1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

«Инфляция – қауіпті, ол қарапайым халыққа ауыр тиеді»

Ұлттық Банк басшысы Тимур Сүлейменов ODAGAI жобасына ауқымды бейнесұхбат берді. Еліміздегі бас банктің төрағасы Үкіметпен бірлесіп қалай жұмыс жүргізетінін, инфляцияны ауыздықтау неліктен экономикалық өсімнен де маңызды екенін айтып, теңгені құнды етудің жолдары жайында пікірін білдірді.

Сұхбаттың толық нұсқасын көріп, банктер келешекте пайыздарын төмендетуі мүмкін бе, цифрлық теңге бірінші болып қай жерде қолданысқа енеді, ойланбай алған несиелер мен бөліп төлеу қаншалықты қауіпті екенін біліңіз. Сұхбаттың мәтінін де назарларыңызға ұсынамыз.

– Тимур Мұратұлы, сіздің басшылыққа келуіңіз Ұлттық Банк саясатына түбегейлі өзгеріс әкеле ме?

– Шындығына келгенде, Ұлттық Банк және оның ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылықтың қалыптасуына ықпал ету және т.б. функциялары – негізінен консервативті, тұрақтылық пен жүйелілікті қажет етеді. Сондықтан, басшылық өзгергенімен, Ұлттық Банктің саясатында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Яғни, біз нарыққа барынша айқынырақ болуды, жүйелілік секілді ашықтық қағидаттарын әрі қарай басшылыққа ала береміз.

Менің ойымша, Үкіметтің қаржылық-экономикалық блогымен, жалпы Үкіметпен, одан бөлек қаржылық тұрақтылықты, баға тұрақтылығын қалыптастыру, экономиканы дамыту бойынша бірлесе жұмыс істейтін негізгі әріптестерімізбен және серіктестерімізбен өзара байланысты нығайту – қазір біз атқаруға тиіс  негізгі міндеттердің бірі.

 Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу, үйлестіруді күшейту деп айтып отырсыз, мемлекеттік мекемелердің параметрін, мандаттарын аса жақсы біле бермейтін азаматтарды «инфляцияға кім жауапты?» деген сұрақ мазалайтыны жасырын емес. Азаматтар, негізінен, Үкімет жауапты деп ойлайды. Бірақ, ортақ міндет, яғни кей тұстарына Ұлттық Банкі жауапты инфляция бар. Осы мәселені анықтап, түсіндіріп бере аласыз ба?

– Әрине, инфляция өте күрделі экономикалық процесс екені даусыз. Ол көптеген компоненттен құралады. Сондықтан инфляцияны тек бірге жұмыс істеу арқылы, күш біріктіріп қана ауыздықтай аламыз. Көбіне, адамдар «бағаның өсуі» және «инфляция» деген ұғымдарды шатастырып жатады. Теорияға сүйенсек,  инфляция дегеніміз – ақша массасының тауар массасынан асып кетуі. Басқаша айтқанда, экономикада көп ақша кезіп жүреді, бірақ соған сай тауар болмайды. Осылайша, тепе-теңдік бұзылады. Мысалы, сізде 100 теңге және 10 бөлке нан бар делік, мұндай жағдайда әр бөлкенің құны 10 теңге болады. Егер сіз кенеттен ақша басып шығарсаңыз немесе нарыққа 100 теңге емес, 150 теңге шығарсаңыз, ал бөлке саны 10 болып қала берсе, бағасы 15 болады. Бұл жерде ұсынысқа, яғни өнім жағына, әрине Үкімет жауап береді. Ұлттық Банк ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жалпы сол секілді басқа да салаларда өнім өндіре алмайды деп жалғастыра беруге болады.

Ақша массасын бақылау жағына, әрине, Ұлттық Банк жауапты. Яғни Үкіметтің негізгі міндеті елімізде тауар көп болуы үшін отандық өнім өндіруді барынша ұлғайту деп есептеймін. Ал Ұлттық Банк ақша басып шығармау үшін тұрақты ақша массасын қалыптастыруға, ақша экономикада бақылаусыз, бей-берекет жүрмеуі үшін артық фискалдық ынталандыру болмауын қадағалауға тиіс.

– Менің пайымдауымша, сіз көбіне нарық заңына сай шара қабылдағанды құп көресіз. Бәрі нарық аясында болуы керек. Дегенмен, бізде субсидиялау, түрлі жеңілдік ұсынылатын бағдарламалар бар. Мұндай бағдарламаларға Ұлттық Банктің қатысы бар ма, себебі миллиардтаған, триллиондаған қаражат төмен пайызбен кетеді. Мүмкін бұл несие беру нарығындағы ахуалды бұрмалап көрсететін де шығар?

– Қаржы және экономика жүйесінде артық ақша пайда болса, ол ақшаға сай тауар болмайды, ол барлығын бұрмалап, инфляцияға әкеледі. Дәл сол кезде экономикада қысқа уақытқа созылатын өсім байқалуы мүмкін, бірақ ұзаққа бармайды.

Сонымен қатар ішінара субсидиялау – қалыпты шара. Кейбір басты салалар мен жобаларды субсидиялау қажет деп есептеймін. Бірақ, біріншіден, әрине мұны таңдап жүзеге асыру қажет, яғни салалар бойынша қандай басымдықтар бар екенін нақты анықтап, күш-жігерімізді соған бағыттауымыз керек. Мәселен, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жер гранттарын беру, салық бойынша жеңілдік ұсыну, тікелей субсидия үлестіру және тағы да басқа.

Екіншіден, бұл жобаларды сапалы түрде іске асыру өте маңызды. Мысалы, іске қосылатын жоба шынымен де индустриялық жоба болуы шарт, онда шынында да қазақстандық мазмұн болғаны дұрыс, импорттық өнім емес, қазақстандық өнім болуы керек. Әйтпесе, біздің жұмсаған күш-жігеріміз құмға сіңген судай болады. Өйткені біз жобаларды субсидиялау арқылы импортты субсидиялаймыз...

– Арасында «базалық мөлшерлемені төмендету керек», «кәсіпкерлерге арзан ақша керек, ал мөлшерлеме тым жоғары» деген сияқты түрлі пікірталас туындап тұрады. Ал базалық мөлшерлеме жай ғана сан емес, инфляцияны тежеу құралы емес пе...

– Базалық мөлшерлемеге қызығушылық бары бізді қатты қуантады. Сарапшылар арасында пікірталас болғаны өте жақсы, себебі бұл бізге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Қоғамның ойталқысы да – қуантарлық жайт, өйткені олар халықтың қаржылық сауатын көтереді және белгілі бір экономикалық көрсеткіштерге, ұғымдарға деген қызығушылығын арттырады. Кейінгі кезде қызығушылық танытатындардың көбейгеніне ризамыз.

Енді базалық мөлшерлемеге оралсақ, базалық мөлшерлеме дегеніміз –экономикадағы ақшаның құны. Бірінші деңгейдегі банк болғандықтан, Ұлттық Банк кредит беріліп, депозит жинақталатын пайызды белгілейді. Бұл не үшін қажет? Бұл ақша массасын бақылап отыру үшін қажет. Егер ақша массасы, біріншіден, тым артық, көп болса немесе айналым аса жоғары болса, экономика тым «қызып» кетеді және кей нарықтар «бөсіп» кетеді.

 – Немесе дефляция…

 – Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені минимал мәнге дейін төмендету керек болады, кейде нақты мәні нөлден де төмен болады. Ал, керісінше, инфляция жоғары болғанда, экономикадағы ақша айналымын бәсеңдету үшін, ол белгілі бір нарыққа тез қысым жасамауы үшін және кей салада баға шоктары болмауы үшін салыстырмалы жоғары базалық мөлшерлеме қажет. Бізде қазір инфляция әлі де жоғары: 11,8%. Базалық мөлшерлеме –16%. Енді, нақты базалық мөлшерлеме бар екенін түсіну қажет. Бұл – өте қарапайым есеп. 16% деп номиналды базалық мөлшерлемені  аламыз, одан инфляцияны алып тастаймыз. Инфляцияны шегергенде, біздің нақты базалық мөлшерлеме – 4,2% деген сөз.

Сонымен қатар, экономикамызда айтарлықтай қарқынды өсім байқалады. Дегенмен, инфляция – жоғары. Мұндай жағдайда инфляция барлығына әсер етеді. Сол себепті инфляцияны «қара халыққа түсетін салық» деп те атайды. Сондықтан бұл – экономикадағы ең қауіпті құбылыс. Инфляцияны ауыздықтау, яғни оны 5%-дық деңгейде тежеу және бекіту қазіргі басты міндет екеніне сенімдіміз. Бұл тек Ұлттық Банктің саясаты ғана емес, бұл – Қазақстандағы барлық экономикалық билік алдында тұрған міндет.

Экономикамыз қарқынды түрде өсіп келеді деуге болады. Сондықтан фискалдық ынталандыру ақша-кредит саясатын шатқаяқтататын, қисынсыз шешім болар еді, себебі бұл – сөзсіз инфляцияға апаратын қадам.

– Халықтың үрейі, бағаның өсуінен не байқайтынына тоқталсақ, мұндағы тағы бір фактор – ақша бағамы. Ақша бағамындағы өзгеріс бұрынғыдай, мәселен, өзгермелі айырбас бағамына ауысқаннан кейінгі кездегідей абыр-сабырға салмайды. Яғни, қазір халық аз-маз ауытқуға онша мән бере бермейді, ешкім де жанұшырып валюта айырбастау пунктіне жүгірмейді. Соған қарамастан, қазақстандықтарда теңге бағамы төмендесе, бәрінің бағасы өседі деген түсінік қалыптасып қалған, бірақ Ұлттық Банк бағам бойынша таргет жүргізбейді ғой...

– Валюта бағамы дегеніміз – валютаның басқа валютадағы құны. Ал валюта құны дегеніміз не? Ол – осы валютаның артында тұрған экономиканың сапасына тәуелді. Доллар бағамының артында – АҚШ экономикасы. АҚШ-тың экономикасы, саяси жүйесі, тіпті АҚШ-тың әскери күші тұр. Өйткені долларды актив ретінде немесе төлем құралы ретінде сатып алатын кез келген инвестор олардың экономикасы мықты екенін және оны кез келген жағдайда қорғай алатынын айтады. Бұл бірнеше фактордың жиынтығы, сол көптеген фактордың ішіндегі бастысы – экономиканың күші. Сондықтан курсты біреу қолмен белгілей алмайды. Бұл да бір тауар. Әр валюта бір-біріне қатысты тауар саналады. Сәйкесінше, экономикамыз неғұрлым күшті болған сайын, соғұрлым бағам да күшті болады. Барынша әртараптанған, сыртқы баға шоктарына шатқаяқтамайтын экономикамыз болғанда, бағамымыз да тұрақты болады.

Валюта бағамына келер болсақ, бізде еркін, өзгермелі бағам. Көбісі бізді Ұлттық қордағы ақшаны айырбастап, оларды нарыққа сатады, сол себепті доллар көбейеді деп ойлайды. Иә, ондай процесс бар, бірақ бұл интервенция емес, өйткені интервенция кенеттен болатын дүние.

Егер ай сайын, жыл сайын, тоқсан сайын белгілі бір мөлшерде валюта сататынымыз нарыққа белгілі болса, мұндай жағдайда нарық тұрақтанады және ол тиісті деңгейде тепе-теңдікте болады. Біз әр айдың аяғында келесі айда қанша валюта сатып алатынымызды ресми сайтымызда ашық түрде жариялаймыз, ал ай басында сол айда қанша валюта сатып алғанымызды хабарлаймыз.

 Қателеспесем, жақында пайыздық мөлшерлемені 56-дан 44-ке дейін түсіру мүмкін екені немесе қажет екені туралы сөз қозғадыңыз. Мұндай қадамға бару мүмкін бе? Екінші деңгейлі банктер мұны қалай қабылдайды?

– Пайыздық мөлшерлеме, сөзсіз, өзгеруі керек деп есептейміз. 56% белгілі бір мақсатпен, барлық банк, микроқаржы ұйымдары орнығып алуы үшін белгіленген болатын. Қазір бәсекелестік айтарлықтай бекіді деп ойлаймын.

Банк үшін пайыздық мөлшерлеме деген не? Бұл – оның өнімі. Ол өз өнімін жылына 13-ке сатады, ал біреу жылына 11-ге сатады. Маған жылдық 11-ге сатып алу тиімдірек. Сондықтан бұл да – бәсекелестік. Сәйкесінше, бізде микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) пайда болғалы бері, банктер дамып, цифрландыру ілгерілеп, түрлі банк өнімдері пайда болып жатыр, яғни бәсекелестік те артып келеді. Ал егер бәсекелестік өссе, мөлшерлеме де төмендеуі керек.

– Халықтың қаржылық сауатына қандай баға бересіз? Азаматтардың қаржылық тұрғыдан сауатты болуына ықпал етіп қана қоймай, алдымен ойын өзгертіп, қаржылық және тұтыну әдетіне оң ықпал ету үшін не істеуге болады?

– Біздің қоғамда бәрінің қаржылық сауаты бар деуге келмейді. Жеткілікті деңгейде емес және менің ойымша, қаржы ұйымдарының жарнамасы басым түсіп тұр. Банктерді алсақ та, микрокредит ұйымдары, онлайн несиелерді айтсақ та. Қарапайым азамат, әрине, олардың айла-амалдарының алдында қауқарсыз.

Сондықтан, өнімді алудың тым оңайлығы мен оның салдарының тым қиындығы арасында теңгерімсіздік бар. Мүмкін қарапайым азаматтардың сол салдардың барлығын есептей алмауы осы мәселенің түп-тамыры шығар.

Банктер мен микрокредит ұйымдары да жұмыс істеуге тиіс, әсіресе онлайн. Олардың бей-берекет несие бермеуін қадағалау керек. Қарапайым, түсінікті тілде «қарызыңызды мерзімінен кеш төлесеңіз, үстінен тағы 15% төлейсіз, артық төлеген ақшаңыздың жалпы сомасы 0 болмайды» деп жазып қоюы керек.

Сізге бөліп төлеудің құны 0 деді, бірақ ол бір жерде жасырын тұр, шындығында артық төлемнің жалпы сомасы 50% болады. Егер адамдар осылай ойлайтын болса, онда келесіде маған жаңа телефон керек пе, әлде ескісімен жүре тұрғаным жөн бе деп ойланатын болады.

Сондықтан, ең алдымен, қаржы ұйымдары жарнамалап жатқан өнімдердің барлық оң және теріс тұсын дұрыс түсіндіріп жатыр ма, жоқ па – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылап отыруы керек сияқты.

Бұл өте маңызды.

Сұхбаттың толығырақ нұсқасы

Жоғарыға