1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк: қаржы нарығындағы ахуал және теңгенің нығаюы туралы

Негізгі мөлшерлемелердің жаһандық деңгейде өсуі биылғы әлемдік қаржы нарығының динамикасын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Сонымен қатар, жер жүзіндегі инвесторлардың назары инфляция мен мөлшерлемелердің шарықтау шегіне жетуі туралы белгілерге біртіндеп ауыса бастады. Қорыта келгенде, бұл АҚШ долларының лем бойынша басымдыққа ие болу мүмкіндігіне әкелуі мүмкін. Бұл жағдайдың әлемдік валюта нарығына, қазан айындағы теңге бағамына және елдің халықаралық резервтері динамикасының негізгі факторларына қалай әсер еткенін ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.

– Әлия Мейірбекқызы, әлемдік қаржы нарығының динамикасына қандай оқиғалар әсер етті? АҚШ долларының әлемде басымдыққа ие болуы қазан айында да жалғасты ма?

Қазанда бірқатар орталық банктердің, атап айтқанда, Австралияның, Канаданың және Еуроаймақтың риторикасын жеңілдетудің алғашқы белгілері пайда болды. Австралия Банкі мен Канада Банкі жаһандық инвесторлар үшін күтпеген жерден мөлшерлемелердің өсу қарқынын төмендетті. Мысалы, Австралия Банкі базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа өсуді күту кезінде 2,6%-ға дейін 25 базистік тармаққа, ал Канада Банкі мөлшерлемені
75 базистік тармаққа өсуді күту кезінде 3,75%-ға дейін 50 базистік тармаққа ұлғайтты.

ЕОБ мөлшерлемені 2%-ға дейін 75 базистік тармаққа көтерді, алайда, Еуроаймақтың Орталық банкі басшысының риторикасында инвесторлар болашақта саясатты жұмсартуға ауысу ықтималын байқады. Сонымен, Кристин Лагард ЕОБ ынталандырушы ақша-кредит саясатын қысқартуда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде, мөлшерлеменің өсуіне қарамастан, отырыс күні еуро бағамы паритеттен төмен деңгейде бола отырып, 1,2%-ға әлсіреді.

АҚШ ФРЖ жақын арада аталған мысалды ұстануы мүмкін деген күтулер, сондай-ақ АҚШ ФРЖ-ның кейбір шенеуніктерінің жуырда өсу қарқынын бәсеңдетуге және келер жылдың басында өсуді тоқтатуға деген ниеті туралы хабарлар қазан айында АҚШ доллары бағамының әлемдегі басым боларлық күшін тоқтатты. Өткен айдың қорытындысы бойынша, DXY индексі
111,5 тармаққа дейін 0,5%-ға әлсіреді.   

Сонымен бірге, қыркүйекте ж/ж 8,2% болған орнықты инфляция жағдайында АҚШ ФРЖ риторикасы күшейіп тұр. Мәселен, қарашадағы соңғы отырыста АҚШ ФРЖ Төрағасы мөлшерлеменің бұрын күткеннен де барынша жоғары мәнге жетуі мүмкін екенін айтты. Нүктелермен көрсетілген немесе «Dot Plot» аталатын диаграмманың соңғы қыркүйектегі медианалық болжамына сәйкес, мөлшерлеме барынша жоғары меже – 4,5-4,75%-ға жетті. Бұл желтоқсанда диаграмманы жаңартқан кезде анағұрлым жоғары деңгейді айшықтауы ықтимал екенін көрсетеді. Ақша талаптарын бұрын-соңды болмаған күшейтуге қарамастан, АҚШ экономикасы орнықтылықты көрсетті. 2022 жылдың 3-тоқсанында ЖІӨ қатарынан екі тоқсандық қысқарудан кейін тоқсан сайын 2,6%-ға ұлғайды.

Инвесторлардың жетекші орталық банктердің күшейту қарқынын бәсеңдетуі және тәуекел-сентименттің жақсаруын күтуі аясында акциялар нарығы өткен айдың қорытындысы бойынша қалпына келгенін көрсетті. MSCI World индексі қыркүйекте 9,5%-ға төмендегеннен кейін 7,1%-ға өсті.

Мұнайға баға белгілеу де қолайлы тәуекел-сентименттің бенефициары болды. Қазанда баға 1 баррель үшін 94,83 АҚШ долларына дейін 7,8%-ға өсті. Сонымен қатар ОПЕК+ альянсының өндіріс көлемін айтарлықтай төмендету шешімі өткен айда мұнай құнын арттырудың басты факторына айналды. Қарашаның басында ҚХР-дың Covid Zero саясатын жеңілдету ниеті туралы хабары қара алтын бағасына жаңа серпін берді, баға белгілеу 1 баррель үшін 97 АҚШ долларына дейін өсті.

– Ішкі валюта нарығындағы жағдай қалай болды, интервенциялар жүргізілді ме?

Қазанда біз валюта нарығында қалыпты құбылмалылықты байқадық. Бір айдың ішінде динамика әртүрлі бағытта өрбіді. Қазанның қорытындысы бойынша, теңге 1,7%-ға нығайды. Мұнай бағасының өсуі де теңгенің нығаюына түрткі болды. Базалық мөлшерлемені көтеру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатуы да теңгеге қолдау көрсетті.

Қазанда Ұлттық қордан валютаны сату 362 млн АҚШ долларын құрады, бұл ретте бір сауда күні ішінде сату көлемі 30 млн АҚШ долларынан асқан жоқ. Біз Ұлттық қордан валютаны сату тек республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету қажет болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын бірнеше рет атап өттік. Біздің тарапымыздан осы операциялардың валюта нарығындағы ағымдағы сентиментке әсерін барынша азайту үшін барлық күш-жігер жұмсалуда. Валютаны сату бойынша мәмілелерді іске асыру кезінде Ұлттық Банк price-taker ретінде әрекет етеді, яғни, өз өтінімдерін қоймай, қолда бар өтінімдер бойынша «жұмыс жүргізеді». Нарыққа қатысушылардың бағасымен келісе отырып, біз операциялардың нарықтық бағамға әсерін жоққа шығарамыз.

Қазір валюта нарығы теңгерімді. Валюталық интервенциялар жүргізу қажет болмады.

– Қазанда алтын-валюта активтерінің жай-күйі қалай болды?

Қазанда алтын-валюта активтері 33 млрд АҚШ долларына дейін шамамен 330 млн АҚШ долларына ұлғайды.

АВА өсуі клиенттік қаражат пен ЕДБ қаражатының Ұлттық Банктегі валюталық корреспонденттік шоттарға әкелінуіне байланысты болды. Дегенмен, жоғарыда аталған факторлардың әсері мемлекеттік қарызды төлеумен, сондай-ақ алтын бағасы бір унция үшін 1673 доллардан 1639 долларға дейін төмендеуімен ішінара реттелді.

Алтын бағасының төмендеуі нарық ойыншыларының АҚШ ФРЖ-ның «күшейту» риторикасына әсерінен туындады. Бағалы металдар нарығындағы құбылмалылық, бұрынғысынша, айтарлықтай жоғары болып қалып отыр.

Қазанда Ұлттық Банк халықаралық резервтерді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқарту жөніндегі саясатын іске асыруды жалғастырды, осыған байланысты алтын тұрақты валюталарға сатылғанын атап өткен жөн.

– Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қазан айында қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?

Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 850 млн АҚШ долларына ұлғайып, қазан айының соңында 52,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Кепілдік берілген және нысаналы трансферттерді бөлу мақсатында қазан айында ішкі валюта нарығында 362 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл – 171 млрд теңгеге тең. Республикалық бюджеттің қажеттілігін қанағаттандыру үшін Ұлттық қордан 327 млрд теңгеге трансферттер бөлінді.

Қазан айында қор нарығының өсуінен жыл басынан бері құлдыраған акциялар портфелі біраз бәсеңдеді. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі құрылған кезден бері жылдық мәнде 2,88% болады.

– Бұдан былай мұнай бағасын белгілеуге қатысты және әлемдік валюта нарығындағы ахуал қандай жағдайға байланысты болады?

АҚШ ФРЖ-ның күшейтілген ақша-кредит саясаты АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюының негізгі қозғаушы күші болып қалуда. Сондықтан АҚШ ФРЖ-ның күшету циклінің қаншалықты ұзаққа созылатыны жөніндегі мәселе әлемдік валюта нарығындағы белгісіздіктің негізгі факторы болып қала береді.

Биыл бүкіл әлемдегі Орталық банктердің мөлшерлемені бір мезетте әрі тез көтергенін байқадық. Жаһандық инвесторлар осы күшейту цикліндегі мөлшерлемелердің шарықтау шегін іздеп жатыр. Goldman Sachs талдауына сәйкес (G10 елдері арасында мөлшерлемелерді арттырудың 85 эпизоды), мөлшерлемелерді арттыру циклі орта есеппен 15 ай бойы жалғасып келеді, барлық эпизодтардың 70%-ы бір жылдан астам уақытқа созылуда.

Кейбір экономистердің пікірінше, жалпы қолайлы экономикалық ахуал рецессиясыз сақталған жағдайда, АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелерді арттыру циклі ұзаққа созылады, бірақ келесі жылы бір жүйеге түсетін болады. АҚШ ФРЖ-ның келесі отырысында талдаушылар желтоқсанда мөлшерлеменің өсу қарқынының 50 базистік тармаққа дейін төмендейтінін және 2023 жылғы ақпан мен наурыз айларында екі рет 25 базистік тармаққа артатынын болжайды. Bloomberg талдаушыларының консенсусына сәйкес, 2023 жылы DXY индексі әлсірейді деп күтілуде.

Сонымен қатар, АҚШ ФРЖ саясатындағы әлеуетті өзгеру оның геосаяси белгісіздік кезеңіндегі қауіпсіз актив мәртебесіне және доллардағы активтердің абсолюттік мәнінде жоғары кірістілігіне байланысты АҚШ доллары үстемдігінің аяқталуына алып келмеуі мүмкін екенін атап өту қажет.

Мұнай нарығына қатысты ОПЕК+ әлемдік экономикалық өсудің баяулауы туралы күтулерден отынға деген сұраныстың әлеуетті төмендеуін өтеу үшін өндіруді азайту жөніндегі шешімінің арқасында қара алтынның құны айтарлықтай қалпына келді.

Алайда, бұл квоталар осы жылдың соңына дейін ғана қолданылады, сондықтан олардың қолданылу ұзақтығы туралы шешім 2023 жылы нарықтың теңгерімділігі мен динамикасына әсер ететін болады. Өз кезегінде, АҚШ ОПЕК+ соңғы шешіміне үзілді-кесілді қарсы шықты және бірқатар қарсы шараларды, оның ішінде мұнайды мемлекеттік стратегиялық қорлардан алу, сондай-ақ ОПЕК мүшелеріне монополияға қарсы талап қою арқылы картельдің баға белгілеуіне тыйым салуға мүмкіндік беретін NOPEC заңын қабылдауды қарастыруда. Сонымен қатар, аталған заңның қабылдануы екіталай. Жалпы алғанда, 2023 жылдың 1-тоқсанында мұнай бағасын экономистер 1 баррель үшін 84-115 АҚШ доллары аралығында болады деп болжайды.

Дереккөз: Kapital.kz 

Жоғарыға