1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Халықаралық валюта қоры туралы

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) – оған мүше елдердің валюта-кредиттік қатынастарын реттеу және төлем балансының тапшылығы кезінде қысқа және орта мерзімдік кредиттер беру арқылы көмек көрсету үшін құрылған Біріккен ұлттар ұйымының мамандандырылған мекемесі.

ХВҚ 1945 жылғы 27 желтоқсанда құрылған. 190 мемлекет ХВҚ-ның мүшесі болып табылады. Басқарушы органдары – Басқарушылар кеңесі мен Атқарушы кеңес. ХВҚ қаржылық операцияларын жасауды 1947 жылғы 1 наурызда бастады. ХВҚ-ның есеп айырысу бірлігі – Арнайы қарыз алу құқықтары (АҚҚ).

Қазақстан Республикасының ХВҚ-ға мүшелігі

«Қазақстан Республикасының өкілдерін Басқарушы Кеңестерге тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 18 наурыздағы № 323 қаулысына сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы ХВҚ Басқарушылар Кеңесінің мүшесі болып табылады.

Қазақстан Республикасы 1992 жылы ХВҚ-ға мүше болды. ХВҚ-ның жарғылық капиталындағы Қазақстан Республикасының квотасы 1158,4 млн. АҚҚ құрайды.

Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ-мен Қазақстан Республикасының мүшелігі аясында кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықта. ХВҚ ынтымақтастық аясында Ұлттық Банкке төлем балансының статистикасы, соңғы инстанциядағы кредит беруші функциясы, ақша-кредит саясаты, инфляциялық таргеттеу, модельдеу және болжау, банктік қадағалау, қаржылық тұрақтылық, тәуекелдерді басқару, және қарызды басқару мәселелері бойынша техникалық көмек көрсетті.

Қазақстан Ұлттық Банкі пікір алмасу, озық тәжірибені зерттеу және халықаралық байланыстарды орнату мен нығайту алаңы болып табылатын ХВҚ мен Дүниежүзілік банкі тобының көктемгі және жыл сайынғы кездесулеріне тұрақты түрде қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкі жылда ХВҚ Келісімі Баптарының IV бабына сәйкес ХВҚ миссиясын қабылдайды. Кездесулер барысында орталық банк қызметінің негізгі бағыттары, оның ішінде ақша-кредит және валюталық саясат, қаржылық тұрақтылық және төлем балансы мәселелері талқыланады.

2022 жыл желтоқсанда мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ХВҚ мен ДБ Қазақстанның қаржы секторын кешенді бағалауға (FSAP) дайындық жұмыстарын бастады. Жоспарға сәйкес FSAP 2023 жылғы желтоқсанда аяқталады. FSAP нәтижелері бойынша ХВҚ және ДБ қорытынды есеп пен ұсыныстар дайындайды.

Қазақстанға берілген ХВҚ кредиттері

2000 жылғы 24 мамырда Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ кредиттік желілері бойынша 340,3 млн. SDR сомасындағы міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ХВҚ-дан кредит алуға мүдделі емес.

Швейцария шағын тобындағы ынтымақтастық

2010 жылғы шілдеде Халықаралық есеп айырысу банкінің жыл сайынғы кездесулері аясында Ұлттық Банк Төрағасының Швейцария ұлттық банкінің басшылығымен екіжақты кездесулері барысында Қазақстан Республикасының ХВҚ Швейцариялық шағын тобына өтуі туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді.

2010 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясы арасында Бреттон-Вудс мекемелері аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды (Астана қ.), бұл Қазақстан Республикасының ХВҚ-ның Бельгиялық шағын тобынан Швейцариялық шағын тобына ауысуына негіз болды. ХВҚ-ның Швейцариялық шағын тобының құрамына келесі мемлекеттер мүше болып табылады: Польша, Сербия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Өзбекстан.

Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ-ның Швейцариялық шағын тобының отырыстарына тұрақты негізде қатысады, сонымен қатар шағын топқа мүше елдердің орталық банктерімен Ұлттық Банктің қызметі мәселелері бойынша байланысын белсенді түрде жалғастыруда. 2022 жылы Қазақстанның Ұлттық Банкі ХВҚ Швейцариялық шағын тобының Атқарушы директоры лауазымына Швейцария өкілінің кандидатурасын қолдады.

ХВҚ басшылығының Қазақстанға сапарлары

2016 жылғы 24 мамырда ХВҚ-ның Басқарушы-директоры Қазақстан Республикасына сапармен келді. Кристин Лагардтың сапарының негізгі мақсаты Астана экономикалық форумы аясында өткізілген ХВҚ-ның Өңірлік конференциясына қатысу болды.

2018 жылғы 16 мамырда ХВҚ Басқарушы-директорының орынбасары Тао Чжанның қатысуымен кезекті Өңірлік кездесу өткізілді. Сапардың мақсаты ХВҚ өңірлік техникалық көмек көрсету орталығының орналасу жерін алдын ала бағалау болды.

2019 жылғы 16 мамырда Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ-мен бірлесіп «Инклюзивті өсу саясаты» тақырыбында Астана экономикалық форумы аясында ХВҚ-ның Басқарушы-директоры Кристин Лагардтың қатысуымен Кавказ, Орталық Азия елдері мен Моңғолияның орталық (ұлттық) банктері мен қаржы министрліктерінің басшыларына арналған ХВҚ-ның өңірлік кездесуін өткізді.

2020 жылғы 15 желтоқсанда ХВҚ Басқарушы-директоры Кристалина Георгиева мен Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы онлайн-рәсім барысында Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін өңірлік әлеуетті дамыту орталығын (бұдан әрі – CCAMTAC) қолдау жөніндегі уағдаластық туралы хатқа қол қойды.

2023 жылғы 9 маусымда ХВҚ Басқарушы-директоры Кристалина Георгиева Қазақстан Республикасына сапармен келді. Сапардың негізгі мақсаты CCAMTAC ашылу салтанаты мен Астана халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысу болды.

Алматыдағы CCAMTAC ашылуы

ХВҚ өңірлік техникалық көмек көрсету орталықтарының кең желісі бар. Қазіргі уақытта Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Еуропада, Таяу Шығыста, Америкада және Орталық Азияда орналасқан ХВҚ-ның 17 аймақтық орталығы бар.

Мұндай орталықтардың қызметі ХВҚ-ға мүше елдердің әлеуетін дамытуға, өңірлік интеграцияны тереңдетуге, дағдарысқа қарсы ортақ шешімдерді әзірлеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ ХВҚ-ға мүше елдердің экономикалық даму қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.

2019 жылы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдерінің әлеуетін дамыту мақсатында ХВҚ Алматы қаласында аймақтық техникалық көмек орталығын ашу туралы шешім қабылдады, бұл Қазақстан Республикасы мен ХВҚ арасындағы көп жылғы жемісті ынтымақтастықтың нәтижесі болып табылады. Бұл шешім 2019 жылдың 18 қазанында Вашингтонда өткен ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы кездесулер барысында жарияланды.

CCAMTAC құрудың мақсаты – ХВҚ-ның аймақтағы әлеуетін арттыру жөніндегі қызметін үйлестіру және жүзеге асыру, өңірдегі 9 елмен (Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан) және әртүрлі қаржы институттарымен өзара әрекеттесу. CCAMTAC макроэкономикалық талдау, ақша-кредит және бюджет саясаты, қаржылық реттеу мен қадағалау, макроэкономикалық статистика бойынша мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасының кәсіби дағдыларын дамытуға және кәсіби құзыреттілігін арттыруға жәрдемдесетін болады.

ХВҚ Орталығын қаржыландыру моделі өңірдің бенефициар елдерінің, басқа донорлардың (халықаралық ұйымдар мен басқа ХВҚ-ға мүше елдер) және ХВҚ-ның қаржылық қатысуын қарастырады.

Пандемияға қатысты жағдайды ескере отырып, CCAMTAC 2021 жылдың ақпан айында техникалық көмек көрсетуді қоса алғанда виртуалды форматта өз қызметін бастады. 2020 жылдың шілде айынан бастап өңірдегі мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін вебинарлар мен семинарлар өткізілуде.

CCAMTAC ашу аясында ХВҚ стратегиялық басшылықты қамтамасыз ететін, оның басымдықтарын белгілеуге көмектесетін және CCAMTAC бюджетін бекітетін CCAMTAC Үйлестіру комитетін құрды. Қазақстан Республикасынан Комитеттің құрамына Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Молдабекова Ә.М. - бас өкіл ретінде, 2021 жылы Комитет төрайымы болды және ҚР ҚНРДА Төрағасы Әбілқасымова М.Е. балама өкілі ретінде кіреді.

2023 жылғы 9 маусымда Алматыда Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов ХВҚ-ның Басқарушы-директор Кристалина Георгиева бастаған ХВҚ делегациясымен бірге CCAMTAC-тың салтанатты ашылу салтанатын өткізді. Салтанатты шараға сондай-ақ өңірдің және әлем елдерінің орталық банктері мен қаржы және экономика министрліктерінің, халықаралық қаржы ұйымдарының және бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

CCAMTAC Салтанаты ашылу фото

Жоғарыға