1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі 

2024 жылғы 12 сәуір, Астана

 

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Шешім қабылдау кезінде инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілді. Ақпан мен наурызда жылдық инфляцияның қарқыны баяу төмендеді.

Сонымен бірге, наурызда инфляцияның орнықты бөлігі айтарлықтай баяулады. Бірақ, бұл уақытша болуы мүмкін. Сондықтан бағалардың келесі айлардағы динамикасын мұқият қадағалайтын боламыз.

Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап қалыптасуда. Наурызда азық-түліктің әлемдік бағасы негізінен өсімдік майы бағасының көтерілуі есебінен біршама өсті.  Астық бағасы да төмендеу үрдісін жалғастырды.

Сыртқы ақша-кредит шарттары әлі де қатаң қалпында. Сонымен бірге, мұнай бағасының көтерілуіне байланысты әлемдегі инфляциялық қысым тәуекелдері артып келеді.

Экономикада инфляциялық қысымды орнықты тұтынушылық сұраныс тудырып отыр. Оған тұтынушылық кредиттеудің кеңеюі ықпал етті. Жоғары инфляциялық күтулер мен реттелетін қызметтерде жалғасып келе жатқан реформалардың инфляцияның тез төмендеуіне кедергі келтіруде.

Ықтимал тәуекелдер ел аумағында бұрын-сонды болмаған су тасқыны салдарына байланысты туындап отыр. Сондай-ақ су тасқынының салдарын жоюға қажет болатын бюджет шығыстарының көлемі әлі анықталған жоқ.

Біз қабылдаған шешім бұған дейінгі риторикамызға толық сәйкес келеді. Біз бірізді әрекетті жалғастырып, ақша-кредит саясатының ұстамды қатаң сипатын сақтау қажет деген позицияны ұстанамыз. Бұл – инфляция баяу төмендеп жатқан тұста маңызды саналады. Базалық мөлшерлеменің деңгейін өзгертуде байыптылық қажет.  

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Наурызда жылдық инфляция 9,1%-ке дейін баяулады, бірақ біздің болжамды траекториямыздан біршама жоғары қалыптасты. Инфляцияның жоғарырақ деңгейде қалыптасуы негізінен реттелетін қызметтерге байланысты болды. Тұрғын үй коммуналдық қызметтердің тарифі біз күткен деңгейден жоғарырақ қалыптасты. Осы кезеңде коммуналдық қызметтер тарифінің инфляцияға үлесін 0,43 пайыздық тармаққа тең деп бағалаймыз. 

Реттелетін тарифтермен бірге жалпы қызмет түрлерінің құны да өсті. Қызметтер инфляциясы наурызда 13,2% деңгейінде қалыптасты. Яғни, қазір ол бағаның өсуіне үлес қосып отыр.

Азық-түлік инфляциясы 6,9%-ке дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі де 8,2%-ке дейін баяулады.

Айлық инфляция ақпандағы күрт өсуден кейін наурызда 0,7% құрады. Есіңізде болса, ол оған дейін 1,1% болған еді. Бұл орташа жылдық динамикадан (0,6%) сәл жоғары. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмейтін инфляция көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Өздеріңіз білетіндей, аталған көрсеткіштер бірнеше ай бойы бір деңгейде қалып, ақпанда бірден жеделдеді. Сондықтан, бұл – жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар бір айдың қорытындысы бойынша қалыптасқан жағдай туралы айтуға әлі ерте.

Инфляцияның орнықты бөлігіндегі келешек динамика мониторинг жүргізуді талап етеді. Оның бірнеше ай бойы сенімді және орнықты түрде төмендеуі бізге базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.

Алдағы бір жылда күтілетін инфляцияның медиандық көрсеткіші ақпанда біраз өскен соң (14,6%), наурызда 14,2%-ке дейін төмендеді. Осылайша, инфляциялық күтулердің бұдан әрі тұрақты төмендеуін және инфляция мақсат деңгейінде болғанда біз байқаған тарихи деңгейге қайтуын қамтамасыз ету маңызды.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР. 

2024 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасы 4,2%-ке өсіп, Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келді. Экономикалық белсенділіктің едәуір өсуі ішкі және сыртқы сұраныспен барлық дерлік секторларда  қамтамасыз етіліп отыр.

Ішкі сұранысты сипаттайтын салалар тауарлар ұсынысын қамтамасыз ететін салаларға қарағанда тезірек өсіп жатқанын да атап өткен жөн. Бұл осы өсімнің жеткіліксіз балансын көрсетеді.

Ішкі сұраныс халықтың нақты кірісінің өсуімен, инвестициялық белсенділіктің артуымен және бюджет шығыстарымен қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен, үй шаруашылығының тұтынысы халықтың нақты табысына қарағанда тезірек өсіп келе жатқанын айта кету керек. Бұған тұтынушылық кредиттеу аясының үздіксіз кеңеюі де себеп болып отыр (ақпан айында жылдық өсім 37,9%-ті құрады).

Қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібіне, көлік пен қоймалауға капитал салу есебінен өсті.

Іскерлік белсенділік индексі екі ай қатарынан өндірісте де, қызмет саласында да оң аймақта қалыптасты. Кәсіпорындар су тасқыны басталғанға дейін сұраныс пен бизнес ортаның және бизнес жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Бизнес-цикл индексі 2023 жылдың басынан экономиканың өсу аймағында болып, биыл наурызда ең жоғары мәндерде байқалды. Бұл – жақсы тренд.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай, жалпы, тұрақты. Жеті ай бойы төмендеген ФАО азық-түлік бағасының индексі өсімдік майының қымбаттауынан наурызда алғаш рет біршама өсті. Ал астық бағасы экспорттаушы елдерде тоқтаусыз жиналған астық өнімін сатуға және теңіз сауда жолдарының үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты төмендеп келеді.

Сыртқы ақша-кредит шарттары әлі де қатаң. Соның нәтижесінде әлемде инфляция баяулап келеді. Бірақ көп елдерде әлі де таргеттен жоғары.

Еуроодақта Еуропа Орталық Банкінің тежеу саясаты нәтижесінде инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді. Осы жылы экономикалық өсімнің төменірек қалыптасқан көрсеткіштерін күтуге қарамастан, Еуропа Орталық Банкі инфляцияны нысаналы мәнге қайтаруды және ол үшін тежеуіш ақша-кредит шарттарын қамтамасыз етуді көздейді.

Федералды Резервтік Жүйе АҚШ-та инфляцияның әлі де жоғары екенін атап өтті. Наурызда жылдық инфляция 3,5%-ке дейін өсіп, екі ай қатарынан қарқын алып келеді. ФРЖ риторикасына сәйкес қазіргі ақша-кредит шарттары әрі қарай да сақталады.

Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі – Ресейде наурыз айында инфляция 7,7% деңгейінде сақталды. Ресей реттеушісінің мәлімдемесіне сәйкес, инфляция бойынша мақсатқа жету үшін қатаң ақша-кредит шарттары ұзақ уақыт бойы сақталады.

Мұнай нарығында қолайлы ахуал қалыптасып отыр. Мұнай бағасы базалық сценарийден біршама жоғары (жыл басынан бері 1 баррельдің орташа бағасы $83) деңгейде қалыптасып отыр. Ол ОПЕК+ келісімін 2024 жылдың ортасына дейін ұзартуға, Қызыл теңіздегі соғыс қимылдарына және Ресейдегі біраз мұнай өңдеу зауыттарының өз жұмысын тоқтатуына байланысты.

Мұнайдың қазіргі бағасының сақталуы Қазақстанның сауда балансына оң әсер еткенмен, мұнайға қойылған сыртқы бағалар әлемде сыртқы инфляциялық қысымды күшейтуі де мүмкін.

* * *

Құрметті журналистер!

Инфляцияның айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, ол әлі де жоғары. Инфляцияны одан әрі 5% мақсатқа дейін төмендету үшін көбірек күш салып, базалық мөлшерлеме деңгейін өзгертуде мұқият болу керек.

Біз бірізді қағидамызды сақтаймыз және бұрын айтылған риторикаға сәйкес әрекет етеміз. Инфляцияның ортамерзімді мақсатына жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет.

Біз инфляцияның бір жолғы факторларды ескермейтін тұрақты бөлігін бақылай береміз. Оның одан әрі баяулауы базалық мөлшерлемені төмендетуге жағдай жасайды.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделеді және ол инфляцияның одан арғы серпіні мен тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданады.

492.22 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға