Инфляция
Инфляция – бұл тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағаларының жалпы деңгейінің артуы. Инфляцияға көптеген ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді, оның ішінде іскерлік белсенділік деңгейі, шығарылымның алшақтығы (нақты ІЖӨ-нің оның әлеуетті деңгейінен алшақтығы), еңбек өнімділігі, халықтың ақшалай табысы, жұмыспен қамту деңгейі, нарықтардағы бәсекелестік дәрежесі, тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу, әлемдік тауар нарықтарындағы бағалар және басқа факторлар.
Инфляцияны есептеу үшін тұтынушылар бағалар индексі (ТБИ) – тұтыну үшін халық сатып алатын тауарлар және көрсетілетін қызметтер (тұтынушылық қоржын) бағасының жалпы деңгейінің көрсеткіші пайдаланылады. Тұтынушылық қоржын үй шаруашылықтары шығысының құрылымын көрсетеді және оған халықтың тұтынуындағы барынша үлкен үлес алатын тауарлар және көрсетілетін қызметтер кіреді. ТБИ тұтынушылық қоржынның ағымдағы кезеңдегі бағамен көрсетілген құнының оның өткен (базалық) кезеңдегі бағамен көрсетілген құнына қатынасы ретінде есептеледі.
ТБИ-ды Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы есептейді.
Инфляциялық күтулер
Инфляциялық күтулер – бұл халықтың және нарыққа қатысушылардың инфляцияның одан кейінгі серпіні туралы болжамдары.
Инфляцияның ықтимал деңгейі туралы болжамдар болашақта халықтың және нарықтың экономикалық қызметіне әсер етеді. Егер инфляциялық күтулер төмен болса, онда нарыққа қатысушылар өз ақшасын өндіріске, инвестициялық жобаларға, қаржылық операцияларға орналастыруға тырысады. Егер инфляциялық күтулер жоғары болса, онда нарыққа қатысушылар өз ақшасын тауарларға, жылжымайтын мүлікке, тұрақты шетелдік валютаға, сондай-ақ құны елдегі инфляция деңгейіне қатысты болмайтын басқа құндылықтарға салады.
2016 жылғы қаңтардан бастап халық арасында пікіртерім жүргізілуде, ол Қазақстандағы инфляциялық күтулерді өлшеуге бағытталған. Ай сайынғы пікіртерім 1500 респондент қатысатын телефонмен сұхбат жүргізу арқылы ересек тұрғындар арасында жүзеге асырылады. Іріктеу көрнектілігі респонденттерді аймақ (барлық облыс орталықтары, сонымен қатар Астана, Алматы, Семей қалалары), жас және жұмыспен қамтылу сияқты санаттарға бөледі. Әр категориядағы респонденттердің саны Қазақстан Республикасының ресми статистикасына сәйкес деректерге жақын.
Халық арасында қалыптасатын күтулерді сандық бағалау квантификациялау, яғни, нәтижелерге ықтимал әдісінің көмегімен тиісті индекстерді құру көмегімен сандық мән беру арқылы жүзеге асырылады.