның жеделдеуіне, әлемдік азық-түлік бағасының өсуіне және түрлі геосаяси қақтығыстарға байланысты болып отыр.
Ішкі тәуекел факторларына квазимемлекеттік ынталандыру бағдарламаларын іске асыру салдарынан сұраныс пен ұсыныс арасында туындауы мүмкін теңгерімсіздік пен құбылмалы инфляциялық күтулер жатады. Сондай-ақ Үкімет тарапынан белгіленген тарифтер мен жанар-жағармай бағасын реформалау параметрлерінің нақты орындалғаны маңызды.
Бұдан әрі жалпы ішкі өнімнің өсу болжамына тоқталайын. 2026 жылға арналған болжам 4,5-5,5% деңгейіне дейін жоғарыға қарай қайта қаралды. Оған іскерлік белсенділіктің қалыптасқан оң динамикасы, инвестициялардың өсуі және мұнай мен металдар нарығындағы қолайлы жағдай әсер етті.
2027-2028 жылдары экономиканың өсу болжамы 3,5-4,5% аралығында бағаланады. Бұл айтарлықтай консервативті бағалау саналады. Өздеріңіз білетіндей, біз өз болжамдарымызда консерватизм принциптерін ұстанамыз. Экономикалық белсенділік бірқалыпты траекториямен дамып, өзінің әлеуетті мәніне қарай ұмтылады. Сондай-ақ ЖІӨ өсімінің динамикасына мұнай бағасының сценарийлік төмендеуі де ықпал етеді.
Квазимемлекеттік сектор тарапынан ірі жобалар мен бизнесті қолдау – экономикалық өсім мен әртараптандырудың маңызды шарты екенін атап өткен жөн. Дезинфляциялық процестің тұрақтылығы тек ақша-кредит саясатына ғана емес, сонымен бірге квазифискалдық ынталандыру параметрлеріне де байланысты. Бұл екі фактор да экономикадағы ақша агрегаттары мен ақша массасын арттыруы мүмкін. Сондықтан экономикаға қаражат құйылуына әсер ететін жобаларды іріктеу, қаржыландыру көлемі мен кестелері мұқият тексеріліп, мемлекеттің ақша-кредит саясаты міндеттерімен үйлесуі қажет.
Осы параметрлермен үйлескен жағдайда ғана ақша-кредит саясатының тиімділігі арта түседі. Сондықтан қолдау шараларын олардың барынша жедел әрі тиімді түрде жаңа отандық тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер ұсынысына трансформациялануын (айналуын) қамтамасыз ететіндей етіп құрылғаны маңызды. Экономиканың өндірістік әлеуетін проинфляциялық қысымсыз кеңейту қажет.
Еске сала кетейін, базалық мөлшерлеме экономикадағы ақшаның нарықтық құнын айқындайды. Өз кезегінде, квазибюджеттік арналар ақша-кредит саясатының тиімділігін төмендетуі мүмкін. Сондықтан инфляциялық емес жолмен өсімге қол жеткізу мақсатында квазифискалдық ынталандыруды пайдалану тәсілдерін үйлестіру маңызды. Үкіметтегі және квазимемлекеттік сектордағы әріптестерімізбен арада толық түсіністік бар, ендігі міндет – осының бәрін іс жүзінде жүзеге асыру.
*
Құрметті журналистер!
Сәуір-мамыр айларында инфляцияның баяулағаны, сонымен бірге болжамның жақсарғаны да бүгін базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға жағдай жасады.
Сонымен қатар, инфляцияны толық ауыздықтадық деп айтуға әлі ерте. Біз биыл баға өсімінің біртаңбалы қарқынына көшуді қамтамасыз ету және ортамерзімді перспективада 5%-тік мақсатқа қол жеткізу міндетіне бейілді болып қала береміз. Тау-кен өндіру секторын есепке алмағанда, экономика 5–5,5% қарқынмен өсіп жатыр. Экономиканың «қызып кетуіне» жол бермеу үшін ақша-кредит шарттарының тиісті ұстамды қатаңдығын сақтап тұру қажет.
Бұдан кейінгі шешімдердің барлығы келіп түсетін деректерге, тәуекелдер балансын бағалауға және жалпы макроэкономикалық даму бағытына сүйене отырып қабылданады.
Пайыздық саясаттан бөлек, біз ең төменгі резервтік талаптар секілді қосымша инфляцияға қарсы құралдарды пайдалана бермекпіз. Биылғы қыркүйек айынан бастап оларды арттырудың үшінші кезеңі жоспарланып отыр. Бұл шара нарықтағы артық өтімділікті алып тастауға және инфляцияның монетарлық серпінін (импульсін) төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикадағы ақша агрегаттарын азайту мақсатында операцияларды айналауды жалғастырамыз, бұл нарықтағы шетел валютасының ұсынысын арттырады. Осылайша, бұл шара валюта бағамының тұрақты жұмыс істеуіне де өз ықпалын тигізеді.
Үкіметпен бірлесіп Инфляция деңгейін төмендету жөніндегі іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Сонымен қатар, макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы да пысықталды.
Алдағы уақытта біз қабылданған шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізуді және инфляцияны бақылауды жалғастырып, әріптестерімізбен бірлескен жоспарлардың іс жүзінде нақты орындалуын жіті қадағалайтын боламыз.
*
Құрметті журналистер!
Ұлттық Банк тарапынан қабылданып жатқан шаралардың барлығы сапалы экономикалық өсімді, жаңа инвестициялық циклді қамтамасыз етудің және азаматтарымыздың әл-ауқатын сөзсіз арттырудың негізі саналатын баға мен қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатына бағытталған.
Назарларыңызға рақмет!