1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың желтоқсан айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2023 жылғы 13 қаңтарда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

TONIA индикаторы[1] 2022 жылғы желтоқсанда пайыздық дәліз ішінде қалыптасып (1-график), оның орташа алынған мәні жылдық 16,2% болды, ол алдыңғы ай деңгейінен 0,7 пайыздық тармаққа жоғары (қарашада – 15,5%). Осыған қарамастан желтоқсанда TONIA мөлшерлемесі дәліздің жоғарғы шегіне жуық қалыптасқан айдың соңын қоспағанда, көбінесе дәліздің төменгі шегіне жақын қалыптасты.  

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2022 жылғы желтоқсанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,7 трлн теңге болды.

Айналымдағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 40,4%-ға ұлғайып, 2022 жылғы желтоқсанның соңында 2 236,3 млрд теңге болды. Жалпы сомасы 2 236,2 млрд теңгеге Ұлттық Банк ноттарының 2 аукционы өткізілді  (орташа алынған кірістілік – 16,72%). Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі желтоқсанда 1 612,8 млрд теңгені құрады.

Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі желтоқсанда 5,2%-ға өсіп, 962,3 млрд теңге болса (қарашада – 914,8 млрд теңге), Ұлттық Банктегі банктік депозиттер 15,8%-ға өсіп, 894,8 млрд теңге (772,5 млрд теңге) болды.

Желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша алынатын өтімділіктің 59,7%-ға жуығы қысқа мерзімді ноттарға, 25,7%-ы – депозиттік аукциондарға, 23,9%-ы – депозиттерге тиесілі.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

2022 жылғы желтоқсанда ҚР Қаржы министрлігі 569,3 млрд теңгеге 2 жылдан 6 жылға дейін өтеуге дейінгі мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздарды 18 орналастыруды (МЕОКАМ – 5 орналастыру, МЕТИКАМ[2] – 11 орналастыру, МЕУКАМ – 2 орналастыру) жүзеге асырды. Олар бойынша кірістілік жылдық 15,80-16,58% болды.

Желтоқсанда ҚР Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі а/а 2,32%-ға, ж/ж 22,86%-ға өсті.

Желтоқсанның соңында тәуекелсіз кірістілік қисығы[3] инвертацияланған (кері) пішін көрсетті. Атап айтқанда, қысқа мерзімді және орта мерзімді аралықтарда кірістілік қисығының өсуі, ал 7 жылдан бастап және одан жоғары аралықта қарашаға қарағанда төменге жылжу байқалады.

  1. Валюта нарығы

АҚШ доллары бойынша сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына байланысты 2022 жылғы желтоқсанда теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 460,58–473,51 теңге аралығында өзгеріп отырды.

Желтоқсанда квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін сатуы (328,7 млн АҚШ доллары) және Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді конвертациялауы (461 млн АҚШ доллары) валюта нарығында қосымша ұсынысқа ықпал етті. Валюталық интервенциялар жүргізілмеді.

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі 10,9 млрд АҚШ долларына дейін а/а 11,3%-ға төмендеді (ж/ж 26,0%-ға төмендеу), бұл ретте Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі 3,0 млрд АҚШ долларына дейін а/а 1,5%-ға өсті.

Қарашамен салыстырғанда халық тарапынан шетел валютасына сұраныс артты. Желтоқсанда халықтың шетел валютасын нетто-сатып алуы 264,3 млрд теңгеге дейін а/а 18,3%-ға өсті. Бұл ретте жылдық мәндегі нетто-сатып алудың жалпы көлемі айтарлықтай дәрежеде АҚШ доллары мен Ресей рублін нетто-сатып алудың төмендеуі есебінен
46,0%-ға төмендеді.

Шығыстардың негізгі көлемі 89,1% немесе 235,3 млрд теңге – АҚШ долларын, 2,3% немесе 6,0 млрд теңге – Ресей рублін және 8,5% немесе 22,5 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Желтоқсанда Ресей рублін нетто-сатып алу а/а 2 есе өсті (төмендеу ж/ж 13,2 есе).

Валюта түрлері бойынша бөлгенде АҚШ долларын нетто-сатып алу а/а 15,0%-ға өсті (төмендеу – ж/ж 37,8%), еуроны нетто-сатып алу 44,2%-ға өсті (төмендеу ж/ж 28,6%).

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Алдын ала деректер бойынша, 2022 жылдың желтоқсан айында Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 3,1%-ға ұлғайып,  35,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Резервтердің өсуіне активтердің валюталық бөлігінің ұлғаюы ықпал етті. Алтын бағасының бір унция үшін 1812 АҚШ долларына дейін 3,0%-ға көтерілуіне қарамастан алтын-валюта активтерін әртараптандыру мақсатында алтынның сатылуына байланысты алтын портфелінің қысқаруы байқалды.  

Желтоқсанның соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (55,7 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 90,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы желтоқсанда банктердің аударылатын депозиттерінің өсуі аясында 11 874,4 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға тарылды (2022 жылдың қорытындысы бойынша 8,4%-ға кеңейді).

Желтоқсанда ақша массасы 34 295,9 млрд теңгені құрап, а/а 4,7%-ға (ж/ж 13,9%-ға) ұлғайды, айналымдағы қолма-қол ақша 3,4%-ға (ж/ж 12,1%-ға) ұлғайды. Жеке тұлғаларды кредиттеу ақша массасының өсуіне негізгі фактор болып отыр.

  1. Депозит нарығы

2022 жылғы желтоқсанда депозиттік ұйымдардағы резиденттер депозитінің көлемі 30,9 трлн теңгеге дейін 4,8%-ға ұлғайып (2022 жылы 14,1%-ға өсті), 2022 жылғы шілдеден бастап ең жоғары айлық өсімді (7,6%) көрсетті. Желтоқсанда салымдардың едәуір өсуі негізінен жеке тұлғалардың теңгедегі салымдарының түсуі есебінен қамтамасыз етілді.

Желтоқсанда ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың салымы ұлғаюы есебінен өсті. Шетел валютасында заңды тұлғалар қаражатының қысқаруы есебінен депозиттердің төмендеуі байқалды.

Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 2,3%-ға өсті. Олардың құрылымында теңгедегі салымдардың 8,4%-ға өсуі есебінен артты, ал валютадағы депозиттер 7,8%-ға азайды, бұл өз кезегінде қаражаттың валютадағы салымдардан теңгедегі салымдарға ауысуы мүмкін екендігін көрсетеді.

Жеке тұлғалардың депозиттері бір айда 7,3%-ға ұлғайды. Бұл ұлттық валютадағы салымдардың 9,3%-ға айтарлықтай өсуі нәтижесінде орын алды, шетел валютасындағы салымдар 2,9%-ға өсті. Желтоқсанда ұлттық валютадағы салымдардың өсуі базалық мөлшерлеме деңгейінің ұлғаюы жағдайында да орын алып, халықтың депозиттері үшін ҚДБКҚ-ның шекті мөлшерлемелерінің өсуіне әкелді. Мәселен, халықтың мерзімсіз салымдары бойынша максималды мөлшерлемелердің мөлшері 2022 жылғы 6 желтоқсаннан бастап 16,3%-ды (2022 жылғы қарашада – 15,5%), 3 және 6 ай мерзіміне толықтыру құқығынсыз жинақ депозиттері бойынша 18,3%-ды (17,5%) құрады.

Осыған байланысты желтоқсанда депозиттерді долларландыру деңгейі 31,6%-ға дейін 2,6 пайыздық тармаққа төмендеді (қарашада – 34,2%, 2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%).

Долларландыру құрылымында заңды және жеке тұлғалардың долларландыруы арасындағы алшақтық төмендеді. Мәселен, желтоқсанда заңды тұлғалардың долларландыруы 33,6%-ға дейін төмендеді (қараша – 37,3%), ал жеке тұлғалардың долларландыруы 29,7%-ға дейін төмендеді (қараша – 31,0%), бұл 2007 жылғы шілдеден бастап ең төменгі көрсеткіш болып табылады.

Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімдер жағдайында банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы желтоқсанда 14,4%-ға дейін көтерілді (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,3%-ға дейін өсті (8,0%).

  1. Кредит нарығы

2022 жылғы желтоқсанда ЕДБ-ның экономиканы кредиттеуі а/а 2,7%-ға және ж/ж 23,3%-ға ұлғайып, 22 811,9 млрд теңгені құрады.

Жеке тұлғаларды кредиттеу 14 158,4 млрд теңгеге дейін а/а 1,9%-ға өсті. Жеке тұлғаларға кредиттердің құрылымындағы негізгі үлесті құрайтын тұтынушылық кредиттеу 7,7 трлн теңгеге дейін 1,0%-ға өсті. Қарашада ірі банктердің маркетингтік акцияларды өткізуі аясында ж/ж 27,3%-ға едәуір өсуінен кейін желтоқсанда жылдық өсім 25,3%-ға дейін баяулады. Ипотекалық кредиттеудің өсу қарқыны қарашада ж/ж 42,0%-дан 42,5%-ға дейін  (а/а 3,9%) жеделдеді.

Заңды тұлғалардың кредиттері 8 653,5 млрд теңгеге дейін ж/ж 11,5%-ға өсті. Желтоқсанда заңды тұлғалардың кредиттік портфелінің айлық өсуі 4,0% болды (2022 жылғы наурыздан кейінгі ең жоғары көрсеткіш).

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 20 960,8 млрд теңгеге дейін а/а 2,7%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 6 808,8 млрд теңгеге дейін 4,3%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 14 151,9 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға өсті.

Шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 1 851,1 млрд теңгеге дейін а/а 2,8%-ға ұлғайды (валюталық баламада 4,2%-ға өсу байқалды). Валюталық кредиттеудің ұлғаюына заңды тұлғаларға берілген кредиттер (2,8%-ға өсті) негізгі үлес қосты. Жеке тұлғаларға валюталық қарыздар 10,9%-ға төмендеп, 2022 жылғы наурыздан бастап төмендеу үрдісін жалғастырды.

Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2022 жылғы желтоқсанның соңында 91,9% болды (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%).

Желтоқсанда ұзақ мерзімді кредиттермен (мерзімі – 1 жылдан ұзақ) салыстырғанда қысқа мерзімді кредиттердің (мерзімі – 1 жылға дейін) асып өсуі тіркелді. Қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 3 968,4 млрд теңгеге дейін а/а 7,3%-ға, ұзақ мерзімді кредиттер 18 843,5 млрд теңгеге дейін а/а 1,8%-ға ұлғайды. 

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу желтоқсанда 4 530,2 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға ұлғайды, алайда жылдық өсім (ж/ж 22,8%) 2022 жылғы шілдеден бастап баяулауын жалғастырды.    

2022 жылғы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғаларға теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 19,2%-ға дейін (қарашада – 18,4%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша 17,4%-ға дейін (15,3%) өсті. Қарашада ірі маркетингтік акциялардың өтуі аясында мөлшерлемелердің айтарлықтай төмендеуінен кейін жеке тұлғалар үшін кредиттер құны өсті. 

  1. Төлем жүйелері

2023 жылғы  1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударым жүйелері, төлем карта жүйелері жұмыс істейді.

2022 жылғы желтоқсанда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (банкаралық ақша аудару жүйесі және банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 89,7 трлн теңгеге 6,4 млн транзакция жүргізілді (қарашамен салыстырғанда саны бойынша 12,6%, сомасы бойынша – 2,6% өсу байқалады). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 4,3 трлн теңге көлемінде  306,0 мың транзакция жүргізілді. 

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 18 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карталарын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карталарының жалпы саны 65,1 млн бірлік болды. Оның ішінде 2022 жылғы желтоқсанда төлем карталарының 51,4%-ы (33,4 млн төлем картасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және/немесе қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды. 

Қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын пайдалана отырып, желтоқсанда 13,3 трлн теңгеге 880,6 млн транзакция жүргізілді (қарашамен салыстырғанда транзакциялар саны 8,7%-ға, сомасы – 11,0%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карталары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 97,5% (858,8 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 84,8% (11,3 трлн теңге) болды.

  1. Зейнетақы жүйесі

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2022 жылғы желтоқсанда 260,3 млрд теңгеге немесе а/а 1,8%-ға ұлғайып, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 14 663,4 млрд теңге болды.

Желтоқсанда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 7 793,4 млрд теңгеге дейін 104,6 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ шоттарды ескере отырып) 2023 жылғы 1 қаңтарда 10,9 млн шот болды.

Желтоқсанда зейнетақы төлемдерінің сомасы 39,4 млрд теңгені құрады.

2023 жылғы 1 қаңтарда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 49,6%-ы және 19,6%-ы) алады.

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ қоржынының бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдістемесі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға