1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№45 Баспасөз релизі. Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру туралы

Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Ұлттық Банк қарыз алушыларды қолдауға 130 млрд теңге бөлді.

Бағдарлама табысты іске асырылуда және бүгінгі күні Бағдарлама шеңберінде 171,4 млрд теңге сомаға 28 мың қарыз алушыға көмек көрсетілді, 56 млрд теңгеден астам сомаға қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық сомасы бойынша берешегі төмендетілді. Банктер бөлген қаражат толық көлемде игерілді және револьверлік тетікті ескере отырып қайта қаржыландырылған қарыздар саны 2026 жылға дейін 40 мыңнан астам болады.

Бағдарламаның екінші бөлігі 2018 жылғы 27 наурызда іске қосылды және жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейді. Бағам айырмасының сомасы (156 млрд теңге) Ұлттық Банк қаражатының есебінен өтеледі. Банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық бойынша берешегін 136 млрд теңге сомасына төмендетеді.  Валюталық қарыз алушылардан қайта қаржыландыруға банктерге 9 мыңнан аса өтінім берілді, оның ішінде қайта қаржыландыруға 78,7 млрд теңге сомаға 8 840 қарыз мақұлданды.  Бағдарламаның іске асырылуына жасалған талдау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Үкіметке және Ұлттық Банкке ХӘОТ санатына жататын ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетуде қиын жағдайға тап болған ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебіне жалғыз мүлкі банктердің балансына өткен қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар шараларды әзірлеуді тапсырды.  

Осы тапсырманы орындау шеңберінде, ағымдағы жылғы 23 желтоқсанда Ұлттық Банк Басқармасы Бағдарламаға өзгерістер мен толықтыруларды бекітті. Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын мұқият жан-жақты талдау негізінде, тараптардың келісімі бойынша жеке тәртіппен ХӘОТ санатына жатқызылған,  ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетуге байланысты қиындықтарға ұшыраған қарыз алушыларды сауықтырудың қосымша тетіктерін қолдану құқығын береді.

Бағдарламаға өзгерістер банктердің деректері бойынша ХӘОТ санатына жатқызылған,  ипотекалық қарыздар бойынша 44,6 млрд. теңге сомаға берешегі бар  7 355 қарыз алушыны қолдауды қамтуға мүмкіндік береді, бұл жағдайда олар ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетуге байланысты негізделген қиындыққа ұшырайды. Банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі. 

Бұл шаралар бұрын қайтарымды негізде бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Проблемалық ипотекалық қарыз алушылармен, оның ішінде ХӘОТ-қа жататын азаматтардың санаттарымен одан әрі жұмысты Үкіметтің тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс топтары шеңберінде әкімдіктер жеке тәртіппен жүзеге асыратын болады. Жергілікті атқарушы билік органдарының жеке тұлғалардың кіріс деңгейін арттыру бойынша жұмысы бағдарламаға енгізілген өзгерістермен қатар, жиынтығында қарыз алушылардың ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы  31 желтоқсанға дейін ұзартылғанын атап өтеміз, қарыз алушылар валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 2020 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей кредиторбанкке өтініш беру қажет. 

303.4 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға