1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық валюта 63 сұрақ

Ұлттық валютаны қабылдаудан, айырудан және айырбастаудан бас тартқан жағдайда не істеу керек?

Санат: Ұлттық валюта

Заңды төлем құралы болып табылатын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдау, ұсақтау және айырбастаудан бас тартқан жағдайда, Сіз жақын орналасқан Ұлттық Банктің филиалына одан әрі мән-жайларын анықтау және тиісті шараларды қолдану үшін хабарласа аласыз. Ұлттық банк филиалдарының мекен-жайлары және байланыс телефондары туралы ақпаратты Ұлттық Банк сайтынан табуға болады (https://nationalbank.kz/?docid=181&switch=kazakh).

Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 206 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында айналыста жүрген, заңды төлем құралы болып табылатын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын көрсетулі құны бойынша қабылдаудан бас тарту – ескерту жасауға әкеп соғады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 5-25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Банктердің, Ұлттық пошта операторының Қазақстан Республикасының аумағында айналыста жүрген және барлық төлем түрлері бойынша қабылдауға жататын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдаудан, ұсақтаудан және айырбастаудан бас тартуы – 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

ҚР бүлінген, тозған, күмәнді, айналыстан алынған банкноттарды қайда және қалай айырбастауға болады?

Санат: Ұлттық валюта

Егер банкнот Ұлттық Банк белгілеген банкноттар мөлшерінің кемінде 70% - ын (жетпіс пайызын) сақтаса және олардың номиналын білдіретін және шамалы ақаулары бар (егер олар банкноттардың түпнұсқалығын анықтауға кедергі келтірмесе), оның ішінде тозған белгілері (жазбаша немесе цифрлық) болса, онда бүлінген банкнот кез келген екінші деңгейдегі банкте айналысқа жарамды банкнотқа сөзсіз айырбасталуға жатады. Айналыстан алынып тасталған банкноттар Ұлттық Банктің филиалдарында айырбасталады.

Күмәнді банкноттарға Ұлттық Банк белгілеген банкнот көлемдерінің 50%-ынан (елу пайызынан) астамын сақтаған, бүлінген, банкноттардың түпнұсқалығын айқындауды қиындататын банкноттар түпнұсқалығын айқындауды қиындататын  болып табылады.

Күмәнді банкноттар уәкілетті банктер қабылдайды және олардың түпнұсқалығын және айырбастау мүмкіндігін айқындау үшін сараптамаға Ұлттық Банктің филиалдарына жібереді.

Сараптама түпнұсқа деп таныған банкноттар айналысқа жарамды банкноттар мен монеталарға айырбасталуы тиіс және айырбастау үшін қосымша ақы алынбайды.

Қандай банкноттар төлемге жарамсыз деп саналады?

Санат: Ұлттық валюта

Ұлттық Банк белгілеген мөлшердің 50% (елу) және одан да көп пайызынан айырылған банкноттар, «ҮЛГІ», «ОБРАЗЕЦ», «SPECIMEN», «МУЛЯЖ» деген жазуы бар банкноттар, сондай-ақ түпнұсқалық банкноттардың фрагменті бар және желімнің және (немесе) жабысқақ таспаның іздері бар кесілген банкноттар төлемге жарамсыз болып табылады.

Коллекциялық монеталарды қайдан сатып алуға болады

Санат: Ұлттық валюта

Коллекциялық монеталарды Ұлттық Банктің интернет-дүкені арқылы да, Ұлттық Банктің филиалдарынан да сатып алуға болады. Қымбат металдан жасалынған монеталардың бағасы мен аумақтық филиалдардағы қалдықтары туралы ақпарат Ұлттық Банк сайтында (http://nationalbank.kz) «Ұлттық валюта» бөлімінде «Ұлттық Банкінің филиалдарында өткізілетін қымбат металдан жасалынған монеталар» ақпараттық құжатта көрсетілген (Excel). Ұлттық банк филиалдарының мекен-жайлары және байланыс телефондары туралы ақпаратты Ұлттық Банк сайтынан табуға болады (https://nationalbank.kz/?docid=181&switch=kazakh).

Монеталарды интернет-дүкеннен қалай сатып алуға болады?

Санат: Ұлттық валюта

Қазақстан Ұлттық Банкінің сайтында «Ұлттық валюта» бөліміндегі «Сатылатын» іздеу жолының оң жағында «Іздеуге» белгі қою қажет. Нәтижесінде ұсынылған тізімнен онлайн саудаға рұқсат берілген монеталар пайда болады.

Тапсырыс жасау үшін монетаны таңдау керек және монетаның төмен жағында орналасқан «Тапсырыс беру» батырмасын басу қажет. Одан соң, Сіз таңдаған монета «Тапсырыс қоржынына» түседі, онда монета санын және жеткізу қаласын (жеткізу құнын есептеу үшін) көрсету қажет.

Коллекциялық монеталар интернет-дүкені тәулік бойына жұмыс істейді. Бұл ретте техникалық үзіліске және сату бағасын жаңартуға байланысты жұмыс күндері Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша сағат 17:00-ден сағат 19:30-ға дейін монеталарды сатуға болмайтынын атап өтеміз.

Бұрын сатып алынған монеталарды Қазақстан Ұлттық Банкіне қайтаруға бола ма, егер қайтаруға болса, қандай тәсілмен?

Санат: Ұлттық валюта

Ұлттық Банк жеке және заңды тұлғалардан Ұлттық Банктің өзі ғана айналысқа шығатын бағалы металдан жасалған инвестициялық және коллекциялық монеталарды ғана сатып алады. Өзге мемлекеттердің бағалы металдан жасалған монеталары қабылданбайды. Сату және сатып алу қағидаларына сәйкес бағалы металдан жасалған монеталар сатып алынады. Бағалы металдан жасалған монеталарды сатып алу кезінде монета дайындалған металды, металдың сынамасын және монетадағы химиялық таза бағалы металдың грамм бойынша салмағын анықтау тұрғысынан сараптама жасалады.         

Сатып алынатын монетаның құнын есептеу таңертеңгі фиксинг (тиісті бағалы металдың АҚШ долларындағы бағасы) және теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа алынған биржалық бағамы есепке алына отырып жүзеге асырылады. Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы (LBMA)  белгілеген  АҚШ долларындағы бағалы металл фиксингін www.lbma.org.uk сайтынан табуға болады.

Төлем инвестициялық немесе коллекциялық монетаның сатуға берілген күнінің алдындағы соңғы жұмыс күніне анықталған, Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік (негізгі) сессиясында қалыптасқан, теңгенің АҚШ долларына орташа алынған биржалық бағамы бойынша теңгемен жүргізіледі.

ҚРҰБ филиалы монеталарға сараптама жүргізуге арналған жабдықтың болмауына немесе істен шығуына байланысты бағалы металдардан жасалған сатып алынатын монеталарға сараптама жүргізе алмаған жағдайда, бағалы металдардан жасалған монеталар сараптамаға ҚРҰБ-ның Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығына жіберілуі тиіс. ҚРҰБ-ның Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығына келіп түскен бағалы металдардан жасалған монеталарға сараптама ҚРҰБ филиалы монетаны қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жүргізіледі.

Монеталарды дайындауда «proof» сапасы нені білдіреді?

Санат: Ұлттық валюта

«Proof» дайындау сапасы – бұл жылтыр беті бар жақсартылған сападағы монеталарды соғудың ерекше технологиясы. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 1999 жылдан бері «proof» дайындау сапасымен бағалы металдардан коллекциялық монеталарды шығарады.

Тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларын қайдан сатып алуға болады

Санат: Ұлттық валюта

Бағдарлама шеңберінде алтын құймалар екінші деңгейінде банктер («Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ және «First Heartland Jysan Bank»АҚ) мен қолма-қол шетел валютасымен операциялар жүргізуге уәкілетті ұйымдар (банктік емес айырбастау пункттері) арқылы сатылады.

Тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларының бағасы

Санат: Ұлттық валюта

Алтын құймалардың сату бағасын екінші деңгейдегі банктер мен айырбастау пункттері дербес белгілейді. Алтын құймалардың бағасы жөнінде екінші деңгейдегі банктер мен шетел валютасымен операциялар жүргізуге уәкілетті ұйымдарға хабарласуыңызға болады.

Менде шетел валютасының жоғалған және жыртылған банкноттары бар. Көрсетілген банкноттарды қайда және қандай тәртіппен айырбастай аламын?

Санат: Ұлттық валюта

«Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 49 Қаулысына (бұдан әрі – Қағида) сәйкес банкноттардың мынадай түрлерін анықтайды: "айналысқа жарамды", "айналысқа жарамсыз" және "төлемге жарамсыз".

Қағиданың 59- тармағына сәйкес мынадай бүлінулері:

1) шетел валютасы банкнотының бейнесін айқындауға мүмкіндік беретін шамалы дәрежеде ескірген және ластанған;

2) егер жыртылған бөліктер сөзсіз бір шетел валютасының банкнотына тиесілі болса, желімделген жыртық бұрыштары немесе бөліктері (көлемі 1 (бір) шаршы сантиметрден аспайтын) бар;

3) шетел валютасы банкнотының ені бойынша 1 (бір) сантиметрден, ұзындығы, қиғаш сызығы бойынша 4 (төрт) сантиметрден аспайтын, 3 (үш) жыртықтан (оның ішінде желімделген) аспайтын;

4) егер олар шетел валютасы банкноттарының түпнұсқалығын айқындауға кедергі келтірмесе және Қағидалардың 58-тармағында көрсетілген белгілердің 50 (елу) пайызынан астам жаппаса, ұсақ май және басқа да дақтар, жазбалар және мөртабандардың таңбасы бар (шетел валютасы банкнотының тесілгені немесе шетел валютасы банкнотының түпнұсқа емес немесе үлгі болып табылатынын куәландыратын мөртабандарды қоспағанда, 2 (екі) мөртабаннан, жазбалардан аспайтын);

5) тесігінің диаметрі 1 (бір) миллиметрден аспайтын кемінде 2 (екі) тесігі бар шетел валютасының банкноттары айналысқа жарамды заңды төлем құралдары болып танылады.

Осылайша, Қағиданың 59-тармағында көрсетілген зақымданулар болған кезде купюралар айналысқа жарамды деп танылады.

«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР Заңның 10-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында жеке тұлғалардың қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алуы және (немесе) сатуы тек қана айырбастау пункттері арқылы жүргізіледі.

Осылайша, егер банкноттар айналысқа жарамды болса, оларды айырбастау үшін Сіз Екінші деңгейдегі банктердің немесе уәкілетті ұйымдардың кез келген айырбастау пункттеріне жүгіне аласыз.

Кағиданың 60-тармағына сәйкес шетел валютасының банкноттары Қағиданың 59-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмесе және (немесе) мынадай бүлінулері болса:

1) бөлшектеліп жыртылған (оның ішінде желімделген);

2) бастапқы түсін жоғалтқан немесе оңып кеткен;

3) жанған немесе күйдірілген;

4) тұтас немесе едәуір дәрежеде (айналысқа жарамды заңды төлем құралының негізгі белгілерінің бірінің 50 (елу) пайыздан астамы) бояу, сия, май төгілген;

5) ультракүлгін сәуле түсіргенде қағаздың жылтырауына әкеп соғатын сыртқы әсерлерге ұшыраған;

6) қасақана сипаттағы едәуір бүлінген (негізгі суреттері, атап айтқанда адамдардың портреттері өзгерген, қорғаныш жібі жойылған, едәуір жазбалардың болуы, оның ішінде ультракүлгін сәуле түсіргенде көрінетін, 2 (екі) мөртабанның іздері және шетел валютасы банкнотының өтелгені туралы немесе түпнұсқа емес немесе үлгі болып табылатыны туралы растайтын мөртабан, диаметрі 1 (бір) миллиметрден астам 2 (екіден) артық тесіктері бар);

7) баспадан кеткен анық ақауы бар шетел валютасының банкноттары (сутамғы белгісінің немесе қорғаныш жіптің болмауы немесе дұрыс орналаспауы, бейнелердің басылмауы немесе бұлыңғыр болуы);

8) геометриялық өлшемдердің азаюы жағына, сол сияқты ұлғаюы жағына 3 (үш) миллиметрден артық өзгеруі;

9) шетел валютасының банкноты бейнесінің көрінбей кетуіне әкеліп соғатын едәуір ескірген және (немесе) ластанған жерлері бар;

10) едәуір жұмсарған және (немесе) қаттылығын жоғалтқан шетел валютасының банкноттары айналысқа жарамсыз болып танылады.

Тиісті шет мемлекеттің эмитент банкі жариялаған күнінен кейін айналыстан шығарылған шетел валютасының банкноттары төлемге жарамсыз деп танылады.

Кағиданың 61-тармағына сәйкес төлемге жарамайтын, сондай-ақ айналысқа жарамсыз шетел валютасының банкнотын сатып алуды және ауыстыруды шетел банктерімен тиісті шетел валюталарымен инкассолық операцияларды жүзеге асыру бойынша корреспонденттік қатынастары және (немесе) шарттық қатынастары бар уәкілетті банктер жүзеге асырады.

Уәкілетті банктер ауыстыру тәртібімен сатып алған және қабылдаған төлемге жарамайтын немесе айналысқа жарамсыз шетел валютасының банкноттарын клиенттерге сатуға рұқсат етілмейді. Көрсетілген банкноттар эмитент банктерге (шетел банктеріне) инкассоға жіберіледі немесе оларға қызмет көрсететін банктер арқылы инкассоға тапсырылады.

Уәкілетті банктер өздерінің айырбастау пункттері арқылы төлемге жарамайтын немесе айналысқа жарамсыз шетел валютасының банкноттарын инкассоға қабылдаған жағдайда клиенттерге комиссиялық сыйақының мөлшері (клиенттің барлық шығыстары кіретін) және эмитент банктердің көрсетілген шетел валютасының банкноттарын айырбастаудан бас тарту мүмкіндігі туралы ескертеді, сондай-ақ клиенттен инкассоның талаптарына жазбаша келісім алады. Эмитент банк (шетел банкі) жіберілген шетел валютасын айырбастаудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті банктер клиентке тиісті растайтын құжаттарды ұсынады.

Төлемге жарамайтын немесе айналысқа жарамсыз шетел валютасының банкноттарын айырбастағаны, сатып алғаны, инкассоға қабылдағаны үшін комиссиялық сыйақыны уәкілетті банктер дербес белгілейді, бірақ ол айырбастауға (сатып алуға, инкассоға қабылдауға) ұсынылатын шетел валютасы банкноттарының номиналдық құнының 10 (он) пайызынан аспауға тиіс.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, егер банкноттар айналысқа жарамсыз немесе төлем жасауға жарамсыз болса, Қағиданың 61-тармағына сәйкес екінші деңгейдегі банкке инкассоға купюраларды қабылдау үшін жүгіну қажет.

Жоғарыға