Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 27 сәуір сағат 9:00-ден 28 сәуір сағат 23:00-ке дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ақша-кредит саясаты, АКС – бағаны тұрақтандыру үшін экономикадағы ақша құнын реттеуге бағытталған кешенді шаралар. Ортамерзімді перспективада инфляция деңгейін тұрақтандыру деп – ақша құны мен халықтың әл-ауқатының сақталуының негізгі факторын айтуға болады.

2015 жылдан бастап Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы негізінде инфляцияны таргеттеу режимінде жүргізеді, оның түпкі мақсаты – бағаны тұрақтандыру.

2023 жылдан бастап ақша-кредит саясатының мақсаты – 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясатының стратегиясына сәйкес ортамерзімді кезеңде жылдық инфляцияны 5%-ға жақын ұстау.

Инфляцияны таргеттеу режимі неліктен таңдалып отыр?

Ақша-кредит саясатының осы режимін көптеген жетекші орталық банктер таңдап отыр. Себебі тұрақты және төмен инфляция арқылы экономиканың тұрақты болуына жағдай жасау қажеттігі күн тәртібіне шықты. Ал, тұрақсыз әрі жоғары инфляция жинақтың құнсыздануына, инвестициялауға деген стимулдың төмендеуіне, капиталдың шетел активтеріне кетуіне жол береді. Ондай кезде ұзақ мерзімге жоспар құруға мүмкіндік болмайды және экономиканың өсу қарқыны да бәсеңдейді.

Бағаның тұрақтылығы, керісінше, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге, белгісіздікті азайтуға және экономикадағы субъектілердің болашаққа деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экономиканы тұрақтандыруға жағдай жасай отырып, үй шаруашылығы мен кәсіпорындарға үнемдеу мен инвестициялау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Инфляциялық таргеттеу режимінің артықшылықтарының бірі – ақша-кредит саясатының мақсаты мен принциптерін нақты анықтауға мүмкіндік беруі. Сонда инфляцияға қатысты мақсат халық пен бизнес үшін түсінікті болады.

Тағы бір маңызды артықшылығы – шоктарға бейімделе алуы. Инфляцияны таргеттеу жүйесі орталық банкке экономикадағы шокқа тезірек жауап беруге және тұрақтылықты сақтау үшін ақша-кредит саясатын бейімдеуге мүмкіндік береді.

Инфляциялық таргет орталық банктің тәуелсіздігін білдіреді. Бұл өз кезегінде монетарлық саясаттың тұрақтылығын, мақсатты түрде жұмыс істеуі мен дәйектілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, дербестік – орталық банктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Осылайша, реттеуші қабылдаған шешімнің ашықтығы ақша-кредит саясатын жүргізуде маңызды рөл атқарады.

Режим ашық болса, қоғам ақша-кредит саясатының бағытын бақылауда ұстай алады. Сол арқылы орталық банкке деген сенім артады. Бұл халықтың инфляцияға қатысты болжамын тежеуге және қоғамның экономикадағы көңіл-күйін тәп-тәуір қалыптастыруға ықпал етеді.

Инфляцияны таргеттеу кезінде неліктен айырбас бағамы құбылмалы болады?

Теңгенің құбылмалы айырбас бағамы сыртқы шокқа бірден жауап беруге және негізгі факторлар өзгергеннен кейін қысқа мерзімде тепе-теңдікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл экономиканың барлық секторы мен қаржы нарығындағы сегменттердің тұрақты дамуына кәдімгідей ықпал етеді.

Ұлттық Банк бағам құру процесіне араласпайды. Алайда, теңге бағамы шамадан тыс өзгеріске ұшырамас үшін, қаржы жүйесі тұрақты болуы үшін интервенция жүргізу құқығы сақталады. Жалпы, интервенция еркін өзгермелі валюта бағамының саясатына қайшы келмейді.

Жоғарыға