1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық Банкінің есебін қабылдады

Мемлекет басшысы ҚР Ұлттық Банкінің 2022 жылға арналған қызметі туралы есепті тыңдады. Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматов пен монетарлық реттеушінің басқарма мүшелері 2022 жылға арналған ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар мен Ұлттық қордың, сондай-ақ, Ұлттық Банктегі алтын-валюта резервтерінің жағдайы туралы баяндап берді.

Геосаяси дағдарыс орнаған тұста инфляциялық қысымның күшеюі, макроэкономикалық жағдайдың ушығуы, мұнай бағасының динамикасындағы құбылмалылық және 2022 жыл бойы дамыған елдердегі орталық банктердің өз саясатын күшейтуі жағдайында Ұлттық Банк инфляцияға қарсы ақша-кредит саясатын жүргізді. Сонымен қатар, Ұлттық Банк жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін арттыру үшін сыртқы факторлар мен ішкі экономика жағдайында инфляцияның бүгінгі мақсатты мәндерінің сәйкестігін бағалау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Ұлттық Банк пен ҚР Үкіметі қабылдаған шаралардың арқасында қаржы нарығында тұрақтылықты сақтау мүмкін болды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, долларландыру 31,6%-ға дейін азайды, екінші деңгейлі банктердің экономиканы несиелеу көлемі 22,8 трлн теңгеге дейін 23,3%-ға артты. Соның ішінде бизнеске берілген кредиттер 9,6 трлн теңгеге дейін 13,9%-ға көбейді. Экономикаға берілген несиелер 2022 жылға арналған кеңейтілген анықтамада 21,7%-ға өсіп, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 28,9 трлн теңгені құрады.

Валюталық саясатты жетілдіру арқасында Ұлттық Банк ішкі валюта нарығында теңгерімділікті қамтамасыз етті. Бұл бағамның екіжақты құбылмалылығына және ашық нарықтық қағидаттардың кеңейуінің нәтижесі.

Ұлттық Банк Төрағасы жергілікті нарыққа бейрезиденттердің қызығушылығын арттыру үшін Үкіметпен арадағы бірлескен жұмыстардың аясында мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) нарығын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндап берді.

Нарықтағы тым жоғары құбылмалылыққа қарамастан, 2022 жылы жалпы халықаралық резервтер 1,2 млрд АҚШ долларына артып, 90,8 млрд АҚШ долларын, соның ішінде, алтын-валюта резервтері – 35,1 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордағы активтер – 55,7 млрд АҚШ долларын құрады.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2014 жылы шоғырландырылғаннан бастап жылдық мәнде 9,33%-ды көрсетті.

Президентке статистиканы жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да есеп берілді. Атап айтқанда, есептіліктің сандық формасы қысқарып, экономиканы кредиттеу операциялары бойынша статистика ауқымы кеңейтілді, экспорт пен «сұр» импорт бойынша түзетулер қосу арқылы төлем балансының статистикасы жолға қойылды.

Сонымен қатар, Ғалымжан Пірматов тәуелсіз Цифрлық қаржылық инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жоспарлар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баяндап берді.

Кездесуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Суреттің дереккөзі: Akorda.kz 

Жоғарыға