1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ақша-кредит саясаты 28 сұрақ

Валюта бағамы бойынша ресми анықтаманы (ақпаратты) қалай алуға болады?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Валюта бағамы туралы ақпарат Ұлттық Банк сайтының «Ұлттық валюта – валюта бағамдары» бөлімінде қолжетімді. ҚҰБ порталында пайдаланушы таңдаған белгілі бір күнге валюта бағамдары бойынша ақпаратты бланктегі ресми анықтама форматында («Электрондық анықтамалар» бөлімі) жүктеу мүмкіндігі көзделген.

Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген базалық мөлшерлеме/ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі туралы анықтаманы қайдан алуға болады?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Базалық мөлшерлеме деңгейі, бұрын – ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі туралы анықтама ҚР Ұлттық Банкі порталының «Электрондық анықтамалар» бөлімінде дербес қалыптастыру үшін қолжетімді.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі» деген ұғым «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы
2 қаңтардағы ҚР Заңына сәйкес «базалық мөлшерлеме» деген ұғыммен ауыстырылғанына назар аударған жөн.

Халық теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамына бейімделді ме? Ұлттық Банк халықтың көңілін қалай да бір зерттей ме, көптеген адамдар девальвация қайталанады деп қорқады ғой? Осындай күтулерге негіз бар ма?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Ұлттық Банк елдегі инфляциялық және девальвациялық күтулерге үнемі зерттеу жүргізеді. Халық арасында жүргізілген пікіртерім халықтың көңілі біртіндеп тұрақтанғанын және теріс күтудің елеулі түрде төмендегенін көрсетеді. Біз жүйелі негізде айырбастау бағамының деңгейіне ықпал ететін факторларға қатысты кеңінен түсіндірме жұмысын жүргіземіз және бүгінгі күні қазақстандықтар оларды өздігінше қадағалай алады және тиісті шешім қабылдай алады.

Базалық мөлшерлеме мен қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің арасында қандай айырмашылық бар?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Ақша-кредит саясаты режімінің өзгеруі және инфляциялық таргеттеуге көшу Ұлттық Банк құралдарының, әсіресе қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің рөлі мен орнын айтарлықтай ауыстырады. Ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде ақшаның құнын реттеу бойынша операциялар және тиісінше, базалық мөлшерлеме алдыңғы қатарға шығады, ал бұрын өтімділіктің деңгейін реттеу үшін пайдаланылған қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің рөлі фискалдық функциялар жағына қарай ауысады.

Мәселен, базалық мөлшерлеме Ұлттық Банктің ақша нарығындағы бір күндік операциялар бойынша нысаналы мөлшерлемесі немесе басқаша айтқанда, нарықтық мөлшерлемелер үшін Ұлттық Банк инфляция бойынша мақсатына жететін бағдар болып табылады. Базалық мөлшерлеменің өзгеруі экономикадағы теңге қаражатының құнына және салдары ретінде инфляцияға ықпал етеді. Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде инфляция және халықтың инфляциялық күтулер бойынша нақты және болжамдық көрсеткіштер ескеріледі, сыртқы және ішкі нарықтардағы инфляциялық тәуекелдерге және қаржы жүйесінің тұрақтылық тәуекелдеріне әсер ететін трендтер қаралады.

Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі қазіргі кезде шығынды өтеу, жіберіп алынған пайданы есептеу үшін өсімпұлдар, айыппұлдар есептеу кезінде ғана пайдаланылады, бұл ретте осы функция оған бұрын да тән болды. Сондықтан оны Ұлттық Банктің белгілеуі тарихи дәстүрді көрсетеді.

Қандай сыртқы және ішкі факторлар кезінде девальвация қайталануы мүмкін?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Девальвация айырбастау бағамы ұзақ уақыт шамамен бір деңгейде тұрақты ұсталып тұратын белгіленген валюталық режімінде орын алады. Девальвация айырбастау бағамының негізгі факторлардың өзгерісіне ден қоймауы нәтижесінде жинақталған экономикадағы теңгерімсіздіктерді бір кезде жоюға мүмкіндік береді. Еркін өзгермелі режім кезінде сыртқы күйзелістер жоғарыда аталған теңгерімсіздіктерді жинақтамай, айырбастау бағамы өзгеруімен бірден реттеледі. Айырбастау бағамының барынша қалыпты, шамасы аздаған болатын нығаю жағына сияқты әлсіреу жағына да құбылмалығы қалыпты жағдай болып табылады.

Инфляцияның түрлі (айлық, жыл басынан бергі, жылдық орташа жылдық) көрсеткіштері арасындағы айырмашылық қандай?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Айлық инфляция баға деңгейінің  бір ай ішінде өзгеруі (өткен айға қарағанда есепті айда).

Тоқсандық инфляция баға деңгейінің күнтізбелік үш ай ішіндеөзгеруі.

Жыл басынан бергі инфляция жыл басынан бастап өткен айлар ішінде баға деңгейінің өзгеруі (есепті айдағы баға деңгейінің өткен жылғы желтоқсандағы баға деңгейіне қатынасы).

Жылдық инфляция баға деңгейінің соңғы 12 айда өзгеруі (есепті айдағы баға деңгейінің өткен жылдың осындай айындағы баға деңгейіне қатынасы)

Орташа жылдық инфляция –  12 айлық кезең ішінде бағаның орташа= деңгейінің алдыңғы 12 айлық кезеңдегі бағаның орташа деңгейіне  қатынасы бойынша өзгеруі.

Мысалы:

2016 жылғы қыркүйекте айлық инфляция 0,2% (2016 жылғы тамызға қыркүйекте) болды. Тоқсандық инфляция 2016 жылғы үшінші тоқсанда  0,9% (шілде, тамыз, қыркүйек үшін инфляция) болды.

2016 жылғы қыркүйекте жыл басынан бергі инфляция 5,6% (9 айдағы  инфляция – қаңтардан қыркүйек аралығы) болды.

Жылдық инфляция 2016 жылғы қыркүйекте 16,6% болды. Бұл көрсеткіш 12 айлық кезеңдегі өзгерісті көрсетеді (2015 жылғы  қазан – 2016 жылғы қыркүйек).

Орташа жылдық инфляция 2016 жылғы қыркүйекте 15,2% (2015 қазан – 2016 қыркүйек аралығындағы кезең үшін 2014 қазан - 2015 қыркүйек аралығындағы кезеңге инфляция) болды, демек есепке айлық инфляцияның 24 мәні алынады.

Қазақстанда инфляция қалай өлшенеді?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Қазақстанда инфляция тұтыну бағаларының индексімен (бұдан әрі ТБИ) өлшенеді. ТБИ-ды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика  министрлігінің Статистика комитеті есептейді.

ТБИ халықтың жеке тұтынуы үшін сатып алатын тауарлар мен қызметтердің белгіленген қоржыны бағасының орташа деңгейінің уақыт аралығындағы өзгеруін көрсетеді. Инфляцияны есептеу  үшін Қазақстанның тұтыну қоржыны үй шаруашылықтары шығыстарының құрылымын көрсетеді және халықтың тұтынуында айтарлықтай үлес салмағы бар тауарлар мен қызметтерді қамтиды.

Ұлттық Банк инфляция деңгейін болжамдау кезінде қандай факторларды ескереді?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Инфляция деңгейін болжамдау кезінде көптеген факторлар есепке алынады, олар болжамдау моделіне, болжамдау техникасына және т.б. байланысты өзгеріп отырады.

Ішкі макроэкономикалық өлшемдер арасында ІЖӨ-ді, халықтың кірістерін, мемлекеттік шығыстарды, еңбек өнімділігін, өнеркәсіп өндірісіндегі, ауылшаруашылығындағы бағаны және басқаларын, сыртқы факторлар арасында мұнайдың, азық-түліктің әлемдік бағасы, Қазақстанның сауда әріптестері елдеріндегі ахуалды (инфляция, айырбастау бағамы) бөліп көрсетуге болады.

Жоғарыға