1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

БЖЗҚ портфелінің валюталық үлесін қолдау шаралары және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ облигацияларын сатып алу шарттары туралы

ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың түсіндірмесі

Зейнетақы активтерінің валюталық құрамдас бөлігін 30% деңгейінде қолдау шаралары туралы

Активтердің айтарлықтай көлеміне қатысты теңгерімді инвестициялық саясатты жүргізу – портфельді әртараптандыруды талап етеді, оны тек жергілікті бағалы қағаздар нарығы аясында жүзеге асыру мүмкін емес.

2016-2019 жылдар аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 17%-дан 33%-ға дейін ұлғайтылды.

Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін тиімді басқару мақсатында шетел активтерінің негізгі кластарына инвестициялауды көздейтін стратегиялық бөлу әзірленді. Бұл – әлемдік акциялар, дамыған және дамушы елдердің облигациялары, инвестициялық деңгейдегі эмитенттердің корпоративтік облигациялары.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, зейнетақы активтерінің өсуі жағдайында, оның ішінде инвестициялық кіріс есебінен БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі төмендеп, 28,4%-ды көрсетті. Зейнетақы активтерінің одан әрі күтілетін өсімін ескере отырып, БЖЗҚ портфеліндегі валюталық үлес 2023 жылдың соңына қарай 24,3%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Зейнетақы активтеріндегі валюталық үлестің күтілетін төмендеуін ескере отырып, Ұлттық Банк 2023 жылға дейін шетел валютасын кезең-кезеңімен сатып алуды жоспарлап отыр. Валюта позициясын 30% деңгейде ұстап тұру үшін шамамен 2 млрд АҚШ долларын сатып алу қажет болады. Осынша мөлшердегі ақшаны сатып алу валюта нарығына айтарлықтай әсер етпейді, өйткені ол орташа тарихи мәндердің 6-7 пайызынан аспайды (KASE-дегі жылдық сауда көлемі 2022 жылдың аяғында 29,7 млрд болды). Сонымен қатар, шетел валютасын сатып алу бойынша бұл операциялар Қазақстан қор биржасының алаңында жыл бойы біркелкі қалыпта жүзеге асырылады.

Бұл операциялар туралы мәліметті Ұлттық Банктің сайтында ай сайын орналастырылатын валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламадан білуге ​​болады. Сондай-ақ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтында тұрақты түрде жарияланады.

БЖЗҚ портфеліндегі шетел валютасын сатып алу зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын инвестициялардың географиясы мен қаржы құралдарының ауқымын кеңейтуге бағытталғанын атап өткен дұрыс. Бұл инвестициялық портфельдің сапасын жақсартуға, оны әртараптандыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада оның өтімділігі мен табыстылығын арттыруға мүмкіндік береді.

2023 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ облигацияларын сатып алу туралы  

2023 жыл ішінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның ұзақ мерзімді облигацияларына БЖЗҚ-ның жалпы сомасы 500 млрд теңгеге дейінгі зейнетақы активтерін нарықтық жағдайларда инвестициялау жоспарланып отыр. Тартылған қаражат машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларға кредит беруге жұмсалады. Қаржыландырылатын жобаларды іріктеу және бөлінген қаражаттың игерілуін бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде жүзеге асырылады.

Кредит тәуекелдері тұрғысынан «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға инвестиция салу қауіпсіз әрі бұл іс жүзінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылауында болады. Холдингтің кредиттік рейтингі Қазақстанның тәуелсіз кредит рейтингі деңгейінде және Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша тұрақты болжаммен «ВВВ» құрайды.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау нарықтық жағдайларда ұзақ мерзімді инвестициялық көкжиекті ескере отырып, жүзеге асырылады. Осылайша, жоғарыда аталған инвестициялар сенімді болып табылады және жыл сайын БЖЗҚ салымшыларына инвестициялық табыс әкеледі.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты келесі телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға